Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨМІРБАЯН

Ехоба жолымды бағыттады

Ехоба жолымды бағыттады

МЕН жасөспірім кезімде өзіме қатты ұнайтын жұмысты істеп, карьера жасауды шештім. Ал Ехоба маған басқа жолды таңдауды ұсынды. Ол: “Мен саған түсінік сыйлаймын, жүруің керек жолды көрсетемін”,— деді (Зәб. 32:8). Жол сілтеушім Ехобаға ергенімнің арқасында мен баталарға толы рухани карьера жасадым. Сондай баталардың бірі — мен 52 жыл бойы Африкада қызмет еттім.

ҚАРА ЕЛДЕН АФРИКАНЫҢ ЫСТЫҚ ЖҮРЕГІНЕ АТТАНДЫМ

Мен 1935 жылы Англияның Блэк-Кантри деп аталатын ауданындағы Дарластон деген қалашықта дүниеге келдім. Бұл ауданды көптеген зауыттардың қара түтіні басып тұратындықтан, ол “Блэк-Кантри” (“Қара ел”) деп аталып кеткен. Шамамен 4 жаста болғанымда ата-анам Куәгерлермен Киелі кітапты зерттей бастады. Жасөспірім кезімде бұның шындық екеніне көзім жетіп, 1952 жылы 16 жасымда шомылдыру рәсімінен өттім.

Шамамен сол уақытта неше түрлі құрал-саймандар мен көлік бөлшектерін шығаратын үлкен зауытқа көмекші болып жұмысқа орналастым. Ол жерде маған хатшының міндетін атқаруды үйрете бастады. Бұл жұмысты мен сүйіп атқаратынмын.

Бірде аудандық бақылаушы маған ата-анаммен тұратын Уилленхолл қаласындағы жиналыста Қауымның Киелі кітап зерттеу тобын жүргізуді ұсынды. Сол кезде маған өте маңызды әрі күрделі шешім қабылдау керек болды. Өйткені мен жұмыс күндері басқа қауымға қатысатынмын. Бұл жұмысыма жақын Бромсгроув қаласындағы қауым болатын. Ол жер біздің Уилленхолдағы үйімізден шамамен 32 шақырымдай жерде еді. Ал демалыс күндері Уилленхолдағы өзіміздің қауымға қатысатынмын.

Өзіме қатты ұнайтын жұмыстан кетуге тура келсе де, Ехобаның ұйымын қолдағым келгендіктен, аудандық бақылаушының ұсынысын қабыл алдым. Сол жағдайда қадамымды Ехобаға бағыттауға жол бергеніме ешқашан өкінбеймін. Өйткені осының арқасында керемет өмірге аяқ бастым!

Бромсгроув қауымына қатысып жүргенде өте тартымды, рухани алғыр Энн деген қыз бауырласпен таныстым. 1957 жылы екеуіміз үйленіп, тұрақты ізашар, сосын арнайы ізашар болдық, аралаушы бақылаушылық пен бетелдік қызметті де атқардық. Отау құрғалы бері қуанышымның себепшісі осы Энн боп келеді.

1966 жылы Ғалақаттың 42-сыныбына шақырылғанда, қуанышымызда шек болмады! Мектептен кейін біз Малавиге тағайындалдық. Халқы ашық-жарқын, қонақжай болғандықтан, Малави “Африканың ыстық жүрегі” деп те аталады. Бірақ осы “ыстық жүректің” құшағында ұзақ бола алмайтынымызды кім білген?!

МАЛАВИДЕГІ АЛАЙ-ДҮЛЕЙ ШАҚ

Малавидегі аудандық қызметте қолданған Кайзер-Джип машинамыз

Біз Малавиге 1967 жылы 1 ақпанда келдік. Бір ай бойы жатпай-тұрмай тіл үйренгеннен кейін, аралаушы бақылаушылық қызметті бастап кеттік. Бізде Кайзер-Джип машинасы болатын. Кейбіреулер оны тау-тастан да, өзендерден де өте береді деп ойлайтын. Бірақ шындығында біз саяз судың өзінен әрең өтетінбіз. Кейбір сапарларымызда сабан мен балшықтан жасалған үйшіктерде түнеп жүрдік. Жауын-шашын мезгілінде ішке су кірмес үшін, шатырдың астынан брезент жапқыш жіберетінбіз. Әйтеуір миссионерлік қызметіміз осылай басталды, бірақ өзімізге қатты ұнайтын!

Сәуір айында мен үкіметтің тарапынан бір қиындық болатынын сездім. Өйткені радиодан Малавидің президенті Хастингс Банданың “Ехоба куәгерлері салық төлемейді, үкіметке көп проблема туғызып жатыр” дегенін естіп қалдым. Бірақ бәріміз де бұның өтірік жала екенін, негізінен, мәселе біздің бейтараптығымызда, әсіресе партиялық билеттерді сатып алмағанымызда екенін білетінбіз.

Қыркүйек айында газет беттерінен президенттің бізге қатысты айтқан сөздерін оқыдық. Ол “Ехоба куәгерлері елдің түкпір-түкпірінде қиындықтар туғызып жүр” деп жала жауыпты. Кейін президент саяси конгрестерінің бірінде Ехоба куәгерлеріне тыйым салынатынын жариялады. Бұл шешім 1967 жылдың 20 қазанында өз күшіне енді. Артынша полиция қызметкерлері мен көші-қон полициясы филиалға келіп, Бетелді жапты және миссионерлерді елден қуып жіберді.

Біздің Джек пен Линда Йохансондармен бірге Малавиден депортацияланып жатқан кезіміз, 1967

Үш күн қамауда отырғаннан кейін біз Британияның қарамағында болған Маврикиге департацияландық. Бірақ ол жердің билік өкілдері бізге миссионерлер ретінде елде қалуға рұқсат бермеді. Содан біз Зимбабвеге (бұрынғы Родезия) тағайындалдық. Сол елге келгенде, бізді өте ашулы көші-қон қызметінің офицері күтіп алды. Ол бізге: “Сендерді Малавиден қуып жіберді, Маврикиге де бара алмайсыңдар. Енді ыңғайлы болғандықтан осы жаққа келіп отырсыңдар ма?!”— деп бізді қабылдағысы келмеді. Сонда Энн жылап жіберді. Ешбір ел бізді кіргізгісі келмейтіндей көрінді. Сол кезде бәрін тастап, Англияға кетіп қалғым келді. Әйтеуір соңында көші-қон офицерлері бізге филиалда бір түн түнеп шығуға рұқсат етті. Бірақ ертесіне олардың басқармаларына хабарласуымызды талап етті. Біз шаршап, тозып кетсек те, жағдайды Ехобаның қолына сеніп тапсырдық. Келесі күні түстен кейін Зимбабведе қонақтар ретінде қала алатынымызды білгенде, аң-таң болып қалдық! Ехоба біздің қадамымызды бағыттап жатқаны анық көрінді. Мен сол сәтті ешқашан ұмытпаспын.

ЗИМБАБВЕДЕ ЖҮРІП МАЛАВИГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУІМ

Энн екеуміздің Зимбабве Бетеліндегі суретіміз, 1968

Зимбабве филиалында мен қызмет бөліміне тағайындалдым. Біздің филиал Малави мен Мозамбик елдеріне де жауапты еді. Менің жұмысыма Малавидегі аудандық бақылаушылардан келетін хаттарды аудару да кіретін. Ол уақытта Малавидегі бауырластар аяусыз қудаланып жатқан еді. Бір күні сондай хаттардың бірін аударып жатып, қараңғы түскенше отырып қалыппын. Ер демей, әйел демей бауырластардың қалай қорлық пен зорлық көріп жатқандарын оқығанда, өксіп жылап жібердім *. Бірақ олардың сенімдері, адалдықтары мен табандылықтары мені қайран қалдырды (Қор. 2-х. 6:4, 5).

Біз Малавидегі қатыгез қуғын-сүргіннен Мозамбикке қашқан бауырластарға, сондай-ақ Малавиде қалып қойғандарына да рухани ас-суды жеткізу үшін барымызды салдық. Малавиде чичева тілі кең тараған. Чичева тіліндегі аударма тобы Зимбабведегі бір бауырластың фермасына көшірілді. Ол бауырлас аудармашыларға үй мен офис жасап берді. Сол жерде олар ауадай қажет рухани әдебиеттерімізді әрі қарай да аудара берді.

Жыл сайын Зимбабведе чичева тілінде облыстық конгресс өтетін. Біз сол конгреске Малавидегі аудандық бақылаушыларды да шақыратынбыз. Жүрек жұтқан сол бауырластар конгресте айтылған баяндамалардың жоспарын алып, сондағы рухани ойларды Малавиде басқа бауырластарға жеткізуге тырысатын. Зимбабвеге келген бір жылы осы аудандық бақылаушылар үшін Патшалық қызмет мектебін ұйымдастырып, олардың жігерін қайрауға тырыстық.

Зимбабведе чичева/шона конгресінде чичева тілінде баяндама айтып жатырмын

1975 жылы ақпан айында Мозамбиктегі лагерьлерде тұрып жатқан малавилік бауырластарға барып қайтуды шештім. Мен ер бауырластардың босқындар лагерінде жүрсе де, Ехобаның ұйымымен қатар келе жатқанын көрдім. Олар тіпті соңғы басшылыққа сай, ақсақалдар кеңесін ұйымдастырыпты. Жаңадан тағайындалған ақсақалдар көпшілікке арналған баяндамалар айтып, күнделікті тармақты, Күзет мұнарасын талқылап, тіпті конгрестер ұйымдастырып, көп еңбек етіп жатыр екен. Олар тазалық, тамақ үлестіру, қауіпсіздік сияқты бөлімдерді құрып, лагерьде дәл конгрестегідей жағдай жасап қойыпты. Ехобаның батасының арқасында сол адал бауырластар көп іс бітірді. Оларға қарап қандай жігер алғанымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын!

1970 жылдардың соңында Малави Замбия филиалының қарамағына өтті. Десе де Малавидегі бауырластар әлі де ойымнан кетпейтін. Басқалар сияқты мен де олар үшін үнемі дұға ететінмін. Зимбабвенің филиал комитетінің мүшесі болғандықтан, мен бас басқармадан келген өкілдермен және Малави, Оңтүстік Африка, Замбиядағы жауапты бауырластармен бірнеше рет бас қостым. Әр басқосуда “Малавидегі бауырластар үшін тағы не істей аламыз?” деген сұрақ көтерілетін.

Уақыт өте қуғын-сүргін тынши бастады. Малавиден қашып кеткен бауырластар ақырындап өз елдеріне қайтты. Ал елде қалып, аяусыз қорлық көрген бауырластардың жағдайы бірте-бірте түзелді. Көрші елдерде Ехоба куәгерлерін заңды түрде мойындап, шектеулерді алып тастап жатты. Бұл елдердің қатарына 1991 жылы Мозамбик те қосылды. Сонда біз: “Осы күндер Малавидің де басына туар ма екен?”— деп ойладық.

МАЛАВИГЕ ОРАЛУ

Ақырында Малавидегі саяси жағдай өзгеріп, 1993 жылы Ехоба куәгерлеріне салынған тыйым алынып тасталды. Содан кейін бір миссионер менен: “Енді Малавиге қайтасыңдар ма?”— деп сұрады. Жасым 59-да болғандықтан: “Жоға, мен қартайып қалдым ғой”,— дедім. Бірақ дәл сол күні бізге Басқарушы кеңестен хат келді. Хатта Малавиге қайтуымызды сұрапты.

Бұл шешімді қабылдау бізге оңайға соққан жоқ, өйткені біз Зимбабведе тамырымызды терең жайып, көптеген адал достар тапқан едік. Бірақ Басқарушы кеңес шешім қабылдауды өзімізге қалдырып, қаласақ, Зимбабведе қала алатынымызды айтты. Әрине, сол жерде қалсақ та, бізге ешкім ештеңе айтпас еді. Десе де мен Ыбырайым мен Сараның үлгісі жайлы ойландым. Олар Ехобаға мойынсұнып, қартайған шақтарында да жайлы өмірлерін қиып кеткен (Мұс. 1-ж. 12:1—5).

Біз Ехобаның ұйымы берген басшылыққа мойынсұнып, 1995 жылдың 1 ақпанында Малавиге қайтып келдік. Сол елге алғаш келгеннен 28 жыл өтіпті. Біз Малавиде үш адамнан тұратын филиал комитетін құрдық. Солардың біреуі мен едім. Осылай біз Ехоба куәгерлерінің іс-шараларын қайта жандандыруға кірісіп кеттік.

ӨСІРЕТІН — ЕХОБА

Ехоба батасын беріп, Малавидегі Құдайдың халқы зор қарқынмен өсті! Мысалы, жариялаушылардың саны 1993 жылы 30 000-дай болса, 1998 жылы 42000-нан асып түсті *. Танаптағы өсімді көріп, Басқарушы кеңес су жаңа филиал соғуға рұқсат берді. Содан біз Лилонгведен 12 гектар жер алып, құрылыс ісін бастап кеттік. Құрылыстың басында жүруге мені тағайындады.

2001 жылы мамыр айында Бетелдің бағышталу рәсіміне Басқарушы кеңестің мүшесі Гай Пирс келіп, баяндама айтты. Бұл жиынға жергілікті бауырластардың ішінен 2000-нан астам адам қатысты. Олардың көбісінің шындықта жүргеніне 40 жылдан астам уақыт болған еді. Бұл бауырластар ісімізге тыйым салынған кезеңде адам айтқысыз қиындық көрсе де, адалдық сақтап қалған. Олар кедей тұрса да, рухани бай еді. Бетелді аралап жүрген кездегі қуанышты жүздерін көрсеңіздер ғой! Олар экскурсия кезінде Патшалық әндерімізді африкалық нақышта шырқап, сол жиынды есте қаларлықтай ерекше етті. Менің бұрын-соңды бұлай толқығаным есімде емес. Сынаққа сынбағандарға Ехоба батасын төгетініне сол салтанатты жиын керемет дәлел болды.

Бетелдің құрылысы аяқталған соң, мені жаңадан соғылған Патшалық сарайларының бағыштау баяндамаларын айтуға шақыра бастады. Ресурстары шектеулі елдерде Патшалық сарайларын жылдам соғу бағдарламасы Малавиде де жүріп жатты. Оған дейін кейбір бауырластар жиналыстарын эвкалипт ағашынан тұрғызылған бастырмаларда өткізіп жүрді. Олар бастырманың шатырын қамыспен жауып, ал отыруға балшықтан жасалған ұзын скамейкаларды қолданатын. Ал енді бауырластар өздері соққан пеште кірпіштерді күйдіріп, солардан әдемі Патшалық сарайларын соғып жатты. Бірақ сонда да олар орындықтардың орнына скамейкаларды кіргізді. Өйткені қанша адам келсе де, скамейкаға бәрі сыйып кете беретін!

Құдай халқының рухани өсіп жатқаны да мені қатты қуантты. Әсіресе африкалық жас ер бауырластарға риза болдым. Олар өздерін дайындықпен ұсынып, ерікті қызметтер атқаратын. Сондай-ақ Ехобаның ұйымы беріп жатқан білімді тез меңгеріп, іс-жүзінде қолдануды да үйреніп, тез тәжірибе жинады. Нәтижесінде олар Бетелде де, қауымдарда да үлкен жауапкершіліктер алды. Сондай-ақ қауымдарды нығайту үшін жаңа аудандық бақылаушылар да тағайындала бастады. Олардың көбісі үйленген болатын. Бұл ерлі-зайыптылар мәдениеттерінің, тіпті туыстарының қысымына қарамастан, бала сүю бақытын шегеріп, Ехобаға толық қызмет етіп жүрді.

ШЕШІМДЕРІМЕ КӨҢІЛІМ ТОҚ

Энн екеуміздің Британия Бетеліндегі суретіміз

Африкада 52 жыл қызмет еткеннен кейін, денсаулығым нашарлай бастады. Кейін Басқарушы кеңес филиал комитетінің ұсынысын мақұлдап, бізді Британия филиалына тағайындады. Әрине, сүйіп атқарған қызметімізді қиып кету оңай болмады. Бірақ Британиядағы Бетел отбасы бізге жақсы күтім көрсетіп жатыр.

Өмір жолымды Ехобаға табыстағаным ең дұрыс шешім болды. Өз ақылыма сүйенгенімде, қазір өмірім мүлде басқаша болар еді. “Жолымды тегістеуім” үшін не істеуім керектігін Ехоба әрдайым біліп отырды (Нақ. с. 3:5, 6). Жас кезімде үлкен компаниядағы жұмысымның қыр-сырын меңгеріп алуға құштар едім. Бірақ Ехобаның дүниежүзілік ұйымында рухани карьераға ұмтылып, одан да зор қанағат таптым. Мен үшін Ехобаға қызмет ету әлі күнге дейін нағыз бақыттың көзі болып келеді!

^ Қазір Малавиде 100 000-нан астам жариялаушы бар.