Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨМІРБАЯН

Ехобаға арқа сүйегендіктен өзімді қауіпсіз сезінемін

Ехобаға арқа сүйегендіктен өзімді қауіпсіз сезінемін

БАУЫРЛАСТАР менен қызметте өткен өмірім жайлы сұрағанда, әдетте “мен Ехобаның қолындағы сөмкемін” деп айтамын. Біз қайда барамыз деп шешсек те, сөмкеміз бізбен бірге жүреді ғой. Тура солай мен де өзімді Ехобаның және оның ұйымының қолына тапсырдым. Олар қашан, қайда бар десе, сонда барамын. Тағайындалған қызметімде талай қиындықтарды, тіпті қауіпті жағдайларды бастан кештім. Бірақ бір түйгенім — нағыз қауіпсіздік Ехобаға арқа сүйеуден келеді.

ЕХОБАҒА АРҚА СҮЙЕЙ БАСТАҒАН КЕЗІМ

Мен 1948 жылы Нигерияның оңтүстік-батысындағы кішкентай ауылда туылдым. Сол кездері әкемнің інісі Мустафа көкем мен Уахаби ағам шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба куәгері болды. Тоғыз жасымда әкем дүниеден өтті. Бұл маған өте ауыр тиді. Уахаби маған әкеміздің қайта тірілетінін, онымен қайта көрісе алатынымызды айтты. Бұл сөздерден жұбаныш алып, мен Киелі кітапты зерттегім келіп кетті. Сөйтіп, 1963 жылы шомылдыру рәсімінен өттім. Кейін екі ағам мен інім де өтті.

1965 жылы мен Лагоста қызмет етіп жүрген Уилсон ағамның жанына барып, Игбоби қауымындағы тұрақты ізашарлармен тығыз араласа бастадым. Олардың қуанышы мен құлшынысы маған да жұғысты болып, 1968 жылдың қаңтарында ізашарлардың қатарына қосылдым.

Бетелде қызмет ететін Альберт Олугбеби бауырлас жастардың басын қосып, арнайы кездесу ұйымдастырды. Ол Нигерияның солтүстігіне арнайы ізашарлар керек екенін айтып: “Сендер жассыңдар, уақыттарың мен күштеріңді Ехобаға арнай аласыңдар. Танап сендерді күтіп тұр!”— деп, бізді рухтандырып жіберді. Оның осы сөздері дәл кешегідей есімде. Содан Ишаяның дайындық рухын үлгі етіп, мен де арнайы ізашар болуға өтініш толтырдым (Ишая 6:8).

Сөйтіп, 1968 жылдың мамырында мен солтүстік Нигерияның Кано қаласына арнайы ізашар болып тағайындалдым. Ол кездері Нигерия азаматтық соғысы (1967—1970 жж.) жүріп жатқан еді. Бұл қанды қырғын Нигерияның солтүстігінен бастап шығысына дейін жетті. Сол себепті бір ер бауырлас мені уайымдап ол жаққа жібергісі келмеді. Сонда мен оған: “Мені ойлағаныңызға рақмет. Бірақ Ехоба мені сол жаққа жіберіп жатса, демек, оның өзі қасымда болады, бұған сенімдімін”,— дедім.

СОҒЫС КЕЗІНДЕ ЕХОБАҒА АРҚА СҮЙЕУІМ

Кано қаласының ахуалы жүрек сыздататындай еді. Қызметте жүргенде қиян-кескі ұрыстан қаза болғандардың мәйіттерін көретінбіз. Бұл қалада бірнеше қауым бар болатын, бірақ бауырластардың басым көпшілігі басқа жаққа қашып кетіпті. Қалғандары 15-ке жетер-жетпес жариялаушы ғана екен. Бойын үрей-қорқыныш билеп, жігері құм болған олар бізді көргенде төбелері көкке жетіп, қуанып кетті. Біз бұл жаққа алты арнайы ізашар боп келдік. Бауырластар бізден жігер алып, бірте-бірте еңселері көтеріле бастады. Біз оларға рухани істерін қалпына келтіруге, филиалға қайтадан қызмет жөніндегі есептерін тапсыруға, басылымдарға тапсырыс жіберуге көмектестік.

Алтауымыз да жергілікті хауса тілін үйрене бастадық. Патшалық хабарын ана тілінде естігенде, көп адам бізді тыңдады. Бірақ жергілікті дін өкілдері біздің уағыздауымызға қарсы болғандықтан, әрқашан сақ жүруіміз керек болатын. Бірде бір ер кісі серігім екеумізге пышақ ала жүгірді. Бірақ біз одан жылдамырақ жүгіріп, әйтеуір қашып құтылдық! Осындай қауіп-қатерге қарамастан Ехоба бізге “қауіпсіз өмір сыйлады”, әрі жариялаушылардың саны да өсе бастады (Зәб. 4:8). Қуанышқа орай қазір Канода 11 қауымды құрайтын 500-ден астам жариялаушы бар.

НИГЕРДЕ ҚАРСЫЛЫҚ КӨРУІМІЗ

Ниамейде (Нигер) арнайы ізашар болып жүрген кезім

Мұнда жүргеніме бірнеше ай болған соң, 1968 жылдың тамызында мені басқа екі арнайы ізашармен бірге Нигер Республикасының астанасы Ниамей қаласына тағайындады. Батыс Африкадағы бұл ел — әлемдегі ең ыстық жер екен. Ыстыққа төзумен қатар бізге осындағы ресми тіл – француз тілін үйрену керек болды. Қиындықтарға қарамастан біз бар үмітімізді Ехобаға артып, осындағы санаулы жариялаушылармен иық тіресе қызмет ете бастадық. Аз уақыттың ішінде-ақ біз қаладағы сауаты бар адамның барлығына дерлік зерттеу сабағын өтуге арналған “Мәңгілік өмірге апаратын шындық” кітабын беріп шықтық. Адамдар осы кітапты сұрап, бізді тіпті өздері іздеп келетін!

Бірақ билік өкілдері Ехоба куәгерлерін жақтырмайтынын көп ұзамай-ақ түсіндік. 1969 жылдың шілде айында біз 20 шақты адам болып елдегі ең алғашқы аудандық конгресті өткізгелі жатқанбыз. Екі жариялаушымыз шомылдыру рәсімінен өтпекші еді. Бірақ бірінші күні-ақ полиция келіп, конгресімізді тоқтатып тастады. Олар бізді, яғни арнайы ізашарларды және аудандық бақылаушыны, полиция бөлімшесіне алып кетті. Бізді біраз тергеген соң, олар ертеңіне қайтып келуді бұйырды. Бір жамандық боларын сезіп, біз тез арада үй таптық та, жасырын түрде шомылдыру рәсіміне арналған баяндаманың айтылуын ұйымдастырдық. Сосын екі жариялаушымызды өзенге апарып, шомылдыру рәсімінен өткіздік.

Бірнеше аптадан соң, үкімет өкілдері мені және тағы бес арнайы ізашарды елден депортациялады. Олар бізге 48 сағаттың ішінде қалай да елден кетуді бұйырды. Біз оларға құлақ асып, тікелей Нигерияның филиалына жол тарттық. Ол жерден бізді жаңа жерге тағайындады.

Мен Нигериядағы Орисунбаре деген кішкентай ауылға тағайындалдым. Ондағы шағын топпен жемісті қызмет атқарып жатқаныма алты ай болғанда, жалғыз өзіме Нигерге оралуды ұсынды. Басында бұған таңғалдым, біраз уайымдадым да. Бірақ Нигердегі бауырластармен қайта қауышатыныма қуандым!

Мен Ниамейге қайтып келдім. Ертеңіне бір нигериялық бизнесмен менің Куәгер екенімді білді де, Киелі кітапқа қатысты сұрақтар қойды. Екеуміз зерттеу сабағын өте бастадық. Ол темекісін, қатты ішуін қойып, шомылдыру рәсімінен өтті. Мен Нигердің түрлі өңіріндегі әртүрлі бауырластармен қызметтесіп, ондағы кішігірім болса да өсімді көргеніме қуанамын. Бұл елге алғаш келгенімде 31 Куәгер бар еді, кетіп бара жатқанымда олардың саны 69-ға жетті.

“ГВИНЕЯНЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАНДАЙ ЕКЕНІН БІЗ ТОЛЫҚ БІЛМЕЙМІЗ”

1977 жылдың соңында мен арнайы оқудан өту үшін Нигериядағы филиалға келдім. Үш апталық оқудан кейін филиал комитетінің үйлестірушісі Малком Виго бауырлас маған Сьерра-Леоне филиалынан келген хатты оқытты. Бауырластар Гвинеяда аудандық бақылаушы болып қызмет етуге ағылшынша, французша білетін, денсаулығы жақсы, үйленбеген ізашар ер бауырласты іздестіріп жатыр екен. Малком бауырлас мен осы қызметке тағайындалу үшін оқудан өткенімді айтты. Бұл оңай қызмет емес екенін ескертіп, “келіспес бұрын жақсылап ойланып ал” деді. Мен бірден: “Мені Ехоба жіберіп жатыр ғой, сондықтан барамын”,— дедім.

Содан кейін мен Сьерра-Леонеге ұшып барып, филиалдағы бауырластармен кездестім. Комитеттің бір мүшесі маған былай деді: “Гвинеядағы бауырластарымыздың жағдайы қандай екенін біз толық білмейміз”. Сьерра-Леонедегі филиал көрші жатқан Гвинеядағы уағыз ісіне жауап беретін, бірақ ондағы саяси ахуал ушығып тұрғандықтан, бауырластармен байланысу мүмкін болмапты. Филиал қанша тырысса да, сол жақтағы бауырластарға ешкімді жібере алмаған екен. Сондықтан филиалдағы бауырластар мені Гвинеяның астанасы Конакриге жіберіп, сол елде тұруға рұқсат алуды сұрады.

“Мені Ехоба жіберіп жатыр ғой, сондықтан барамын”

Содан мен Конакриге барып, Нигерияның елшісімен кездестім. Гвинеяда уағыздағым келетінін айтқанда, ол маған: “Бұл жерде қалмағаның дұрыс, сені тұтқындауы не одан да жаман нәрсе болуы мүмкін. Одан да Нигерияға барып, сонда уағыздай берсеңші”,— деді. Мен қалам деген ойымнан еш айнымайтынымды айттым. Сонда ол Гвинеяның ішкі істер министріне хат жазды, ал ол кісі маған көмектесуге келісті. Осылай мен Гвинеяда тұруға рұқсат алдым.

Сосын мен Сьерра-Леонеге қайтып, бауырластарға осы жақсы жаңалығымды жеткіздім. Олар мұны естігенде: “Бұл — Ехобаның батасы ғой!”— деп, қуаныштан айғайлап жіберді.

Сьерра-Леонеде аудандық қызметте

1978—1989 жылдар аралығында мен Гвинеяда және Сьерра-Леонеде аудандық бақылаушы болып, ал Либерияда аудандық бақылаушының орынбасары болып қызмет еттім. Бастапқы кездері мен жиі ауырып қала беретінмін. Әсіресе шалғай жерлерде ауырып қалсаң қиын еді. Бірақ осындай кездері де бауырластар мені ауруханаға жеткізудің бар амалын жасайтын.

Бірде мен безгекпен қатты ауырдым, бұл жетпегендей, ішектерімде құрттар пайда болды. Халімнің өте нашар екенін көріп, бауырластар тіпті мені жерлейтін жер іздестіре бастаған екен! Мұны мен кейін аяққа тұрғанда білдім. Бірақ өміріме қандай қауіп төнбесін, қызметімді тастап кетуді еш ойлаған емеспін. Өйткені өмірімді Ехобадан артық ешкім сақтай алмайтынына нық сенімді болдым. Ол мені өлсем де, қайта тұрғызып алады.

ҚОСАҒЫММЕН БІРГЕ ЕХОБАҒА АРҚА СҮЙЕДІК

Тойымыз болған күн, 1988 жыл

1988 жылы мен ізашар болып жүрген Доркас есімді қыз бауырласпен таныстым. Ол Ехобаны жанындай жақсы көретін әрі кішіпейіл жан еді. Біз үйленіп, аудандық қызметті бірге жалғастырдық. Әйелім маған қолдау көрсетіп, осы қызметімізде құрбандықтарға баруға дайын болды. Біз бір қауымнан екіншісіне жету үшін жүгімізді арқалап, 25 шақырымға дейін жаяу жүретінбіз. Ал жолымыз бұдан да алыс болса, әйтеуір бір табылған көлікке мініп кете беретінбіз. Ал жолдар жиі балшық, ойық-ойық болатын.

Менің әйелім өте батыл. Кейде екеуімізге қолтырауындар қаптаған сулардан өтуге тура келетін. Бір күні бес күндік жолға шыққанбыз. Өзеннен өтетін ағаш көпір сынып қалғандықтан, қайыққа отырдық. Доркас қайықтан шыға бергенде терең суға құлап түсіп, бата бастады. Мен де, ол да жүзе алмайтын, ал өзенде қолтырауындар бар еді. Қуанышымызға орай, бірнеше жас жігіт суға түсіп, оны құтқарып қалды. Біраз уақыт бойы осы оқиға түсімізге кіріп, шошып жүрдік, бірақ сонда да қызметімізді доғармадық.

Балаларымыз Джагифт пен Эрик Ехобаның берген сыйлары

1992 жылдың басында Доркастың аяғы ауыр екені мәлім болды. Бұны білгенде аң-таң болдық. Толық уақытты қызметімізбен енді не болар екен деп ойладық. Бірақ біз бұл сәбиді Ехобаның сыйы деп қабылдадық. Сондықтан қызымызға “Ехобаның сыйы” дегенді білдіретін Джагифт деген есім бердік. Төрт жылдан кейін Джагифттің артынан інісі Эрик туылды. Екеуі де біз үшін тамаша рухани сый. Қызымыз біраз уақыт Конакридегі қашықтағы аударма кеңсесінде қызмет етті, ал ұлымыз — қызмет көмекшісі.

Доркасқа арнайы ізашарлықты тоқтатуға тура келді. Бірақ балаларымызға қарай жүріп, ол тұрақты ізашар болып қызмет етті. Ал мен Ехобаның қолдап-қуаттауымен арнайы ізашарлық қызметімді жалғастыра бердім. Ұлымыз бен қызымыз есейген соң, Доркас қайтадан арнайы ізашар болды. Қазір екеуміз Конакри қаласында миссионерміз.

НАҒЫЗ ҚАУІПСІЗДІКТІҢ КӨЗІ

Ехоба мені қайда жетелеп апарса да, еш қарсылық білдірмедім. Әйелім екеуміз Ехобаның бізді қорғап, жарылқағанын талай рет көрдік. Ақша мен дүние-мүлікке емес, Ехобаға сенім артқанның арқасында біз талай қасірет пен уайымнан аман қалдық. Доркас екеуміз нағыз қауіпсіздікті “құтқарушы Құдайымыз” Ехоба ғана бере алатынын өз өмірімізден түсіндік (Шеж. 1-ж. 16:35). Менің еш күмәнім жоқ, Ехоба өзіне сенім артатын адамның жанын “асыл затын орап қалтада сақтағандай” аман сақтайды (Сам. 1-ж. 25:29).