Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Қателіктерге дұрыс қарау

Қателіктерге дұрыс қарау

Зейнетке шыққан Дон мен Маргарет * деген кісілерге қыздары бүкіл отбасымен қонаққа келді. Кешкі асқа шебер аспазшы Маргарет екі немересінің сүйікті тағамы — макарон мен сыр дайындады.

Бәрі дастарқанға жайғасқан соң, Маргарет ортаға тамақ әкелді. Ол ыдыстың қақпағын ашып қалғанда, сырдан жасалған тұздық жасап, ал ең негізгі құрамы — макарон салуды ұмытып кеткенін түсінді!

Бұл өмірде үлкен-кіші демей бәріміз қателік жасаймыз. Бірде ойланбай сөйлеп ағат кетсек, бірде жақсылық жасаймыз деп, керісінше бірдеңені бүлдіріп жатамыз. Кейде бір нәрсені ұмытып не аңғармай қаламыз. Біз неге қателесеміз? Қателіктерге қалай қарауымыз керек? Ағаттықтың алдын алуға бола ма? Қателіктерге дұрыс көзқарас қалыптастырғанымыз осы сұрақтардың жауабын табуға көмектеседі.

ҚАТЕЛІКТЕРГЕ БІЗДІҢ ЖӘНЕ ҚҰДАЙДЫҢ КӨЗҚАРАСЫ

Қолымыздан келген іс үшін біреу мақтаса, қай-қайсымыз да мәз болып, өзімізді соған лайық сезінеміз. Ағат кеткен кезімізде де, мейлі байқаусызда жасаған немесе басқалар білмейтін қателігіміз болсын, дәл солай мойындауымыз керек емес пе?! Әрине, бұл үшін кішіпейілділік қажет.

Ал өзімізді жоғары қойсақ, қателігімізді болмашыдай етіп көрсетуге, басқа біреуге жаба салуға, тіпті мойындамай қоюға да баруымыз мүмкін. Бұлар — адамды түбінде құрдымға жетелейтін әрекеттер. Мысалы, туындаған қиын мәселе сол күйі шешілмеуі немесе өзге бір жазықсыз адам босқа жапа шегуі мүмкін. Қателік жасап қойып, оның салдарын айналып өткен күнде де, мынаны есте ұстайық: күндердің күнінде “әрқайсысымыз өз іс-әрекетіміз үшін Құдай алдында есеп береміз” (Римдіктерге 14:12).

Ал Құдай жасаған қателігімізге тура қарайды. Зәбүр жырында Жаратушының “мейірімді де жанашыр” екені, “қателікті жіпке тізбейтіні, мәңгі ашулана да бермейтіні” айтылған. Ол біздің күнәкар пенде екенімізді, туа біткен әлсіздіктерімізді жақсы біледі. “Топырақ екеніміз оның есінде” (Зәбүр 103:8, 9, 14).

Мейірімді Жаратушы Әкеміз балаларының да, яғни біздің, қателіктерге өзі сияқты қарағанымызды қалайды (Зәбүр 130:3). Оның Сөзі — Киелі кітапта өзіміз мүлт кеткенде немесе өзгелер мүлт кеткенде не істеу керектігіне қатысты көптеген жақсы ақыл-кеңес жазылған.

ҚАТЕЛІКТІ ТҮЗЕУ

Әдетте қателік жасаған адам жаласын басқаға жабу үшін немесе айтқан сөзін, істеген әрекетін ақтау үшін біраз уақыт пен эмоциялық күш жұмсайды. Біреудің көңіліне тиіп кеткен болсаңыз, оданша жай ғана кешірім сұрап жағдайды түзеткен, осылай достығыңызды сақтап қалған жеңіл емес пе?! Ағаттық жасап, өзіңіз үшін не басқалар үшін жайсыздық тудырған, тіпті ауыр зардап әкелген кезіңіз болған ба? Бұл үшін өз-өзіңізді тоқпақтап немесе басқаларды кінәлап жүргенше, неге істі оңалтуға бар күшіңізді салып көрмеске? Кінәны басқа жақтан іздей беру де адамдарды босқа қажытып не жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін. Сондықтан қателіктен сабақ алып, оны түзеп, ілгері жылжи беруден артық ештеңе жоқ.

Өзіміз емес, басқа адам қателік жасағанда, бірден наразылық білдіруге асығамыз. Алайда бұлай еткеннен гөрі Иса Мәсіхтің мына кеңесіне құлақ асқан тиімдірек: “Барлық істе басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер” (Матай 7:12). Сіз қателік жасап қойсаңыз, тіпті ол болмашы нәрсе болса да, басқалардың бұған аса мән бермегенін, сізге түсіністікпен қарағанын қалар едіңіз, солай ғой?! Онда неге басқаларға да осылай мейіріммен қарамасқа?! (Ефестіктерге 4:32).

ҚАТЕЛІКТЕН ҚОРҒАЙТЫН ҚАҒИДАЛАР

Қателік — теріс ойлаудан, жалған мәліметтен, зейінсіздіктен болатын нұқсанды іс. Бір күні болмаса, бір күні әрқайсысымыз ондай ағаттық жіберуіміз мүмкін. Алайда Киелі жазбаларда бізді шалыс қадам жасаудан қорғайтын қағидалар бар. Қазір солардың кейбіріне тоқталайық.

Біріншісі, Нақыл сөздер 18:13: “Мән-жайды тыңдамай жатып жауап қайтару — ақымақтық әрі масқаралық”. Расында да, адамды толығымен тыңдап, бірер сәт ойланып барып жауап берсек, орынсыз сөйлеп, асығыстық жасамаймыз. Зейінмен тыңдап, тура мәлімет алғанымыз теріс ойлаудан және одан туатын қателіктен сақтайды.

Келесі қағида: “Қолдарыңнан келгенше, барлық адамдармен тату болыңдар” (Римдіктерге 12:18). Татулық пен ауызбіршілік сақтау үшін бар күшіңізді салыңыз. Жұмыста әріптестеріңізді елеп-ескеріп, оларға ізетпен қараңыз. Мақтап, рухтарын көтеретін жылы сөз айтып тұрыңыз. Осындай ортада біреу ақылға салмай сөйлесе не ағат кетсе, әдетте оны тез кешіріп, қателігіне аса мән бермей жатады. Тіпті үлкен қателік жіберсе де, мұнысы жұмсақтықпен шешіліп түзетіледі.

Қате жіберсеңіз, одан сабақ алып, жетіле түсіңіз. Ақталуға тырысып баққанша, мұны жақсы қасиеттерді дамытудың мүмкіндігі деп қабылдаңыз. Бәлкім, сізге шыдамдылық, мейірімділік не ұстамдылықты дамыту керек шығар? Әлде жұмсақтық, татулық, сүйіспеншілік қасиеттерін жетілдіру керек пе? (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Бұларды қажет деп таппасаңыз да, ендігі жолы неден аулақ болу керектігін біліп аласыз. Қателігіңізді мойындағаныңыз жақсы, бірақ оны қайта-қайта ойлап, жаныңызды азаптай бермеңіз. Мұндайда оң көзқарас сақтап, өз-өзіңізге күліп алған пайдалы болар.

ДҰРЫС КӨЗҚАРАСТЫҢ ПАЙДАСЫ

Қателікке деген көзқарасымыз дұрыс болса, өзіміз не өзге біреу қателескенде, дұрыс әрекет ете аламыз. Мысалы, тыныштығымызды қашырудан және басқалармен қарым-қатынасымызға сызат түсіруден аулақ боламыз. “Аузы күйген үрлеп ішер” демекші, қателігімізден сабақ алып, ақылды әрі тартымды бола түсеміз. Сондай-ақ өзімізді жегідей жеп, жек көріп жүрмейміз. Басқаларға да “өз қателіктерімен күресіп жүр-ау” деп түсінушілікпен қарайтын болсақ, оларға жақын бола түсеміз. Ал, ең бастысы, Жаратушының сүйіспеншілігі мен кеңпейілмен кешіретінін үлгі ететін болсақ, одан да көп пайдасын көреміз (Қолостықтарға 3:13).

Жоғарыда аталған Маргареттің қателігі отбасылық кешін еш бұзбады. Бәрі, әсіресе Маргарет, бұған күле қарап, макаронсыз-ақ жақсы кеш өткізді. Жылдар өте Маргареттің екі немересі ата-әжелерімен бірге өткізген керемет сәттерді еске түсіріп, бұл оқиғаны өз балаларына айтып берді.

^ 2-абзац Есімдер өзгертілген.