Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ҚҰДАЙ СӨЗІНЕ ҮҢІЛЕЙІК

Сұлулық

Сұлулық

Тән сұлулығына қатысты көзқарасымыз бізді я бақытты, я бақытсыз етуі мүмкін.

Біз неге сұлулыққа тәнті боламыз?

Сұлулық адамның көңілін қалай баурап алатыны — сыры ашылмаған құпия. Киелі кітапта бұл жағы айтылмағанмен, осы бір әуестіктің түп себебі былай түсіндіріледі: Құдай бізге өзіне тән қасиеттерді дарытып, сұлулыққа тамсанатындай етіп жаратты (Мұсаның 1-жазбасы 1:27; Уағыздаушы 3:11). Сондай-ақ Құдай ерекше күрделі етіп жаратқан адам денесіне келісті пішін берді әрі оны тамаша түрде әрекет ете алатындай етті. Осыны түсініп, көңілі толқыған ежелдегі бір ақын: “Мен өзіңді мадақтаймын, себебі таңғаларлықтай керемет жаратылғанмын”,— деп Жаратушысына жыр арнаған (Зәбүр 139:14).

Алайда бір өкініштісі, бүгінде тән сұлулығына қатысты кең тараған көзқарастар жиі ақылға қонымсыз болып жатады. Бұл орайда сән әлемі мен бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалы зор. Бір еңбекте айтылғандай, батыс елдерінде жасалған бірқатар зерттеулердің нәтижесінде адамның сырт көрінісі оның өзі жайлы пікірін қалыптастыратын ең басты жайт екені анықталды (“Боди имэдж” кітабы). Алайда мұндай сыңаржақ көзқарас бұдан әлдеқайда маңызды нәрсе — адамның жан дүниесіне немкетті қарауға себеп болады (Самуилдің 1-жазбасы 16:7).

Көп елдерде адамның сырт көрінісі мен сексуалдығына шектен тыс мән беріледі

Сырт келбеттің сұлулығына қоса, адамның, әсіресе әйелдердің, сексуалдығына барған сайын тым көп мән берілуде. Американың психологиялық ассоциациясының 2007 жылғы мәлімдемесінде “сараптамадан өткен бұқаралық ақпарат құралдарының барлығы дерлік әйел затының құмарлық оятатын тартымдылығына айрықша назар аударатыны” айтылды. Киелі кітаптың осындай үрдіске елігіп кетпеуді нықтап ескертетіні бекер емес (Қолостықтарға 3:5, 6).

“Сендердің көріктерің шаш өру, алтын бұйымдар не қымбат киімдер сияқты сыртқы әшекейлер емес, қайта, жан-дүниелеріңдегі сәні кетпес әшекейлер, яғни Құдайдың көз алдында аса бағалы саналатын биязы да жұмсақ мінездерің болсын!” (Петірдің 1-хаты 3:3, 4).

Байыпты көзқарас ұстанудың маңызы

Кейбіреулер “жақсы нәрсе көрмекке” дегенді желеу етіп, тән сұлулығын барынша көрсетуге тырысады. Американың психологиялық ассоциациясының мәлімдеуінше, осындай үрдіс бар кейбір елдерде бойжеткендер, тіпті кішкентай қыздар да, өздерін басқалар сұқтана қарайтын объект ретінде сезінеді әрі оларда өздеріне сырт келбеттеріне қарап баға беріледі деген көзқарас қалыптасады. Бірақ мұндай көзқарас адам айтқысыз зиян әкеледі. Ассоциацияның мәлімдеуінше, қоғамның өзекті мәселесіне айналған мұндай жағдай қыздың бойында “көптеген жағымсыз сезімдер тудырып”, денсаулығын мұқалтуы әбден мүмкін. Бұл проблеманың әкелер зардаптарына уайымға берілу, тіпті өз-өзін жек көру,.. ас қорыту бұзылыстары, өз қадірін сезінбеу, депрессия және көңіл күйдің болмауы” сияқты қиындықтар жатады.

“Мазалайтын нәрселерді жүрегіңнен аластат, зиянды нәрселерді тәніңе жолатпа. Себебі жастық кез бен албырт шақ — бос әурешілік” (Уағыздаушы 11:10).

Есті болудың маңызы

Киелі кітаптан есті болу қарапайым адамға тән екені көрінеді (Тімөтеге 1-хат 2:9). Есіл дерті тән сұлулығында болатын түсінігі таяз, тәкаппар адамды қарапайым дей алмайсың. Қарапайым адам өзі жайлы байсалды әрі ақылға қонымды пікірде болады. Сондай-ақ ондай адам басқалардың сезімдерін ескереді, сондықтан да жұрттың ықыласы мен құрметіне бөленеді. Ал ең бастысы — ол Құдайды риза қылады (Миха 6:8). Бұған қоса, қарапайым адам шынайы достарды таба алады және өзімен жақындасуды ғана емес, баянды да бақытты одақ құруды ойлаған адамға тартымды болады.

Өзіміз көріп отырғанымыздай, Киелі кітап адамның жан дүниесіне көбірек назар аударуға бекерге шақырмайды (Петірдің 1-хаты 3:3, 4). Ішкі сұлулықтың көркі ешқашан кетпейді, тіпті уақыт өткен сайын көркейе түседі! Нақыл сөздер 16:31-де: “Ақ шаш — әсем тәж, әділ жолмен жүрген соған қол жеткізер”,— деп айтылған. Ендеше, жас не қарт болсын, Киелі кітаптағы аса бағалы кеңестерге құлақ асқан барлық адам ешқашан сыны кетпейтін сұлулыққа ие болумен қатар, құрмет пен қанағат сезіміне ие болудың сырын білетін болады.

“Әсемдік алдамшы, өткінші сұлулық та, ал Ехобадан қорқатын әйел лайық мақтауға” (Нақыл сөздер 31:30).