Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ҚҰДАЙ СӨЗІНЕ ҮҢІЛЕЙІК

Соғыс

Соғыс

Ежелгі заманда Исраил халқы соғыстарға Ехоба Құдайдың атымен аттанған. Осыған қарап, бүгінде болып жатқан соғыстарды Құдай қолдайды деп айта аламыз ба?

Ежелде Құдай халқы не үшін соғысқан?

АДАМДАРДЫҢ ОЙ-ПІКІРІ.

 

Исраил халқы қан көксеген соғыс құдайына табынған.

КИЕЛІ КІТАПТА НЕ ДЕЛІНГЕН?

 

Исраилге тізе бүккен халықтар малмен және жақын туыстарымен жыныстық қатынасқа түсу, балаларды құрбандыққа шалу сияқты азғын, қатыгез істермен айналысқан. Бірақ Құдай бұл халықтар бұрыс жолдарынан қайтар деп ғасырлар бойы күтті. Сосын ол исраилдіктерге: “Мен алдарыңнан қуып жатқан халықтар өздерін осындай істермен арамдады”,— деген (Мұсаның 3-жазбасы 18:21—25; Еремия 7:31).

“Ехоба Құдайың сол халықтарды зұлымдығы үшін... қуып жатыр” (Мұсаның 5-жазбасы 9:5).

Бүгінде Құдай соғыста біреулерге жақтаса ма?

ӨЗІҢІЗ БАЙҚАҒАН ШЫҒАРСЫЗ.

 

Көптеген соғыстарда екі жақтың да діни жетекшілері Құдай біздің жағымызда деп айтып жатады. Соғыс туралы бір еңбекке сай, тарих бойында орын алған соғыстардың бәріне қандай да бір шамада дін әсер еткен (“The Causes of War”).

КИЕЛІ КІТАПТА НЕ ДЕЛІНГЕН?

 

Мәсіхшілерге жауларына қарсы шайқасуға болмайды. Өйткені елші Пауыл: “Қолдарыңнан келгенше, барлық адамдармен тату болыңдар... Өздерің үшін кек алмаңдар”,— деген (Римдіктерге 12:18, 19).

Иса пайғамбар өзінің ізбасарларын соғыстарға аттандырмаған. Керісінше, оларға: “Жауларыңды ұдайы жақсы көріңдер және өздеріңді қудалағандар үшін дұға ете беріңдер. Осылайша көктегі Әкелеріңнің балалары боласыңдар”,— деген (Матай 5:44, 45). Тіпті тұрып жатқан елдері басқа елге қарсы соғысқа аттанып жатса да, шынайы мәсіхшілер өздерінің “осы дүниелік емес” екендерін көрсетіп, бейтараптық сақтайды (Жохан 15:19). Ехоба Құдай өз қызметшілеріне жауларын жақсы көруді және бойларын осы дүниеден аулақ ұстауды бұйырған болса, қалайша ол жауыздыққа толы соғыстарда біреуге жақтаса алады?!

“Менің Патшалығым осы дүниелік емес. Егер осы дүниелік болса, қызметшілерім яһудилердің қолына түспеуім үшін күресер еді. Бірақ менің Патшалығым осы дүниелік емес” (Жохан 18:36).

Соғыс болмайтын кез келе ме?

АДАМДАРДЫҢ ОЙ-ПІКІРІ.

 

Соғыстар тоқтамайды, олар бола береді. XXI ғасырдағы соғыстар туралы тағы бір кітапта былай делінген: “Соғыстың болашағы жарқын-ақ. Алдағы жүз жылдықта бейбітшілік бізді мазалай қоймас” (“War and Power in the 21st Century”).

КИЕЛІ КІТАПТА НЕ ДЕЛІНГЕН?

 

Соғыс атаулы ешбір адам шайқасуды қаламаған жағдайда тоқтайды. Болашақта Құдайдың көктегі үкіметі, яғни Құдай Патшалығы, бүкіл жер бетіндегі қару-жарақты жояды және адамдарды татулыққа үйретеді. Киелі жазбаларда мынадай сөздер бар: “[Құдай] алыс-жақындағы қуатты ұлттардың игілігі үшін бар істі түзетеді. Олар семсерлерінен соқа, найзаларынан орақ соғады. Халық халыққа қарсы енді қайтып семсер көтермейді, олар соғысуды да үйренбейді” (Миха 4:3).

Киелі кітапта жазылғандай, Құдай Патшалығы билік еткенде, өз мүдделерін алға тартатын бірде-бір мемлекет, азаматтарын көтеріліске шығуға мәжбүрлейтін әділетсіз саясат және ұлтаралық өшпенділік оятатын алалаушылық болмайды. Мұның нәтижесінде соғыс та мәңгілікке ғайып болады. Жаратушымыз: “Еш қиянат жасалмайды, ештеңе қиратылмайды. Өйткені теңіздің суға толы болатынындай, жер беті Ехоба туралы білімге толады”,— деп уәде етеді (Ишая 11:9).

“Ол күллі жержүзіндегі соғыстарды тоқтатады, садақты сындырып, найзаны да быт-шыт қылады, соғыс арбаларын отқа жағып құртады” (Зәбүр 46:9).