Жастардың сауалдары
Ауыр дертпен қалай өмір сүруге болады?
“Жастардың сән-салтанаты — күш-қайраты”,— делінген Киелі кітапта (Нақыл сөздер 20:29). Бірақ бұны оқыған қыз-жігіт науқас я мүгедек болса, өзім туралы бұлай дей алмаймын деп ойлайтын шығар. Әйтсе де бұлай деуге олардың да шамалары жетеді! Өйткені мүмкіндігі шектеулі әрі созылмалы дерттері бар көптеген жастар өз қиындықтарын жеңе алған. “Ояныңдар!” журналының тілшісі осындай жастардың төртеуімен сұхбаттасты.
Хироки (Жапония) сал болып туылған. Ол былай дейді: “Мойнымның бұлшықеттері басымды тік ұстап тұра алмайды, қолдарым да өзіме еш бағынбайды. Мен өзге адамдардың көмегіне толықтай тәуелдімін”.
Натали мен бауыры Джеймс (Оңтүстік Африка) сирек кездесетін қортықтықпен туылған. Бұған қоса, Натали сколиозбен ауырады, яғни омыртқасы қисық. “Омыртқама төрт рет ота жасалған,— дейді ол.— Омыртқам қисық болғандықтан, өкпем де өте әлсіз”.
Тимотиге (Ұлыбритания) 17 жасында созылмалы шаршау синдромы деген нақтама қойылды. “Мен бір кездері тепсе темір үзетін жігіт едім. Бірақ небәрі екі айдың ішінде денсаулығым күрт нашарлап, тіпті жүре алмай қалдым”.
Даниэльге (Австралия) 19 жасында диабет деген нақтама қойылған. Ол былай дейді: “Диабет сырт көзге көрінбейтіндіктен, мұның қаншалықты жаман ауру екенін кейбір адамдар ұға бермейді. Бірақ бұл дерттің кесірінен өліп кетуім де мүмкін”.
Егер сен де қандай да бір аурумен ауыратын болсаң не мүмкіндігің шектеулі болса, Хироки, Натали, Тимоти мен Даниэльдің сөздері сен үшін жігердің қайнары болатыны сөзсіз. Ал денсаулығың жақсы болса, олардың сөздері аурудан не мүгедектіктен қиналып жүрген адамдарды түсінуге көмектеседі.
“Ояныңдар!” тілшісі: Сен әсіресе неден қиналасың?
Натали: Мені көргенде өзгелердің не ойлайтыны мені қатты мазалайды. Жұрттың бәрі маған тесіле қарайтын сияқты.
Даниэль: Диабетпен ауыратын адамдар үнемі не жейтінін, қанша жейтінін қадағалауы және қандай да бір тағамдардан бас тартуы қажет. Бұл біздің басты қиындығымыз. Егер диетам бұзылса, гипогликемияға шалдығуым мүмкін, ал мұның кесірінен комаға түсіп қалуым да ғажап емес.
Хироки: Мен мүгедектерге арналған арбада тәулігіне 15 сағат бойы бір қалыпта отырамын. Оның үстіне, ұйқым да нашар. Тысыр еткен дыбысқа да оянамын.
Тимоти: Ауру екенімді мойындаудың өзі мен үшін қиынның қиыны болды. Осындай күйге түскеніме қатты қысылатынмын.
“Ояныңдар!” тілшісі: Бұдан басқа тағы қандай қиындықтар бар?
Даниэль: Диабеттің кесірінен қатты шаршап қаламын. Өз құрдастарыма қарағанда, маған көбірек ұйықтау қажет. Оның үстіне, диабет — жазылмайтын созылмалы ауру.
Натали: Бойым аласа болғандықтан, қиындықтың көбісі осыдан туындайды. Дүкен аралау сияқты кәдімгі істер мен үшін әжептеуір күрделі іс. Егер жалғыз өзім дүкенге барсам, сөредегі затқа қол жеткізу үшін біраз тер төгемін.
Тимоти: Менде еш жерім ауырмайтын кез болмайды, әйтеуір үнемі бір жерім ауырады да тұрады. Соның кесірінен жанкүйзелісіне де түсемін. Ауырмай тұрып, мен өте белсенді едім. Істейтін жұмысым бар еді, жүргізуші куәлігі де болды. Футбол, сквош сияқты ойындар ойнайтынмын. Ал қазір болса мүгедектер арбасына байланып қалдым.
Хироки: Менің тілім мүкіс. Бұл ұнжырғамды түсіреді, сондықтан мен адамдармен әңгіме бастаудан тартынамын. Кейде қолым өзіме бағынбай, біреуге тиіп кетеді. Ондай кезде тілім мүкіс болғандықтан, тіпті “Кешіріңіз!” деп айта алмаймын.
“Ояныңдар!” тілшісі: Өзіңнің жағдайыңа төзуге саған не көмектеседі?
Даниэль: Мен өмірімдегі жақсы нәрселер туралы көбірек ойлауға тырысамын. Менің керемет отбасым, қауымда мені жақсы көретін достарым бар, ал ең бастысы, Ехоба Құдай мені қолдап-қуаттайды. Сондай-ақ мен диабет ауруына қатысты соңғы мәліметтерден хабардар болуға тырысамын. Өз денсаулығыма жауапкершілікпен қарап, өзімді күту үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын.
Натали: Мен дұға етсем, күш аламын. Қиыншылықтарды біртіндеп шешуге тырысамын. Сондай-ақ бос отырмай, бір нәрсемен айналысқанның арқасында жағымсыз ойларға алаңдай бермеймін. Менің тамаша ата-анам бар. Олар мені әрқашан тыңдауға дайын.
Тимоти: Мен күніне кішкене уақыт болса да бір рухани іспен айналысуға тырысамын. Мәселен, әр күнді күнделікті тармақты оқумен бастаймын. Әсіресе мұңайған кезде маған Киелі кітапты жеке зерттеу мен дұға еткенім көмектеседі.
Хироки: Мен өзім өзгерте алмайтын жайттар туралы уайымдамауға күш саламын. Өйткені олай етудің түк пайдасы жоқ. Оның орнына мен бар мүмкіндікті пайдаланып, өзімді рухани нығайтамын және Киелі кітапты зерттемеу үшін нашар халімді сылтауратпаймын. Ал ұйықтай алмаған кездерді дұға етудің мүмкіндігі деп қарастырамын (Римдіктерге 12:12 қара).
“Ояныңдар!” тілшісі: Өзгелер сені қалай жігерлендіреді?
Хироки: Ақсақалдар қолымнан келетін кішігірім істер үшін мені әрдайым мақтап отырады. Ал қауымдағы бауырластар мені өздерінің зерттеу сабақтарына не қызығушылық білдірген адамдарға бірге қайта баруға шақырып тұрады (Римдіктерге 12:10 қара).
Даниэль: Қауымдағы бауырластардың шын жүректен мақтағандары жаныма әсіресе жылы тиеді. Сонда өзгелердің мені жақсы көретініне көзім жетіп, әрі қарай да берілмеуге талпынамын.
Тимоти: Бір қарт әйел бауырлас әрдайым кездесулерде менімен сөйлесуге тырысады. Ақсақалдар мен олардың әйелдері де мені жігерлендіріп тұрады және жақсы кеңестер айтады. Мысалы, 84 жастағы бір ақсақал қолжетімді мақсаттар қоюыма көмектесті. Ал бір қызмет көмекшісі мені уағызға шақырды. Ол менің мүгедектер арбам жүре алатын тегіс жерлерге апарды (Зәбүр 55:22 оқы).
Натали: Патшалық сарайына барғанымда, рухани бауырластарым мені қашан да жылы жүзбен, күлімсіреп қарсы алады. Қарт бауырластар, өздерінің жағдайлары мәз болмаса да, әрдайым жігерлендірерлік ойлармен бөлісуге дайын (Қорынттықтарға 2-хат 4:16, 17 қара).
“Ояныңдар!” тілшісі: Саған оң көзқарас сақтауға не көмектеседі?
Хироки: Ехоба куәгерлерінің бірі болғандықтан, мен жарқын болашағы бар адамдардан тұратын ұйымның мүшесімін. Осы маған оң көзқарас сақтауға қатты көмектеседі (Шежірелер 2-жазба 15:7 қара).
Даниэль: Мен Құдайдың ниетін түсіну үлкен мәртебе екендігі жайлы ойланамын. Кейбір денсаулығы мықты адамдардың өзі менікіндей мәнді де мағыналы өмір кешіп жатқан жоқ (Нақыл сөздер 15:15 қара).
Натали: Меніңше, ашық, жайдары адамдармен көбірек араласқан пайдалы. Сондай-ақ Ехобаға қиыншылықтарға қарамастан қызмет етіп жүрген адамдардың өмірбаяндарын оқудан жігер аламын. Ал Патшалық сарайына барған сайын, күш аламын және Ехоба куәгері болудың керемет мәртебе екені есіме түседі (Еврейлерге 10:24, 25 қара).
Тимоти: Қорынттықтарға 1-хат 10:13-те Ехоба шамамыздан тыс сыналуымызға жол бермейтіні айтылған. Жаратқаным бұл сынақтан өте алатыныма сенімді болса, қалайша бұнымен келіспеймін?
ОЙЛАНЫП КӨР
-
Хироки де, Тимоти де мүгедектер арбасына таңылған. Егер сенің де жағдайың осындай болса, олардан оң көзқарас танытуға қатысты не нәрсеге үйрене ала аласың?
-
Даниэль айтқандай, “диабет сырт көзге көрінбейтіндіктен, мұның қаншалықты жаман ауру екенін кейбір адамдар ұға бермейді”. Сенің де дертің сырт көзге көрінбейді ме? Олай болса, Даниэльдің сөздері саған қалай көмектесе алады?
-
Наталиді өзгелердің оны көргенде не ойлайтыны қатты мазалайды екен. Натали сияқты адам сенің қасыңда өзін еркін сезінуі үшін не істей аласың? Егер мүмкіндігің шектеулі болғандықтан өзіңді Натали іспетті сезінетін болсаң, қалай онікіндей оң көзқарас таныта аласың?
-
Мүмкіндігі шектеулі не созылмалы дерті бар таныстарыңның тізімін жаса.
-
Олардың әрқайсысына қалай қолдау көрсете аласың?