Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Некеңді нығайтатын да, қорғайтын да Ехоба болсын

Некеңді нығайтатын да, қорғайтын да Ехоба болсын

“Қаланы Ехоба күзетпесе, Күзетшілердің сергек жүргені бекер” (ЗӘБ. 127:1ә).

1, 2. а) Неге 24 000 исраилдік керемет баталарынан айырылып қалды? ә) Ежелде болған бұл оқиғаның біз үшін қандай мәні бар?

ИСРАИЛ ХАЛҚЫ Уәде етілген жерді иемденгелі тұрғанда, он мыңдаған ер кісі “Моаб қыздарымен азғындық жасады”. Соның кесірінен 24  000 адам Ехобаның қолынан қаза тапты. Ойлап қарашы, исраилдіктердің көптен күткен мұраларын алуына кішкене ғана қалған еді. Бірақ олар азғырылып, керемет баталарынан айырылып қалды (Мұс. 4-ж. 25:1—5, 9).

2 Бұл өкінішті оқиға “замандардың соңында өмір сүріп жатқан біздерге ескерту ретінде жазылып қалдырылды” (Қор. 1-х. 10:6—11). “Соңғы күндердің” ақыры таяп қалған уақытта өмір сүріп жатқан Құдайдың қызметшілері де жаңа дүниенің табалдырығында тұр (Тім. 2-х. 3:1; Пет. 2-х. 3:13). Сөйтсе де, бір өкініштісі, олардың кейбірі сергек болудан қалған. Олар азғындықтың тұзағына түсіп, соның салдарының ащы дәмін татты. Мұндайлар үшін мәңгілік баталардан айырылып қалу қаупі бар.

3. Неге ерлі-зайыптыларға Ехобаның басшылығы мен қорғанышы қажет? (Мақаланың басындағы суретті қара.)

3 Азғындық жайлаған мына дүниеде некесін қорғауға тырысып жатқан ерлі-зайыптылардың еңбегі бекер болмау үшін оларға Ехобаның басшылығы мен қорғанышы қажет (Зәбүр 127:1 оқы). Ендеше, келесі жайттардың некені нығайтуға қалай көмектесетінін қарастырып көрейік: жүректі қорғау, Құдайға жақындау, жаңа болмысқа ие болу, дұрыс сөйлесу, зайыптық борышты атқару.

ЖҮРЕГІҢДІ ҚОРҒА

4. Кейбір мәсіхшілер азғындық жолына қалай түскен?

4 Қалай мәсіхші азғындық жолына түсіп кетуі мүмкін? Көп жағдайда мұндай нәрсе көзден басталады. Иса: “Кімде-кім бір әйелге құмарта қараса, өз жүрегінде сол әйелмен неке адалдығын бұзғаны”,— деген (Мат. 5:27, 28; Пет. 2-х. 2:14). Азғындық жолына түскен мәсіхшілердің көбісіне өнегелік жағынан құлдырауға порнография қарағаны, эротикалық әдебиеттер оқығаны немесе Интернеттен делебені қоздыратын материалдар көргені себеп болған. Өзге біреулері өнегесіз көріністер ашық көрсетілетін фильмдер, қойылымдар не телебағдарламалар көруден тартынбаған. Сондай-ақ түнгі не стриптиз клубтарға немесе құмарлық қоздыратын массаж жасайтын жерлерге барғандар да болған.

5. Неге біз жүрегімізді қорғауымыз керек?

5 Кейбір мәсіхшілер өзінің жарынан басқа біреуге көңілі ауып, азғындықтың торына түскен. Біз ұстамдылық дегенді білмейтін, азғындықтың неше түрімен айналысатын адамдардың арасында өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан алдамшы әрі ештеңеден тайынбайтын жүрегіміздің жетегінде кетіп, зайыбымыздан басқа біреуге көңіліміз құлай бастауы оп-оңай (Еремия 17:9, 10 оқы). Иса жаман ойлар, кісі өлтіру, неке адалдығын бұзу және азғындықтың “жүректен шығатынын” айтқан (Мат. 15:19).

6, 7. а) Алдамшы жүрек қандай күнәкар жолға апарады? ә) “Өнегелік бекінісіміз” жермен-жексен болмау үшін не істеу керек?

6 Алдамшы жүрекке бұрыс қалау ұяласа, бір-біріне көңілдері ауған екі адамның арасында өз жарымен ғана болу керек әңгіме айтыла бастауы мүмкін. Көп ұзамай олар жиірек көрісудің амалын іздейді, содан еш оғаштығы жоқ болып көрінетін әрі кездейсоқ-мыс кездесулері жиілей береді. Ал сезімдері өршіген сайын, “өнегелік бекіністерінің” іргесі шайқала бастайды. Нәтижесінде, істеп жатқандары дұрыс емес екенін біліп тұрса да, құрдымға апаратын күнәкар жолдан кері бұрылу бара-бара қиындай береді (Нақ. с. 7:21, 22).

7 Бұрыс қалаулар мен әңгімелер қол ұстасу, сүйісу, құшақтасу, аймаласу сияқты сезімді білдіретін әрекеттерге ұласқанда, ал мұндай нәрселер тек зайыбына ғана жасалу керек, адамның рухани бекінісі қирай бастайды. Ақыр аяғында, олар “өз құмарлықтарына елігіп, торға түседі”. Ал дамып жетілген құмарлықтан “күнә туады”, біз қарастырып жатқан жағдайда болса азғындық туады (Жақ. 1:14, 15). Неткен өкінішті жағдай! Некелерін көбірек құрметтеу үшін Ехобаның көмегіне жүгінгенде, олардың “өнегелік бекіністері” дәл осылай жермен-жексен болмас еді. Олай болса, некелік одақты құрметтеуді қалай үйренуге болады?

ҚҰДАЙҒА ЖАҚЫНДАЙ БЕР

8. Ехобамен достық қарым-қатынасымыз некені қалай қорғайды?

8 Зәбүр 97:10 оқы. Өнегелік қорғанымыз берік болу үшін Ехобамен қарым-қатынасымыздың тығыз болғаны маңызды. Оның тамаша қасиеттері жайлы көбірек біле түссек, “сүйікті балалары ретінде [соған] еліктеп... сүйіспеншілік жолымен жүреміз”. Осылайша “азғындық, әрқилы арам істерден” аулақ болуға деген шешіміміз берік болады (Ефес. 5:1—4). “Азғындар мен неке адалдығын бұзушыларды Құдай соттайтынын” түсінетін ерлі-зайыптылар жар төсегін былғамайды. Қайта, некелерін құрметтеу үшін барынша күш салады (Евр. 13:4).

9. а) Қалай Жүсіп азғырылуға берілмеді? ә) Жүсіппен болған оқиғадан не үйренеміз?

9 Ехобаның адал қызметшілерінің кейбірі жұмыстан кейін Куәгер емес әріптестерімен араласқандықтан, “өнегелік бекіністерінің” іргесін шайқалтып алған. Тіпті жұмыс уақытында да торға түсіп қалу қаупі бар. Мысалы, Жүсіп деген келбетті жігіт жұмысын атқарып жүргенде, бастығының әйелі өзін қатты ұнатып қалғанын байқайды. Әлгі әйел күн сайын оны азғыруға тырысады. Ақыр соңында ол Жүсіптің “киімінен ұстай алып: — Менімен жатшы,— деді”. Бірақ Жүсіп одан қаша жөнелді. Оған азғырылмауға не көмектесті? Құдаймен қарым-қатынасын бұзып алмай, кінәратсіздігі мен мінсіздігін сақтап қалуға деген берік шешімі көмектесті. Осындай берік шешімі үшін ол жұмысынан айырылды, тіпті әділетсіз түрмеге тасталды. Бірақ Ехоба оны батасынан айырмады (Мұс. 1-ж. 39:1—12; 41:38—43). Мәсіхшілер жұмыста не басқа жерде болсын, азғырылуы мүмкін жағдайлардан аулақ болулары керек.

ЖАҢА БОЛМЫСҚА ИЕ БОЛ

10. Жаңа болмысқа ие болғанымыз бізді неден қорғайды?

10 Жаңа болмыс “Құдайдың еркіне сай жаратылған әрі шынайы әділдік пен адалдыққа сай”, сондықтан ерлі-зайыптылардың рухани нығаюына қосар үлесі зор (Ефес. 4:24). Жаңа болмысқа ие болғандар дене мүшелерінен туындайтын “азғындық, арам істер, нәпсіқұмарлық, зиянды құмарлық және ашкөздік сияқты бейімділіктерді өлтірген” (Қолостықтарға 3:5, 6 оқы). “Өлтіру” деген сөз өнегесіз құмарлықтармен күрескенде, өліспей беріспеу керектігін көрсетеді. Біз жарымыздан басқа біреуге құмарлық оятатын кез келген нәрседен аулақ боламыз (Әйүп 31:1). Құдайдың еркіне сай өмір сүрсек, “жамандықтан жиренуді, жақсылықтан ажырамауды” үйренеміз (Рим. 12:2, 9).

11. Жаңа болмысқа ие болғанымыз некені қалай нығайтады?

11 Жаңа болмысқа ие болсақ, Ехобаның қасиеттеріне еліктейміз (Қол. 3:10). Ерлі-зайыптылардың “жанашырлық, мейірімділік, кішіпейілділік, жұмсақтық, шыдамдылық сияқты қасиеттерге бөленіп”, “өнегелік бекіністерін” нығайтқаны зор батаға кенелтеді (Қол. 3:12). Ал “жүректерінде Мәсіхтің тыныштығының билік етуіне” жол бергендері бірліктерін бекемдей түседі (Қол. 3:15). Араларындағы нәзік сезімді өшірмеген ерлі-зайыптылар “бір-біріне бірінші болып құрмет көрсетеді” (Рим. 12:10).

12. Неке бақытты болу үшін қандай қасиеттер таныту керек деп ойлайсың?

12 Некелерінің бақытты болуына қандай қасиеттер септігін тигізгенін сұрағанда, Сид деген бауырлас былай деп жауап берді: “Біз әсіресе сүйіспеншілікке баса көңіл аударамыз. Жұмсақ болудың да маңызды екенін байқадық”. Соня күйеуінің сөздерімен келісті, сосын: “Мейірімді болу да өте маңызды. Сондай-ақ, кейде қиынға соқса да, кішіпейіл болуға тырысамыз”,— деп қосты.

ЖАҚСЫ СӨЗ — ЖАРЫМ ЫРЫС

13. Некенің шырқы бұзылмау үшін не істеу керек және неге?

13 Жылы сөйлеу некенің шырқы бұзылмауына зор септігін тигізеді. Бірақ кей отбасыларында ерлі-зайыптылар бір-бірінен гөрі, бейтаныс кісіге не ит-мысығына көбірек құрметпен сөйлейді! Қарым-қатынастарында “өшпенділік, ашу-ыза, айқайласу, қорлық сөздерге” жол беретін жұбайлар некелерінің рухани бекінісін әлсіретеді (Ефес. 4:31). Бір-бірін үнемі сынап-мінеп, сөзбен шымшып некелерінің шырқын бұзудың орнына, олардың “мейірімді де барынша жанашыр болып”, арақатынастарын нығайтқандары дұрыс (Ефес. 4:32).

14. Біз не істеуден аулақ болуымыз керек?

14 Киелі кітапта “үндемейтін уақыт” бар екені айтылған (Уағ. 3:7). Бірақ бұл мүлдем сөйлемей қою керек дегенді білдірмейді. Өйткені бұл некенің берекесін қашырады. Германияда тұратын тұрмыстағы бір әйел: “Мұндай жағдайда, сөйлемей қою жарыңның жанын жаралайды”,— деді. Сосын ойын былай сабақтады: “Ызаланып тұрғанда, өзіңді ұстау оңай бола бермейді, бірақ наразылығыңды ақтара салған да дұрыс емес. Ойланбай айтқан сөзің мен істеген әрекетің жарыңның қитығына тиюі мүмкін, ал бұл мәселені тек ушықтыра түседі”. Ерлі-зайыптылар айғайласуымен не сөйлеспей қоюларымен мәселені шеше алмайды. Қайта, таласты тез доғарып, салғыласуға дейін жеткізбесе, некелері берік болады.

15. Жақсы сөз некені қалай нығайтады?

15 Сезімдері мен ойларын ортаға салып, ашық айтқандары ерлі-зайыптыларды өзара жақындата түседі. Не айтқанымыз қаншалықты маңызды болса, оны қалай айтқанымыз да соншалықты маңызды. Сондықтан, тіпті ушығып тұрған жағдайда, дұрыс сөздер таңдап, жұмсақ сөйлеуге тырыс. Сонда жұбайыңа сені тыңдау оңай болады (Қолостықтарға 4:6 оқы). Ерлі-зайыптылар бір-біріне рухтарын көтеретін тек “жақсы сөздер” айтатын болса, қарым-қатынастары жақсарады (Ефес. 4:29).

Ерлі-зайыптылар жақсы сөздермен қарым-қатынастарын жақсартады (15-абзацты қара)

ЗАЙЫПТЫҚ БОРЫШЫҢДЫ ОРЫНДА

16, 17. Неге қосағымыздың сезімі мен тәндік қажеттіліктерін ескеру маңызды?

16 Ерлі-зайыптылардың бір-бірінің мүддесін өзінікінен жоғары қойғандары некелерін нығайтады (Філіп. 2:3, 4). Күйеуі де, әйелі де зайыбының сезімі мен төсек қатынасына қатысты қажеттіліктерін ескерулері керек (Қорынттықтарға 1-хат 7:3, 4 оқы).

17 Өкінішке қарай, кейбіреулер жұбайына ыстық сезімдері мен құштарлығын көрсетуден тартыншақтайды. Ал кейбір отағалары нәзік болу еркектерге жат деген ойда. Бірақ Киелі кітапта: “Күйеулер, әйелдеріңе түсінікпен қараңдар”,— делінген (Пет. 1-х. 3:7 сілт.). Күйеулер зайыптық борышты орындауға тек тәндік қатынас жатпайтынын түсінулері керек. Әйел үшін төсек қатынасынан басқа кездерде де ерінің жылы да нәзік сезімдерін білдіргені маңызды. Қосағын жақсы көретінін көрсетуден тартыншақтамайтын ерлі-зайыптылар бір-бірінің сезімдері мен тәндік қажеттіліктерін қанағаттандырады.

18. Ерлі-зайыптылар некелік одақтарын қалай нығайта алады?

18 Опасыздықты еш ақтауға болмайды. Бірақ зайыбынан жылулық сезінбеген адам жылулық беретін адамды басқа жақтан іздеуі мүмкін (Нақ. с. 5:18; Уағ. 9:9). Сондықтан Киелі кітап ерлі-зайыптыларды “өзара келісіп алған уақыттан басқа кездерде бір-бірінен [зайыптық борышын орындаудан] бас тартпауға” шақырады. Неге? “Әйтпесе өздеріне ие бола алмай, Шайтанның азғыруына түсіп қалулары мүмкін” (Қор. 1-х. 7:5). Ерлі-зайыптылардың Шайтанға ұстамсыздықтарын қолданып кетуге жол бергендері неткен өкінішті болар еді! Ал егер әрқайсысы өзінің емес, бір-бірінің игілігін ойласа және зайыптық борышын міндет емес, сүйіспеншілік көрсетудің жолы деп қарастырса, төсек қатынасы некелік одақтарын нығайта түседі (Қор. 1-х. 10:24).

НЕКЕҢДІ ҚОРҒАУДАН ТАЛМА

19. Біз не істеуге бекінуіміз керек және неге?

19 Біз жаңа дүниенің табалдырығын аттағалы тұрмыз. Сондықтан тән құмарлығына беріліп қалсақ, Моаб жазықтарында опат болған 24  000 исраилдіктің кебін киюіміз мүмкін. Сол бір келеңсіз оқиға баяндалғаннан кейін, Құдай Сөзінде: “Кім нық тұрмын деп ойласа, құлап қалудан сақ болсын!”— деген ескерту жазылған (Қор. 1-х. 10:12). Ендеше, көктегі Әкемізге және қосағымызға адал болып, некемізді нығайтқанымыз қаншалықты маңызды десеңдерші! (Мат. 19:5, 6) Ехоба бізді “ақыр соңында кіршіксіз, таза әрі тату деп табу үшін [қазір] қолдан келгеннің бәрін істейік” (Пет. 2-х. 3:13, 14).