Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Балаңды Ехобаға қызмет етуге баулы

Балаңды Ехобаға қызмет етуге баулы

“Өзің жіберген Құдай адамы тағы келіп, туылатын баламызды қалай бағып-қағуымыз керектігін айтып берсінші” (БИ. 13:8).

ӘНДЕР: 5, 6

1. Балалы болатыны туралы хабарды естігенде, Манұх не істеді?

МАНҰХ деген кісінің әйеліне Ехобаның періштесі көрініп, оның балалы болатынын айтады. Неткен тосын сый! Манұхтың әйелі бедеу болатын. Мұндай хабарды естігенде, қуанғаннан Манұхтың төбесі көкке жеткені сөзсіз. Сөйтсе де ол мойнына үлкен жауапкершілік артылғанын да түсінеді. Әбден азғындаған халықтың арасында тұрып жатқан олар балаларына Құдайға қызмет етуді қалай үйретпек? Манұх Ехобаға былай деп жалбарынады: “Өзің жіберген Құдай адамы [періште] тағы келіп, туылатын баламызды қалай бағып-қағуымыз керектігін айтып берсінші” (Би. 13:1—8).

2. Бала тәрбиесіне не кіреді? (“ Ең маңызды зерттеу сабағы” деген қоршауды да қара.)

2 Егер балаң бар болса, Манұхтың неге жалбарына дұға айтқанын түсінетін шығарсың. Өйткені сенің мойныңа да балаңа Ехобаны танып-білуге және оны жақсы көруге көмектесу жауапкершілігі жүктелген (Нақ. с. 1:8). Сол себепті де мәсіхші ата-аналар балаларының рухани өсуіне ықпал ететін отбасылық ғибадат кешін өткізіп тұрады. Әрине, Киелі кітаптағы шындықты баланың санасына құю үшін бұл жеткіліксіз (Мұсаның 5-жазбасы 6:6—9 оқы). Ендеше, балаңның көңіліне шындықты ұялатуға не көмектеседі? Осы және келесі мақалада ата-аналардың Исаның үлгісіне қалай еліктеулеріне болатыны талқыланады. Исаның балалары болмаған, сөйтсе де оның тәлім беру тәсілінен ата-аналардың алар сабағы көп. Өйткені ол шәкірттеріне сүйіспеншілікпен тәлім берген, сондай-ақ кішіпейілділік пен көрегендік танытқан. Ал енді осы үш қасиетті жеке-жеке қарастырып көрейік.

БАЛАҢДЫ ЖАҚСЫ КӨРЕТІНІҢДІ КӨРСЕТ

3. Иса шәкірттеріне оларды жақсы көретінін қалай көрсеткен?

3 Иса шәкірттеріне оларды жақсы көретінін ашық айтып отырған (Жохан 15:9 оқы). Сонымен қатар олармен көп уақыт өткізген (Мар. 6:31, 32; Жох. 2:2; 21:12, 13). Иса олардың ұстазы ғана емес, досы да болған. Сондықтан олар Исаның өздерін жақсы көретініне еш күмәнданбаған. Осы орайда Исаға қалай еліктеуіңе болады?

4. Балаңды жақсы көретініңді қалай көрсете аласың? (Мақаланың басындағы суретті қара.)

4 Балаңа оны жақсы көретініңді айтып отыр, әрі өміріңде оның алар орны ерекше екенін көрсет (Нақ. с. 4:3; Тит. 2:4). Австралияда тұратын Сэмюэл былай дейді: “Бала күнімде әкем маған күнде жатар алдында “Киелі кітап әңгімелері” кітабын оқып беретін. Қойған сұрақтарыма жауап беретін, құшағына алып, бетімнен сүйетін. Кейінірек әкемнің құшақтап-сүю дегеннің не екенін білмейтін отбасында өскенін білгенімде, аң-таң болдым. Соған қарамастан маған әкелік махаббатын көрсету үшін, ол өте көп күш салды. Сондықтан мен оған қатты бауыр басып өстім, әкем мен үшін асқар таудай болды”. Сен де балаңның өзін осылай сезінгенін қаласаң, оған “мен сені жақсы көремін” деп айтып отыр. Сезімдеріңді көрсетуден тартынбай, оны құшағыңа алып, сүй. Балаңмен сөйлес, бірге тамақтан, бірге ойна.

5, 6. а) Иса шәкірттерін жақсы көргендіктен не істеген? ә) Баланы қалай жөнге салған дұрыс?

5 Иса былай деген: “Кімді жақсы көрсем, соны әшкерелеп, жөнге саламын” * (Аян 3:19). Шәкірттері араларында ең ұлысы кім екені жөнінде қайта-қайта дауласқанда, Иса бұған көз жұмған жоқ. Кеңеске құлақ аспаған кездерінде, Иса оларды сабырмен түзетіп отырған. Ол мұны сүйіспеншілікпен және жұмсақ түрде істеген, әрі бұл үшін оңтайлы уақыт пен жерді таңдай білген (Мар. 9:33—37).

6 Сен де балаңды жөнге салу арқылы оны жақсы көретініңді көрсетесің. Кей жағдайларда қандай да бір әрекеттің дұрыс не бұрыс екенін түсіндірудің өзі жеткілікті. Бірақ ол сонда да тіл алмаса ше? (Нақ. с. 22:15). Мұндайда Исаға еліктеп, шыдаммен әрі жұмсақтықпен жөн сілтеуді, тәлім-тәрбие беріп, түзетуді доғарма. Баланы жөнге салғанда, оңтайлы уақыт пен жерді таңдай біл. Оңтүстік Африкада тұратын Элейн бауырлас былай дейді: “Ата-анам тәлім-тәрбие бергенде, айтқандарын үнемі істейтін. Мысалы, тіл алмағаным үшін мені жазалаймыз десе, сөздерінде тұратын. Бірақ ешқашан ашу үстінде не себебін түсіндірмей жазаламайтын. Мен өзіме қойылған шектеулер мен талаптарды жақсы түсінетінмін”. Элейн мұның бәрін ата-анасының өзіне деген сүйіспеншілігі деп білді.

КІШІПЕЙІЛ БОЛ

7, 8. а) Исаның дұғасынан оның кішіпейіл екені қалай көрінді? ә) Балаларың дұғаларыңнан Құдайға арқа сүйеуді қалай үйренеді?

7 Иса соңғы дұғаларының бірінде былай деген: “Абба, Әке, сенің қолыңнан бәрі келеді, бұл тостағаннан маған ішкізе көрме. Бірақ менің емес, сенің қалауың болсын” * (Мар. 14:36). Осы дұғаны естіген не бұл туралы кейіннен білген шәкірттердің не сезінгенін елестетіп көрші. Олар Исаның кемелді болса да, Әкесінен көмек сұрағанын көріп, өздерінің де кішіпейілділікпен Ехобаға арқа сүйеулері керектігін түсінсе керек.

8 Ал сенің дұғаларыңнан балаларың не нәрсеге үйренеді? Әрине, сен оларды үйрету үшін ғана дұға етпейсің. Дегенмен кішіпейілділікпен дұға еткеніңді көргенде, балаларың Ехобаға арқа сүйеуді үйренеді. Бразилияда тұратын Эна былай дейді: “Отбасымыздың басына қиындық түскенде, мысалы атам мен әжем науқастанып қалғанда, ата-анам Ехобаға дұға етіп, қиындыққа мойымау үшін күш, дұрыс шешім қабылдау үшін даналық сұрайтын. Тіпті қатты қиналғанда, олар бар ауыртпалықтарын Ехобаның қолына тапсыратын. Осының арқасында мен Ехобаға арқа сүйеуді үйрендім”. Балаларыңмен бірге дұға еткенде, Ехобадан тек оларға емес, өзіңе де көмектесуін сұра. Мысалы, дұға еткенде, бастығыңнан конгреске сұрануға немесе көршіңе уағыздауға батылдық беруін, я болмаса басқа жағдайларда көмектесуін сұрасаң болады. Кішіпейілділікпен Құдайға жүгін, сонда балаларың да солай етуді үйренеді.

9. а) Иса шәкірттерін кішіпейіл әрі жанқияр болуға қалай үйретті? ә) Өзің кішіпейіл әрі жанқияр болсаң, балаларыңа бұл қалай әсер етеді?

9 Иса шәкірттеріне кішіпейіл әрі жанқияр болулары керектігін айтты. Ол мұны айтып қана қоймай, ісімен де көрсетті (Лұқа 22:27 оқы). Елшілері оның Ехобаға қызмет ету үшін және басқаларға көмектесу үшін қандай құрбандықтарға барғанын көрді, әрі одан үлгі-өнеге алды. Кішірейіп, жанқияр болуыңмен сен де балаларыңа үлгі бола аласың. Екі баланың анасы Дебби былай дейді: “Ақсақал болғандықтан күйеуім өзгелерге көп уақыт арнайтын, бірақ бұған мен еш ренжімейтінмін. Өйткені ол отбасымызға көңіл бөлу керек кездің бәрінде жанымыздан табылатын” (Тім. 1-х. 3:4, 5). Ал күйеуі Пранас былай деп қосты: “Кейінірек балаларымыз конгрестер мен басқа да теократиялық істерге атсалысуға ықыласты болды. Олар мәз-мейрам болып жүретін. Өздеріне достар тауып, бауырластармен бірге болуды қалайтын”. Бүгінде бүкіл отбасы Ехобаға толық уақыт қызмет етуде. Егер өзің кішіпейіл әрі жанқияр болсаң, балаларың да өзгелерге қызмет көрсетуге асық болады.

КӨРЕГЕНДІК ТАНЫТ

10. Қалың жұрт Исаны іздеп келгенде, ол қалай көрегендік танытты?

10 Иса көрегендік танытып, қандай да бір әрекеттің артында не тұрғанын байқай білген. Мысалы, бірде Ғалилеядан Исаны қалың жұрт іздеп келеді (Жох. 6:22—24). Бірақ адамның жүрегінде не барын көретін Иса жұртты оның тәлімі емес, тамақ көбірек қызықтыратынын білді (Жох. 2:25). Жұрттың пиғылы дұрыс емес екенін көре білген Иса оларды шыдаммен түзетіп, қандай өзгеріс жасаулары керектігін түсіндірді (Жохан 6:25—27 оқы).

Балаңа уағызға шығу ұнай ма? (11-абзацты қара)

11. а) Көрегендік танытып, балаңның қызметке деген көзқарасын қалай анықтай аласың? Мысал келтір. ә) Балаңа уағыздауды жақсы көруге қалай көмектесе аласың?

11 Рас, сен балаңның жүрегінде не бар екенін көре алмайсың, дегенмен көрегендік таныта аласың. Мысалы, оның қызметке деген көзқарасын анықтауға тырыс. Көп ата-ана қызмет кезінде балалары демалып, жүрек жалғап алу үшін үзіліс жасап тұрады. Бірақ: “Балама қызмет ұнай ма, әлде тек үзілістер ме?”— деп ойланып көр. Балаңның қызметті онша ұнатпайтынын байқасаң, оны қызықты етудің жолын ізде. Оған оңай нәрсені істеуді тапсыр, сонда өзін қызметте пайдалы сезінеді.

12. а) Иса шәкірттеріне өнегелілікке қатысты қандай ескерту айтты? ә) Неге Исаның ескертуі уақтылы болды?

12 Иса тағы қалай көрегендік танытты? Ол бір қатенің екіншісіне ұласып, тіпті ауыр күнәға апаруы мүмкін екенін білген, әрі шәкірттеріне бұл туралы ескерткен. Мысалы, олар азғындық жасау дұрыс емес екенін білетін. Сөйтсе де Иса оларға азғындық жасауға не әкеп соғуы мүмкін екенін айтып, былай деді: “Кімде-кім бір әйелге құмарта қараса, өз жүрегінде сол әйелмен неке адалдығын бұзғаны. Егер оң көзің күнәға азғырса, оны ойып алып, лақтырып таста” (Мат. 5:27—29). Бұл Рим империясының қол астында тұратын мәсіхшілер үшін өте уақтылы айтылған сөздер еді. Бір тарихшының айтуынша, жұрт сахналық қойылымдарда “азғындықты көздерімен көріп, құлақтарымен еститін. Барып тұрған азғын көріністер болғанда, ду қол шапалақ соғатын”. Иә, Исаның өнегелік тазалыққа қатысты айтқан ескертуі оның сүйіспеншілігі мен көрегендігін паш етеді.

13, 14. Балаларыңа азғын нәрселерден аулақ болуға қалай көмектесе аласың?

13 Көрегендік танытқаның балаңды рухани жағынан қорғауға көмектеседі. Бүгінде порнография мен басқа да азғындыққа толы мәліметке кез келген жерде кезігесің: оларға тіпті кішкентай балалар да тап болады. Мұндай жағдай бұрын-соңды болған емес. Әрине, мәсіхші ата-аналар балаларына азғын ойын-сауық түрлерінің жаман екенін түсіндіреді. Бірақ көрегендік танытсаң, балаңды порнография көруге еліктіруі мүмкін нәрселерді аңғара білесің. Осы орайда келесі сұрақтар жайлы ойланып көр: “Баламды порнография көруге не еліктіруі мүмкін? Ол мұның қаншалықты қауіпті екенін біле ме? Порнография көруге азғырылса, менен көмек сұрауға тартына ма?” Балаң әлі кішкентай болса да, оған былай десең болады: “Егер интернеттен ұятсыз көріністерге көзің түсіп, оны көргің келіп кетсе, маған айта ғой. Еш ұялма, жарай ма?!”

14 Сонымен қатар көрегендік танытсаң, өзің де көңіл көтеру түрлерін ақылмен таңдайсың. Жоғарыда аталып кеткен Пранас былай дейді: “Ата-ананың қандай музыка тыңдайтыны, қандай фильм көретіні не кітап оқитыны бүкіл отбасының көзқарасын қалыптастырады. Балаларға ауыз көпіртіп көп нәрсе айтуға болады, бірақ олар әдетте ата-анасы не істесе, соны қайталайды”. Көңіл көтеру түрлерін мұқият таңдай білсең, балаларың да солай ететін болады (Рим. 2:21—24).

ҚҰДАЙ ДҰҒАҢА ҚҰЛАҚ АСАДЫ

15, 16. а) Балаларыңды тәрбиелеуге Құдайдың жәрдемдесетініне неге сенімді бола аласың? ә) Келесі мақалада не қарастырылады?

15 Манұх баласын қалай тәрбиелеу керектігін сұрағанда, “Құдай оның үніне құлақ асты” (Би. 13:9). Ата-аналар, Ехоба сендердің де үндеріңе құлақ асады! Ол дұғаларыңа жауап беріп, балаларыңды тәрбиелеуге жәрдемдеседі. Осы орайда сендерге сүйіспеншілік, кішіпейілділік пен көрегендік қасиеттерін танытуға көмектеседі.

16 Ехоба сендерге балаларыңды бүлдіршін кезінде тәрбиелеуге қалай көмектессе, олар жасөспірім болғанда да солай көмектеседі. Келесі мақалада жасөспірімдерді Ехобаға қызмет етуге баулығанда, Исаның сүйіспеншілігіне, кішіпейілділігі мен көрегендігіне қалай еліктеуге болатыны қарастырылады.

^ 5-абзац Киелі кітаптағы жөнге салу деген сөз жөн сілтеу, тәлім-тәрбие беру, түзету, ал кейде тіпті жазалау деген ойды қамтиды. Бірақ баланы ешқашан ашу үстінде жазалауға болмайды.

^ 7-абзац Киелі кітап сөздерін түсіндіретін бір энциклопедияда былай делінген: “Исаның заманында “абба” сөзі ауызекі тілде қолданылатын, әрі баланың әкесіне деген жылы сезімі мен құрметінің белгісі болатын” (“The International Standard Bible Encyclopedia”).