Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Сіз білгенсіз бе?

Сіз білгенсіз бе?

Ежелгі дүниедегі қолдиірменнің қолданысы

Қолдиірменді астықты ұнтақтап, ұн жасау үшін қолданған. Ежелде диірмен тарту әрбір әйелдің не үй қызметшісінің күнделікті шаруасы болған. Ол заманда қолдиірменнің дыбысы күнделікті тұрмыс-тіршіліктің ажырамас бөлігі болған (Мұсаның 2-жазбасы 11:5; Еремия 25:10).

Ежелгі Мысырдан қалған жазбалар мен мүсіндерде бұл іс жақсы суреттеледі. Ортасы ойыстау келген, көлденеңінен жатқан тасқа астықты салатын болған. Кейде оны пішініне қарап ер-тоқым диірмені деп те атайтын. Диірменші жылжымайтындай етіп бекітілген қолдиірменнің алдына тізерлеп отырып, кішілеу келген тасты екі қолымен ұстап, әлгі көлденең жатқан тастың үстінен ары-бері сырғытатын. Осылайша екі тастың ортасындағы астық ұнтақталатын. Бір дерек көзіне сай, бұл кішілеу келген үстіңгі тастың салмағы 2—4 килограмға дейін баратын. Оны қару ретінде қолданса, адамды мерт қылу мүмкін еді (Билер 9:50—54).

Отбасылардың күнкөрісі үшін қолдиірмен ауадай қажет болған. Сол үшін де Мұса Заңы бойынша, қарыз берушіге қарыз алушының диірменін кепілдік ретінде алып кетуіне болмайтын. Киелі кітапта: “Ешкім біреуге берген қарызы үшін кепілдікке оның қолдиірменін не қолдиірменнің үстіңгі тасын алмасын. Өйткені бұл — оның күнкөріс заты”,— делінген (Мұсаның 5-жазбасы 24:6).

Біреудің “төсінде” болу деген нені білдірген?

Киелі кітапта Иса Мәсіх “Әкесінің [Құдайдың] төсіндегі жалғыз Ұлы” деп сипатталған (Жохан 1:18, сілтеме). Бұл тіркес Исаның Құдаймен жақын қарым-қатынаста екенін және оның ерекше ықыласына ие екенін білдіреді. Бұл сөздер яһудилердің дастарқан басында жиналғанда қалыптасқан әдет-ғұрпына нұсқайды.

Иса өмір сүрген заманда яһуди халқы тамақтанған кезде үстелдің айналасындағы көрпе төселген сәкілерге жантаятын. Қонақтар бастарын үстелге қарай, ал аяқтарын төмен қарай беріп, сол қолдарымен алдарындағы жастықты шынтақтайтын болған. Осылай жантайғанның арқасында оң қолдарымен еркін тамақтана алған. Дастарқан басындағылардың бәрі де бірінің артынан бірі сол жағымен жантайып жататын болған. Бір деректе былай делінген: “Осылайша бір кісінің басы артында жатқан кісінің кеудесіне жақын тұратын. Сондықтан да ол кісі туралы артында жантайған кісінің “төсінде жатыр” деп айтылып кеткен”.

Отағасының не қонақасын беріп жатқан кісінің төсінде болу ерекше құрметке, мәртебеге бөленуді білдірген. Содан болар, Иса соңғы Құтқарылу мейрамын тойлағанда, оның төсінде “жақсы көретін шәкірті” Жохан болған. Сондықтан ол “Исаның төсіне басын тақап” бір нәрсені жеке сұрай алған (Жохан 13:23—25; 21:20).