Еврейлерге 1:1—14

  • Құдай өз хабарын Ұлы арқылы жеткізеді (1—4)

  • “Құдайдың барлық періштелері оған тағзым етсін” (5—14)

1  Өткен уақыттарда Құдай талай рет, түрлі жолдармен ата-бабаларымызға пайғамбарлар арқылы хабарын жеткізіп отырған+.  Ал осы күндердің соңында бізге хабарын өз Ұлы арқылы жеткізіп отыр+. Құдай оны бәрінің мұрагері етіп тағайындады+, әрі сол арқылы көк пен жердегінің бәрін* жаратты+.  Ол — Құдайдың ұлылығының шағылысқан бейнесі+, әрі оның болмысының дәлме-дәл көрінісі+, сондай-ақ құдіретті сөзбен барлығын ұстап тұр. Бізді күнәларымыздан тазартқан соң+, ол көкте Құдайдың оң жағына жайғасты+.  Періштелердікінен анағұрлым жоғары есімді мұра еткендіктен+, олардан әлдеқайда ұлы болды+.  Мысалы, Құдай қай періштеге: “Сен менің ұлымсың. Бүгін мен саған әке болдым”+,— деген, немесе: “Мен оның әкесі, ал ол менің ұлым болады”+,— деген еді?  Ал өзінің Тұңғышын+ қайтадан жер бетіне жібергенде, ол: “Құдайдың барлық періштелері оған тағзым етсін”,— дейді.  Сондай-ақ періштелер жайында ол: “Өзінің періштелерін рух, қызметшілерін+ жалындаған от қылады”+,— деген.  Ал Ұлы туралы былай деген: “Құдай — мәңгі бақи сенің тағың+, Патшалығыңның асатаяғы — әділдіктің асатаяғы.  Сен әділдікті сүйіп, заңсыздықты жек көрдің. Сондықтан да Құдай, сенің Құдайың, басқа патшаларға қарағанда сені қуаныш майымен көбірек майлады+”. 10  Тағы да былай деген: “Ием, о баста сен жердің негізін қаладың, аспанды да өз қолыңмен жараттың. 11  Аспан мен жер құрып кетеді, бірақ сен қаласың. Олар киім сияқты тозады, 12  сен оларды шапан іспетті орайсың, киім сияқты ауыстырасың. Ал өзің еш өзгермейсің, ғұмырың да еш таусылмайды+”. 13  Қай періштеге қатысты ол: “Жауларыңды аяғыңның астына салып бергенімше, оң жағымда отыр”+,— деп еді? 14  Періштелердің бәрі құтқарылуға ие болатындарға қызмет етуге жіберілген әрі қасиетті қызмет атқаратын рухтар+ емес пе?

Сілтемелер

Немесе “қоғамдық құрылымдарды”. Түсіндірмедегі “Заман” сөзін қараңыз.