Езекиел 38:1—23

  • Гог Исраилге шабуылдайды (1—16)

  • Ехоба Гогқа қаһарын төгеді (17—23)

    • “Ұлттар менің Ехоба екенімді білетін болады” (23)

38  Ехоба тағы да маған сөзін арнап былай деді:  “Адам ұлы, жүзіңді Магог жеріндегі Гогқа+ — Мешех пен Тұбалдың+ бас билеушісіне — бұр да, соған қарсы пайғамбарлық етіп+,  хабарымды жеткіз. Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Ей, Гог, Мешех пен Тұбалдың бас билеушісі, біліп қой, мен саған қарсы шығамын!  Мен сені кері айналдырып, жақ сүйегіңе қармақ саламын да+, күллі жасағыңмен+, аттарыңмен, сәнді киінген салт аттыларыңмен, үлкенді-кішілі қалқан ұстаған әрі семсермен соғыса білетін бар әскеріңмен қоса тартып әкеліп, шайқасқа аттандырамын.  Персия, Эфиопия мен Путтың+ бастарына дулыға киіп, қолдарына шағын қалқан ұстаған күллі жасағы да солармен бірге аттанады.  Гомер мен оның бар жасағы, солтүстіктің қиыр түкпірінен келген Тоғарма+ ұрпақтарының күллі сарбаздары — осы қалың қол сенімен бірге шайқасқа шығады+.  Өзің де, қасыңа жиналған бар жасағың да дайын болыңдар! Оларды ұрысқа сен бастап апарасың!  Бірталай уақыт өткен соң мен сені шақырамын. Ақырында, көп жылдардан кейін сен Исраил еліне шабуыл жасайсың. Оның халқы семсермен қырғынға ұшырағаннан кейін қалпына келген әрі түрлі халықтардың арасынан шығып, ұзақ уақыт бойы қаңырап бос жатқан Исраил тауларына жиналған еді. Бұл елдің халқы өзге халықтардың арасынан жинап әкелініп, қауіпсіз өмір сүріп жатқан болатын+.  Сен оларға қарсы күллі әскеріңмен, қалың нөпір халқыңмен дауылдай гуілдеп келіп, жерлерін бұлттай қаптайсың. 10  Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Сол күні көңіліңе бір ой ұялап, зұлым жоспар құрасың да: 11  “Қорғансыз жатқан елді мекендерге шабуыл жасаймын+. Еш алаңдамай, қауіпсіздікте өмір кешіп жатқан халыққа тап беремін. Олардың бәрі қабырғамен қоршалмаған, ысырмалы қақпалары да жоқ мекендерде тұрып жатыр екен”,— дейсің. 12  Сенің көксегенің — кезінде қаңырап жатқан, ал қазір тұрғындары бар жерлерге+ шабуыл жасап, тонау, олжаға қарық болу. Бұл жерлердің тұрғындары халықтар арасынан жинап әкелінген еді+. Олар енді мол дәулет пен дүние-мүлікке ие болып+, жердің қақ ортасында өмір сүріп жатыр. 13  Шеба+, Дедан+ және Тарсистің+ саудагерлері мен барлық сарбаздары* саған: “Сен тонап, олжаға қарық болу үшін шабуылға аттанбақсың ба? Әскеріңді алтын-күміс олжалату үшін, байлық пен дүние-мүлікке ие болып, мол олжаға бату үшін жинадың ба?”— дейтін болады. 14  Сондықтан, адам ұлы, пайғамбарлық етіп, Гогқа хабарымды жеткіз! Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Сол күні халқым Исраилдің қауіпсіздікте өмір сүріп жатқаны сенің назарыңнан тыс қалмасы сөзсіз+. 15  Сен шетінен атқа мінген күллі халқыңмен — бүкіл әскеріңмен, жер қайыстырған қолмен+ — өз жеріңнен, солтүстіктің қиыр түкпірінен аттанасың+. 16  Халқым Исраилге қарсы жерді жауып қалатын бұлт сияқты келесің. Соңғы күндерде мен сені өз жеріме қарсы шығарамын+. Сонда сен арқылы, ей, Гог, ұлттардың көзінше киелілігімді паш етемін де, олар менің кім екенімді білетін болады+. 17  Әлемнің Әміршісі Ехоба былай дейді: ежелгі заманда мен қызметшілерім — Исраил пайғамбарлары арқылы халқыма кімнің қарсы шығатынын айтқанмын, сол сен емессің бе?! Бұл жайлы қызметшілерім көп жылдар бойы пайғамбарлық етті. 18  Әлемнің Әміршісі Ехоба былай дейді: —Сол күні, Гог Исраил еліне шабуылдаған күні, менің қаһарым оттай лаулайды+. 19  Мен құлшына, қаһарымның оты жалындап сөйлеймін. Сонда Исраил елінде жер қатты сілкінеді. 20  Мен теңіздегі балықтарды, әуедегі құстарды, даладағы жабайы аңдар мен жерде қыбырлап жүрген күллі бауырымен жорғалаушыларды және жер бетіндегі адам атаулыны қалтыратып-дірілдетемін. Тауларды құлатып+, жартастарды қиратамын, қабырға атаулыны да жермен-жексен етемін. 21  Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады: —Мен күллі тауларымда Гогтың басына семсер үйіремін, сарбаздардың семсерлерін бір-біріне қарсы қоямын+. 22  Үкімімді жүзеге асырып, оны індет+ пен қанды қырғынға ұшыратамын. Өзіне де, жасағы мен қалың халқына да құйынды нөсер, бұршақ+, от+ пен күкірт+ жаудырамын+. 23  Осылайша көптеген ұлттардың көзінше даңқымды асырамын, киелілігімді паш етемін әрі өзімнің кім екенімді танытамын. Сонда олар менің Ехоба екенімді білетін болады”.

Сілтемелер

Немесе “абдан арыстандары”.