Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Әңгімелесу балаларыңызбен байланыс орнататын көпір секілді

АТА-АНАЛАР ҮШІН

5. Әңгімелесу

5. Әңгімелесу

НЕНІ БІЛДІРЕДІ?

Ашық әңгімелесу — ата-ана мен балалардың бір-бірімен ой-сезімдерімен бөлісуі.

НЕГЕ МАҢЫЗДЫ?

Әсіресе жасөспірім шақта балаларды әңгімеге тарту қиынға соғып жатады. Кішкентай кезінде олар сізге бәрін бүкпей айтқан шығар. Ал енді есейіп, сізбен сирек әңгімелесетін болар. Сондықтан олардың жан дүниесінде не болып жатқанынан сіз бейхабарсыз. Араларыңызды бейне бір үлкен өзен бөліп тұрғандай көрінетін шығар. Бұлай көрінгенмен, дәл осы шақта олар сөйлесуге аса зәру.

НЕ ІСТЕЙ АЛАСЫЗ?

Балаларыңызға икемделіңіз. Олармен сөйлесу үшін түннің бір уағына дейін отыруға дайын болыңыз.

“Мұндайда “күні бойы жаныңда жүрмін ғой, сөйлесетін уақытты тапқан екенсің” дегің-ақ келеді. Бірақ жан дүниесін ақтарғысы келген баланың бетін қалай ғана қайтарасың? Әр ата-ананың тілегі баламен сөйлесу емес пе?!” (Лиза).

“Негізі, мен ерте жатамын. Алайда бір байқағаным — жасөспірім балаларым түн ортасына қарай ашылады екен. Біз бірнеше рет сол уақытта шүйіркелесе сөйлестік” (Алберт).

КИЕЛІ КІТАП КЕҢЕСІ: “Әркім өзінің емес, өзгенің игілігін ойласын” (Қорынттықтарға 1-хат 10:24).

Алаңдамаңыз. “Балаларым маған сөйлеп жатқанда, ойым сан-саққа жүгіретінін аңғардым. Олар тыңдамай жатқанымды бірден сезіп қояды”,— дейді бір әке.

Сіздің жағдайыңызда да осылай болса, теледидарды өшіріп, электронды құрылғыларыңызды шетке ысырып қойыңыз. Балаңыздың не айтып жатқанын, тіпті болмашы нәрсе болып көрінсе де, бар ықыласыңызбен тыңдап, сіз үшін бәрібір емес екенін көрсетіңіз.

“Балалардың не сезінетінін білу біз үшін маңызды екенін айтып отыруымыз керек. Әйтпесе олар бәрін іште сақтайды, я болмаса көмекті басқа жақтан іздей бастайды” (Мария).

“Балаңыздың айтып жатқаны қате болса да, сабыр сақтаңыз” (Энтони).

КИЕЛІ КІТАП КЕҢЕСІ: “Қалай тыңдайтындарыңа назар аударыңдар!” (Лұқа 8:18)

Бейресми жағдайда әңгімелесіңіз. Ата-анамен бетпе-бет отырса, балалардың ашылып сөйлеуі қиын болуы мүмкін.

“Біз әдетте көлікте кетіп бара жатқанда сөйлесеміз. Қарама-қарсы емес, қатарласып отырғанда, әңгімеміз жақсы болады” (София).

Дастарқан басында да еркін әңгімелесудің орайы туады.

“Кешкі ас кезінде әрқайсысымыз сол күні болған жақсы не жайсыз жайттармен бөлісеміз. Отбасымыздағы осы үрдіс басымызды біріктіріп, қиындықта қол ұшын беретін жандардың бар екенін ұмытпауға көмектеседі” (Робин).

КИЕЛІ КІТАП КЕҢЕСІ: “Әркім тыңдауға жүйрік, сөйлеуге... баяу болсын” (Жақып 1:19).