Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Кеменің бағытын ұстап тұратын желкен сияқты, жөнге салу да баланы дұрыс бағытқа жетелейді

АТА-АНАЛАР ҮШІН

6. Жөнге салу

6. Жөнге салу

НЕНІ БІЛДІРЕДІ?

Жөнге салу балаға бағыт-бағдар беріп, тәрбиелеуді, сондай-ақ керек кезде оның бұрыс қылығын түзетуді білдіреді. Бірақ жиі бұған баланың бойына өнегелік құндылықтарды қалыптастыру жатады, соның арқасында бала өмірінде дұрыс әрекет етуді үйренеді.

НЕГЕ МАҢЫЗДЫ?

Соңғы ондаған жылды алып қарасақ, кей отбасыларында баланы жөнге салу мүлдем ұмыт қалған деуге болады. Ата-аналар баланы түзетсе, ол өз-өзін төмен санап кетеді деп қорқатын сықылды. Алайда парасатты ата-ана балаларына ақылға қонымды ережелер орнатып, соларды ұстануға үйретеді.

“Балалар дұрыс толысып-жетілу үшін белгілі бір шектеулер қажет-ақ. Жөнге салынбаған бала желкенсіз кеме сияқты. Мұндай кеме біртіндеп бағытынан ауытқып, тіпті апатқа ұшырайды” (Памела).

НЕ ІСТЕЙ АЛАСЫЗ?

Сөзіңізден айнымаңыз. Балаңыз орнатқан ережеңізге бағынбаса, салдарын көретінін білсін. Ал ұстанып жүрсе, әрдайым мақтап отырыңыз.

“Тіл алуды білмейтін заманда тілімді алғаны үшін балаларымды үнемі мақтап отырамын. Мақтаудың арқасында олар тиісті түзетуді оңай қабылдайды” (Кристина).

КИЕЛІ КІТАП КЕҢЕСІ: “Адам не ексе, соны орады” (Ғалаттықтарға 6:7).

Парасатты болыңыз. Баланы жөнге салғанда, оның жасын, шама-шарқын, жасаған қателігі қаншалықты ауыр екенін есепке алыңыз. Жазасы бүлдірген ісімен байланысты болса, көбірек пайдасы тиеді. Мысалы, ұялы телефонды теріс пайдаланса, оны біраз уақытқа бермей қоюға болады. Бірақ қитығыңызға тиген майда-шүйде қылығына бола тым қатты күйіп-піспеңіз.

“Балам айтқанымды әдейі тыңдамады ма, әлде бұл солай болып қалды ма — соны түсінуге тырысамын. Өйткені баланың бойындағы жөндеуді қажет ететін әлсіздік бір бөлек те, жай ғана оның назарын аудару керек қателік бір бөлек” (Уильям).

КИЕЛІ КІТАП КЕҢЕСІ: “Балаларыңның көңілі түспеуі үшін, оларды ызаландырмаңдар” (Қолостықтарға 3:21).

Жақсы көретініңізді көрсетіңіз. Ата-анасы жақсы көргендіктен жөнге салып жатқанын білсе, балаларға мұны қабылдау жеңіл.

“Ұлымыз қателік жасағанда, біз осы уақытқа дейін жасаған дұрыс әрекеттері үшін мақтан тұтатынымызды айтып отыратынбыз. Егер дер кезінде түзеп жатса, ешбір қателік оны жаман бала етпейтінін түсіндіретінбіз. Сондай-ақ біз оған қашанда қол ұшын беруге дайын екенімізге сендіріп отыратынбыз” (Дэниел).

КИЕЛІ КІТАП КЕҢЕСІ: “Сүйіспеншілік шыдамды да мейірімді” (Қорынттықтарға 1-хат 13:4).