Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ҚАЙҒЫРҒАН ЖҮРЕКТІҢ ЕМІ

Қайғы шеккен адамның күйі

Қайғы шеккен адамның күйі

Әр адам әртүрлі болғандықтан, жақын адамының қазасын әркім өзінше қабылдайды. Кейбіреулер жүрегі қан жылап тұрса да, қайғысын білдірмеуге тырысады. Қайғысын мойындап, оны сыртқа шығарғанда, адамның жеңілдеп қалатыны рас. Дегенмен қайғырудың “дұрыс жолы” жоқ. Көп нәрсе адамның мәдениетіне, болмысына, бастан кешкендері мен жақын адамының қалай қайтыс болғанына байланысты.

АДАМ ҚАНДАЙ КҮЙ КЕШЕДІ?

Қымбат жанынан айырылған адам алдан не күтерін білмеуі мүмкін. Бірақ әдетте қайғы жұтқандардың кешетін күйі мен қиындықтары ұқсас болып келеді. Солардың кейбіріне тоқталайық.

Көңіл күйдің құбылуы. Жақынынан айырылған адам жылап-сықтауы мүмкін, бойын сағыныш кернеп, көңіл күйі аяқастынан өзгеріп сала беруі мүмкін. Марқұмды есіне алғанда не түсінде көргенде, жан жарасы одан әрі ушыға түседі. Бастапқыда адам басына жай түскендей күйде болып, болған жайтқа сенбеуі мүмкін. Тина есімді әйел күйеуі қапыда өмірден өткенде, қандай күй кешкенін айтып былай дейді: “Басында бір орнымда сілейіп тұрып қалдым. Тіпті жылай да алмадым. Кей кездері жанымның сыздағаны сонша — дем жетпей кететін. Мен болған жайтқа мүлдем сенгім келмеді”.

Абыржу, ызалану, кінәлі сезіну. Иван есімді кісі былай дейді: “24 жасар ұлымыздың өмірден қайтқанына біршама уақыт болғанда, әйелім екеумізді қатты ашу кернеді. Бұған таңғалдық, өйткені өзімізді ашушаң адамбыз деп ешқашан ойламап едік. Баламыз үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасадық па деп, өзімізді кінәлаған кезіміз де болды”. Әйелі созылмалы аурудан қайтыс болғанда, Алехандро да өзін кінәлі сезінген. “Алғашында Құдай осыншама қасірет жіберсе, жаман адам болғаным ғой деген ой келді. Сосын Құдайды жазғырғаным үшін өзімді кінәладым”,— дейді ол. Ал алдыңғы мақалада айтылып кеткен Карим былай деп ой бөлісті: “Мені тастап кеткені үшін Сабинаға ызаланған кездерім болды. Артынан оның еш жазығы жоқ қой деп өзімді айыпты сезінетінмін”.

Жайсыз ойлардың мазалауы. Жақынын жоғалтқан адам түрлі қисынсыз ойларға берілуі мүмкін. Мысалы, оған марқұмның даусын естіп тұрғандай не ол кіріп келетіндей көрінуі мүмкін. Я болмаса қайғырған адам ойы шашырап, ұмытшақ болып жатады. Дина былай дейді: “Кейде адамдармен сөйлесіп тұрғанда, ойым мүлде басқа жақта болады. Көңілім күйеуімнің өлімі жайлы ойларға кетеді де тұрады. Бұдан кейде қатты шаршап кетемін”.

Адамдардан қашқақтау. Қайғы жеген адам басқалардың жанында ыңғайсыздануы мүмкін. Карим былай дейді: “Ерлі-зайыптылар арасында өзімді артық адамдай сезініп жүрдім. Бойдақтармен де өзімді жайлы сезінбедім”. Иванның әйелі болса былай деп есіне алады: “Адамдар болмашы көрінген қиындықтарын айтып налығанда, бұл қитығымызға тиетін. Ал кейбіреулер болса балаларының жетістігін айтып жататын. Олар үшін қуанғанмен, мұндай әңгімелер маған ауыр тиетін. Тірі адам тіршілігін жасайтынын түсінетінбіз, бірақ оларды тыңдауға еш зауқымыз болмады”.

Денсаулықтың сыр беруі. Жақынын жоқтап жүрген адамның әдетте асқа тәбеті болмайды, салмақ тастап, ұйқысы бұзылады. Артур әкесін жоғалтқан жылы қандай күй кешкенін айтып: “Сол кездері ұйқым әбден бұзылды. Күнде-күнде дәл бір уақытта әкемді ойлап оянып кететінмін”,— дейді.

Басына түскен қаралы жайттан кейін Алехандро денсаулығында бір кілтипан барын байқаған. Ол былай дейді: “Дәрігерге бірнеше рет қаралған едім, денсаулығымның жақсы екенін айтты. Сонда өзімді жайсыз сезінуім қайғырғанымнан болар деп ойладым”. Уақыт өте Алехандроның жағдайы қалпына келді. Бірақ оның дәрігерге қаралғаны бәрібір дұрыс болды. Қайғы шегу иммундық жүйені әлсіретіп, бар ауруды асқындырып, тіпті жаңа аурудың пайда болуына себеп болуы мүмкін.

Кейбір істердің қиынға соғуы. “Ұлымыздың қазасы жайлы туыстарымыз бен достарымызға ғана емес, оның бастығы мен тұрған пәтерінің иесіне де естірту керек болды. Оның үстіне, толтыру керек көптеген заңи құжаттар бар еді. Ұлымыздың заттарын да реттеу қажет болды. Қайғыдан құса болып, есеңгіреп жүргенде, мұның бәрі оңайға соқпайды екен”,— дейді Иван.

Ал кейбіреулер өмірден өткен сүйікті адамының міндеттерін атқаратын уақыт келгенде, әсіресе қиналады. Дина да дәл осындай жағдайды бастан кешкен. Ол былай дейді: “Қаржы істері мен осы сияқты басқа да шаруаларды күйеуім өзі атқаратын. Енді бәрі маған қалып, қиын жағдайым одан сайын қиындады. Мұның бәрін дұрыс атқара аламын ба деп уайымдадым”.

Жоғарыда аталып өткен қиындықтарға қарап, қайғының әкелер азабы сұмдық екен ғой деген ой келер. Рас, адам жақынынан айырылғаннан кейін өте ауыр күй кешеді. Осыны алдын ала білгені оған қайғыны еңсеруге көмектесуі мүмкін. Қайғының барлық азабын бәрі бірдей тартпауы мүмкін екенін де ұмытпаған жөн. Қымбат жанын жер қойнына тапсырған адамның қайғыдан қан жұтқаны кәдімгі құбылыс екенін білу де жан азабын жеңілдетуі мүмкін.

БАҚЫТТЫ КҮНДЕР ҚАЙТА ТУА МА?

Қайғы дертінің жазылуы. Қайғының азабы мәңгіге жалғаспайды, күндердің күнінде басылады. Бұл — қайғымыздан толықтай арыламыз не дүниеден озған жақынымызды ұмытамыз деген сөз емес. Бірақ уақыт өте қайғының зілі бірте-бірте жеңілдеп, жанымыз бұрынғыдай сыздамайды. Өмірден өткен жақынымызбен байланысты жайттар еске түсіп кеткенде немесе үйленген я қайтыс болған күндер келгенде, қайғылы сезімдер қайта бас көтеруі мүмкін. Десе де адамдардың көбі ақырында өз-өзін қолға алып, қалыпты өміріне қайта оралып жатады. Туыстары мен достары демеу болғанда және қайғыны жеңуге өзі де күш салғанда, бұл әлдеқайда жеңіл болады.

Қанша уақыт қажет? Кейбіреулер бірнеше айдан кейін есін жия бастайды. Ал көп адам үшін өз-өзіне келуге бір-екі жыл керек болып жатады. Тағы біреулерге болса одан да көп уақыт қажет *. “Жанымды қатты сыздатқан қайғыдан арылу үшін үш жылдай уақыт кетті”,— дейді Алехандро.

Сабыр сақтап, шыдамды болыңыз. Ертеңгі күйім қандай болар екен деп уайымдамаңыз. Қайғы азабы мәңгіге жалғаспайтынын есте ұстаңыз. Әйтсе де қазірдің өзінде қайғыңызды жеңілдетіп, тым ұзаққа созып алмау үшін не істесеңіз болады?

Адамның қайғыдан қан жұтуы — кәдімгі құбылыс

^ 17-абзац Бірен-саран адамның ауыр қайғыдан ұзақ уақыт бас көтере алмайтыны сонша — қайғының асқынған, созылмалы түріне шалдығып жатады. Мұндай адамдарға дәрігер мамандардың көмегі қажет болар.