Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Қанағатшыл болудың сыры

Қанағатшыл болудың сыры

Отбасын құрғанбыз ба, жоқ па, жаспыз ба, әлде қартпыз ба — барлығымыз өмірден қанағат алып, бақытты болғымыз келеді. Жаратушымыздың да бізге тілері — осы. Сол үшін ол бізге тамаша ақыл-кеңестер беріп отыр.

Еңбекқор болыңыз

“Мұқтаждармен бөлісетін нәрсесі болу үшін өз қолымен адал еңбек етсін” (ЕФЕСТІКТЕРГЕ 4:28).

Жаратушымыз бізді жұмыс істеп, еңбектенуден қашпауға шақырады. Неге? Өйткені маңдай терін төгіп еңбек еткен адам өзін де, отбасын да асырай алады. Ол тіпті мұқтаж жандарға да қол ұшын бере алады. Жұмысындағы бастығы да оны бағалайды. Жақсы жұмыс істейтіндіктен, ол жұмысынан айырылып қалмайды. Ауыр еңбектің осындай жемісі Киелі жазбаларда “Құдайдың сыйы” деп аталған (Уағыздаушы 3:13).

Адал болыңыз

“Барлық жағдайда адал жүріп-тұрғымыз келетіндіктен, ар-ұжданымыз таза екеніне сенімдіміз” (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 13:18).

Адал да шыншыл болсақ, өз-өзімізді сыйлаймыз. Көңіліміз тыныш, ал ұйқымыз тәтті болады. Сондай-ақ өзгелердің сеніміне кіріп, сый-құрметіне бөленеміз. Ал адалдықтан аттап, арамзалық жасайтындар осының бәрінен құрқол қалады. Одан қала берсе, ар-ұяттары жандарын жегідей жеп, істеген арамдығым бүгін-ертең ашылып қала ма деп қорқып жүреді.

Ақшаға құл болмаңыз

“Ақшақұмар болмай өмір сүріп, қолда барды қанағат тұтыңдар” (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 13:5).

Тамақ пен басқа да керек-жарақтарды алу үшін бізге ақша қажет-ақ. Бірақ “ақшақұмар болудан” сақтану керек. Өйткені ондай адам бар уақыты мен күшін көп ақша табуға кетіреді. Бұның кесірінен жарымен арақатынасы суиды, балаларына көңіл бөлмейді. Ол тіпті денсаулығын құртып алуы мүмкін (Тімөтеге 1-хат 6:9, 10). Бұның үстіне, ақшаға құныққан адам қулық-сұмдыққа барудан да тайынбайды. Бір данышпан кісі былай деген екен: “Адал жан мол батаға кенеледі, Баюға асыққан кінәсіз қалмайды” (Нақыл сөздер 28:20).

Ең жақсы білімді алыңыз

“Даналық пен саналылықты сақта” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 3:21).

Жақсы білім алсақ, біз жауапты адам, жақсы ата-ана боламыз. Бірақ мына дүниедегі білім қанша жерден жақсы болмасын, ол білімнен адамның төрт құбыласы тең, өмірі бақытты болады дей алмайсың. Ал өмірдің барлық саласында жетістікке жетіп, жемісті болғымыз келсе, бізге Құдай беретін білімді алу қажет. Өйткені оның ақыл-кеңесіне құлақ асатын адамның “әрбір ісі сәтті болады” (Зәбүр 1:1—3).