Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

2-ОҚИҒА

Тамаша бақ

Тамаша бақ

МЫНА суреттегі жердің көрінісіне қарашы! Айнала қандай ғажап! Көк майса мен ағаштарға, гүлдер мен жан-жануарлардың барлығына көз салшы. Осы суреттен піл мен арыстанды таба аласың ба?

Бұл тамаша бақ қайдан пайда болды екен? Кел, Құдайдың жер бетін біз үшін қалай даярлағанын көрейік.

Ең алдымен Құдай жер бетіне көк майса жайды. Сосын, түрлі-түрлі кішігірім өсімдіктер мен бұталар және ағаштар жаратты. Бұл өсімдіктер өсе келе, жер бетін көркейте түсті. Бірақ олардың басқа да пайдасы бар. Олардың көпшілігінде өте дәмді жемістер өседі.

Сосын, Құдай судың ішін балықтарға толтырды, ал аспанда ұшып жүру үшін құстарды жаратты. Сондай-ақ ол иттер мен мысықтарды, жылқыларды және үлкенді-кішілі жануарларды жаратты. Сенің үйіңнің айналасында қандай жануарлар бар? Бұлардың барлығын Құдай бізге арнап жаратқаны үшін қуанышты болуымыз керек емес пе?

Бұдан кейін Құдай жердің бір бөлігінде аса бір ерекше орын даярлады. Ол бұл жерді Едем бағы деп атады. Бұл жерде барлығы кемелді болатын-ды. Ондағы әрбір нәрсе ғажап еді. Құдай жер жүзінің осындай тамаша баққа айналғанын қалады.

Бірақ суретке тағы да көз салып көрші. Құдай осы жерде бір нәрсенің жетіспейтіндігін көрді. Не жетіспей тұрғанын білесің бе? Кел, көрелік.