Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

4-ОҚИҒА

Олар неге баспанасынан айырылып қалды

Олар неге баспанасынан айырылып қалды

ҚАРАШЫ, не болғанын. Адам мен Хауаны тамаша Едем бағынан қуып жіберді. Оларды не үшін қуып жібергенін білесің бе?

Өйткені олар өте жаман нәрсе істеді. Осы қылықтары үшін Ехоба оларды жазалады. Адам мен Хауаның қандай жаман қылық істегенін білесің бе?

Олар Құдай тыйым салған нәрсені істеді. Құдай оларға бақтағы барлық ағаштардың жемісін жей беруге рұқсат берген болатын. Бірақ олар өлім қатеріне ұшырамас үшін, бір ағаштың жемісін жемеулері керек еді. Бұл ағаш Құдайдың өзінікі болатын. Біз өзгенің затын алуға болмайтындығын білеміз, солай емес пе? Сонымен олар қандай жаман қылық жасады?

Бір күні Хауа бақта жалғыз болған кезде, онымен бір жылан сөйлесе бастады. Көз алдыңа елестетіп көрші! Жылан Хауаға тыйым салынған ағаштың жемісін жеп көруді ұсынды. Ехоба жыланды сөйлеуге қабілетті етіп жаратқан жоқ еді. Демек, жыланның орнына басқа біреу сөйлеп тұрды деген сөз. Ол кім болды екен?

Сөйлеп тұрған Адам емес еді. Олай болса, жердің пайда болуынан ұзақ уақыт бұрын Ехоба жаратқан тұлғалардың бірі сөйлеген болса керек. Бұл тұлғалар періштелер деп аталады. Олар біздің көзімізге көрінбейді. Осы періштелердің бірі тым тәкәппар болып кетіп, Құдай сияқты билеуші болуды көксей бастады. Ол адамдарға Ехобаның тілін емес, өзінің тілін алдырғысы келді. Жылан арқылы сөйлеп тұрған дәл осы періште болатын.

Бұл періште Хауаны алдай алды. Хауа ағаштың жемісін жесең, Құдай сияқты боласың деген жыланның сөзіне сеніп қалды. Сөйтті де, жемісті үзіп алып, жей бастады. Кейінірек оған қосылып Адам да жеді. Адам мен Хауа Құдайдың тілін алмады, міне, сондықтан олар тамаша бақтан қуылды.

Бірақ күндердің-күнінде Құдай бүкіл жер бетін Едем сияқты ғажап баққа айналдырады. Кейінірек сенің осы іске өз үлесіңді қалай қоса алатыныңды білеміз. Алдымен Адам мен Хауаның басынан кешкен оқиғаларын білейік.