Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

10-ОҚИҒА

Дүниежүзілік топан су

Дүниежүзілік топан су

КЕМЕНІҢ сыртында қалған адамдар бәз баяғыдай өмір сүре берді, өйткені жер жүзін топан су қаптайтындығына әлі де сенбеді. Олар бұрын соңды бұлай ішек-сілесі қатып күлмеген болар. Бірақ көп кешікпей олардың күлкісі тыйылды.

Аяқ астынан аспаннан су шелектеп құйғандай құйып кетті. Нұхтың айтқаны рас болып шықты! Бірақ кемеге кіруге енді тым кеш еді. Ехоба кеменің есігін бекем жапқан-ды.

Көп ұзамай бүкіл жер бетін су қаптады. Жер бетін қаптаған су үлкен өзенге ұқсайтын. Алай-түлей шуменен келген су екпіні айналадағы ағаштарды құлатып, үлкен тастарды домалатып әкетіп жатты. Адамдардың үрейлері қирады. Олар биіктеу тұрған тау мен тастарға жармасты. Кезінде Нұх айтқан сөзге құлақ асып, кеменің есігі ашық тұрған уақытта оған кірмегеніне олар енді қалай өкінді десеңші! Бірақ енді тым кеш еді.

Су көтерілген үстіне көтеріле түсті. Жер бетіне қырық күн, қырық түн бойы нөсер құйып тұрды. Су тау бөктерлеріне көтеріле отырып, көп кешікпей ең биік таулардың өзі де судың астында қалып қойды. Құдайдың айтқаны орындалды: кемеге кірмеген адамдар мен жануарлардың барлығы жойылып кетті. Бірақ кеменің ішіндегілер аман қалды.

Нұх пен оның ұлдары жақсы кеме соққан-ды. Ол сумен бірге көтеріліп, судың бетінде жүзіп жүрді. Бір күні жаңбыр тоқтады да, күн шықты. Бұл қандай ғажап көрініс еді десеңші! Қайда қарасаң да ұшы-қиыры жоқ мұхит. Көзге түсетін судың бетінде жүзіп жүрген Нұхтың кемесі ғана.

Енді дәулер де жоқ еді. Адамдарға енді олар зорлық жасай алмайды. Дәулер өз аналарымен бірге, сондай-ақ басқа да зұлым адамдармен бірге жойылып кетті. Ал олардың әкелері ше?

Бұл дәулердің әкелері кәдімгі адамдардан өзгеше болатын. Олар адамдармен бірге өмір сүру үшін адам кейпіне еніп, жерге түскен періштелер еді. Сондықтан топан су келгенде, олар адамдармен бірге жойылып кеткен жоқ. Бұл періштелер адами тәндерін тастап, аспанға қайта оралды. Бірақ олар Құдайдың періштелерден тұратын отбасына қайта қабылданбады. Сондықтан олар Шайтанның періштелеріне айналды. Киелі кітап оларды жын-перілер деп атайды.

Құдай жер бетіне жел тұрғызды, сөйтіп, су тартыла бастады. Бес ай өткен соң, кеме бір таудың үстіне кеп тоқтады. Арада және біраз күндер өткен соң, кеменің ішіндегілер басқа таулардың шыңдарын көрді. Су тартылған үстіне тартыла берді.

Сосын, Нұх бір қара құсты, құзғынды, кемеден шығарып ұшырып жіберді. Құзғын аспанды біраз айналып ұшып жүрді де, кемеге қайта оралды, өйткені айналада қонатын жер болмады. Нұх бірнеше рет осылай етті. Әрбір ұшырған сайын, құзғын қайта кемеге келіп қонатын.

Нұх жер бетіндегі судың тартылған-тартылмағанын білгісі келген еді. Келесі жолы ол кемеден көгершінді ұшырды. Бірақ көгершін де қонарға жайлы жер таппай, қайта оралды. Нұх оны екінші рет ұшырды, бұл жолы көгершін тұмсығымен зәйтүн ағашының жапырағын ала келді. Бұдан Нұх судың тартылғанын білді. Көгершінді үшінші мәрте ұшырды. Бұл жолы ол қайта оралмады: жер бетінен құрғақ жер тауып, сол жерде өмір сүруге қалды.

Құдай Нұхқа: “Өзің де, өзіңмен бірге болған жан-жануарларды да кемеден алып шық”,— деді. Олар бір жылдан астам уақыт кеменің ішінде болған еді. Сондықтан олардың аман қалып, енді кемеден шыққанына қалай қуанғанын елестетуге болады!