Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

17-ОҚИҒА

Бір-біріне ұқсамайтын егіздер

Бір-біріне ұқсамайтын егіздер

МЫНА суреттегі екі бала бір-біріне мүлдем ұқсамайды, солай емес пе? Олардың аттарын білесің бе? Аңшы баланың аты Есау, ал қой бағып жүрген баланың аты Жақып.

Есау мен Жақып — Ысқақ пен Рабиғаның егіз ұлдары. Әкелері Ысқақ Есауды ерекше жақсы көрді, себебі ол шебер аңшы болатын және отбасын аң етімен қамтамасыз ететін. Ал Рабиғаның сүйікті баласы Жақып еді, өйткені ол жуас, момын бала болатын.

Ол кезде олардың атасы Ыбырайым әлі тірі еді. Сондықтан атасының Ехоба жайындағы әңгімелерін Жақыптың қалайша қызығып тыңдайтындығын елестетуге болады. Ыбырайым жүз жетпіс бес жасында, егіздер он бес жасқа келгенде, дүниеден өтті.

Есау қырық жасқа келгенде, қанахандық екі әйел алды. Ысқақ пен Рабиғаның өмірі бұл әйелдердің кесірінен уайымға толды, өйткені олар Ехобаға бас имейтін.

Бір күні Есауды інісі Жақып қатты ашуландырған оқиға болды. Ысқақтың тұңғыш ұлына арналған батасын беретін мезгілі жеткен болатын. Есау Жақыптан үлкен болғандықтан, әрине, ол әкесінің батасын алуды дәметіп жүрген-ді. Бірақ Есау батаны алу құқын Жақыпқа алдын ала сатып жіберген еді. Сондай-ақ егіз балалар туылмас бұрын, Жаратқан Ие батаға Жақыптың ие болатындығын білдірген. Дәл солай болып шықты. Ысқақ өзінің ұлы Жақыпқа батасын берді.

Есауға інісінің бата алғаны мәлім болғанда, ол Жақыпқа қатты ашуланды. Оның қатты ашуланғаны соншалық — Жақыпты өлтіруге бекінді. Бұл Рабиғаның құлағына жеткенде, ол қатты қобалжыды. Рабиға күйеуі Ысқаққа былай деді: “Жақып та қанахан қыздарының біріне үйленеді ме деп қатты уайымдаймын”.

Ысқақ Жақыпты шақырып алып былай деді: “Сен қанахандық әйелге үйленбе! Жолға жиналып, Харан жеріндегі нағашы атаң Бетуелдің үйіне барып, Бетуелдің баласы Лабанның қыздарының бірін ал”.

Жақып әкесінің сөзіне құлақ асып, Харан жеріне қарай ұзақ сапарға жол тартты.