Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

19-ОҚИҒА

Жақыптың үлкен отбасы

Жақыптың үлкен отбасы

МЫНА үлкен отбасына көз тасташы. Бұл — Жақыптың он екі ұлы. Оның қыздары да бар. Сен Жақыптың балаларының қайсысының болсын, атын білесің бе? Кел, олардың кейбіреуімен танысып көрейік.

Рубен, Шимон, Леуі және Яһуда — Лияның ұлдары. Рахила бала тумағандықтан жабырқап, қатты мұңайды. Сондықтан ол өзінің қызметшісі Балханы Жақыпқа қосты, одан Дан және Нафталим атты екі ұл туылды. Лия да өзінің Зилпа деген қызметшісін Жақыпқа қосты, Зилпа Ғад пен Аширді туды. Бұдан кейін Лия тағы да Исашар мен Забулон атты екі ұл туды.

Ақыр аяғында Рахила да балалы болды. Ол баласына Жүсіп деп ат қойды. Жүсіп елеулі адамға айналғандықтан, кейінірек біз онымен анағұрлым жақынырақ танысамыз. Рахиланың әкесі Лабанмен бірге өмір сүрген уақытта, Жақыптың осы он бір ұлы туылған болатын.

Сонымен қатар Жақыптың қыздары да болды, бірақ Киелі кітапта олардың біреуінің ғана аты аталып өткен. Оның есімі Дина.

Жақыптың Лабаннан бөлініп, қайта Қанаханға көшетін уақыты да келіп жетті. Сондықтан ол өзінің үлкен отбасы мен мал-жайын жинап алып, ұзақ жолға шықты.

Жақып үй ішімен Қанаханға көшіп келгеніне біраз уақыт болған соң, Рахила тағы бір ұл туды. Рахила жол үстінде босанды. Босанарда ол қатты қиналып, ақыр аяғында қайтыс болды. Бірақ туылған сәби аман қалды. Жақып оған Бунямин деп ат қойды.

Біз Жақыптың он екі ұлының атын ұмытпауымыз керек, өйткені Исраил халқы осылардан тараған. Иә, Исраилдің рулары Жақыптың он екі ұлының және Жүсіптің екі ұлының атымен аталады. Ысқақ Жақыптың ұлдары туылғаннан кейін де ұзақ өмір кешті, Немерелерінің көп болғанына ол бақытты болса керек. Ал енді оның немересі Динаның басында қандай оқиға болғанын көрейік.