Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

22-ОҚИҒА

Жүсіптің түрмеге түсуі

Жүсіптің түрмеге түсуі

ЖҮСІПТІ Мысырға алып кеткен кезде, ол он жеті жаста болатын. Ол жерде оны Потифар деген бір кісіге сатты. Потифар Мысырдың патшасы — перғауынның қол астында қызмет ететін.

Қожасы Потифарға Жүсіп бар ынтасымен қызмет етті. Сондықтан Жүсіп ер жеткенде, Потифар оған үйін де, барлық дүние-мүлкін де сеніп тапсырды. Онда неге Жүсіп мына түрмеде отыр? Потифардың әйелінің кесірінен.

Жүсіп дене бітімі келісті, сұлу жігіт болды. Потифардың әйелі онымен жатқысы келді. Бірақ Жүсіп бұның әдепсіздік екенін білгендіктен, бұл қылықтан бас тартты. Бұған Потифардың әйелі қатты ашуланады. Сондықтан күйеуі үйге келгенде, жалған сөйлеп былай дейді:

— Мына қара ниет Жүсіп менімен жатқысы келді!

Потифар әйелінің айтқан сөзіне сеніп қалады да, Жүсіпке қатты ашуланады. Міне, сондықтан оны түрмеге қаматады.

Көп ұзамай түрме бастығы Жүсіптің жақсы адам екенін көрді. Сондықтан ол түрмедегі тұтқындардың барлығын Жүсіптің қарамағына тапсырып қойды. Біраз уақыт өткен соң, перғауынның шарапшысы мен наубайшысы кінәлы болып қалып, оларды түрмеге отырғызады. Бір күні түнде ол екеуі де ерекше түс көреді, бірақ көрген түстерінің мағынасын білмеді. Келесі күні Жүсіп:

— Түстеріңізді маған айтып беріңіздерші,— деді. Екеуі түстерін баяндап берген кезде, Жүсіп Құдайдың көмегімен түстерінің мағынасын түсіндіріп берді.

Жүсіп бас шарапшыға былай деді:

— Үш күннен кейін түрмеден босатылып, бұрынғыша перғауынға шарап ұсынатын боласыз. Сосын, сөзін жалғап:

— Сіз түрмеден босатылған соң перғауынға мен туралы айтып, менің де түрмеден босатылуыма көмектесе көріңіз,— деді. Ал бас наубайшыға болса Жүсіп былай деді:

— Үш күннен соң перғауын басыңызды алады.

Үш күн өткен соң, Жүсіптің айтқан сөзінің бәрі тұп-тура орындалды. Перғауын наубайшының басын алдырды. Шарапшы болса түрмеден шыққан соң, бұрынғыша патша сарайында қызмет ете бастады. Алайда бас шарапшы Жүсіптің тілегін ескермей, оны тіптен ұмытып кетті! Ол перғауынға ол туралы ештеңе айтпады. Жүсіп болса түрмеде қала берді.