Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

24-ОҚИҒА

Жүсіптің ағаларын сынауы

Жүсіптің ағаларын сынауы

ЖҮСІП ағаларының бұрынғысынша жауыз, мейірімсіз күйінде қалды ма, жоқ па, соны білгісі келіп, былай деді:

— Сендер тыңшысыңдар. Біздің елдің әлсіз жерлерін біліп алу үшін келдіңдер.

Олар:

— Жоқ, тақсыр! Біз адал адамдармыз. Біз барлығымыз бір адамның ұлдарымыз. Біз он екі ағайынды едік, бірақ біреуі енді жоқ, ең кішіміз болса әкеміздің қасында қалды,— деді.

Жүсіп оларға сенбегендей сыңай танытты. Ол Шимон есімді ағасын тұтқындатты да, қалғандарына астық беріп, үйлеріне қайтарып жіберді. Бірақ оларға былай деді:

— Маған қайта оралғанда, кенже інілерің сендермен бірге болмаса, көзіме көрінбеңдер.

Олар Қанаханға оралған соң, басынан кешіргендерінің барлығын әкелері Жақыпқа әңгімелеп берді. Жақыпты қатты мұң басты. Ол күңіреніп былай деді:

— Жүсіптен айырылдым, Шимоннан да айырылдым, енді кенжем Буняминді бермеймін.

Бірақ аштық күшейе түскен соң, аштан өліп қалмаулары үшін, Жақып Буняминді олармен бірге Мысырға жіберуге келісті.

Сонымен Жүсіп ағаларының келе жатқанын көрді. Ол кенже інісі Буняминді көргеніне қатты қуанды. Әрине, олардың ешқайсысы бұл бас уәзірдің Жүсіп екендігін білмеді. Бұл жолы Жүсіп өзінің қандас 10 ағасын сынау үшін, бір тәсіл ойлап тапты.

Ол қызметшілеріне әмір беріп, ағаларының қаптарын астыққа толтыртты. Бірақ оларға білдіртпестен өзінің ерекше күміс тостағанын Буняминнің қапшығына салып қояды. Ағалары жолға шыққаннан кейін көп ұзамай олардың артынан қуғыншы жібереді. Қызметшілері оларды қуып жетіп:

— Неге сендер қожайынымыздың күміс тостағанын ұрлап кеттіңдер?— дейді. Ағайындылар:

— Біз күміс тостағанды алған жоқпыз. Ал егер күміс тостаған біздің біреуімізден табылса, сол өлсін,— деді.

Өзің мына суреттен көріп тұрғандай, қызметшілер үлкенінен бастап кішісіне дейін, барлығының қаптарын тінтіп шығып, тостақты Буняминнің қабынан табады. Сонда қызметшілер:

— Сендер кете беріңдер, боссыңдар, бірақ Бунямин бізбен бірге барады,— дейді. Енді он ағайынды не істейді?

Ағайындылардың барлығы Буняминмен бірге Жүсіптің үйіне қайта келеді. Жүсіп ағаларына:

— Сендер барлығың үйлеріңе қайта беріңдер, ал Бунямин менің құлым болады,— деді.

Сонда Яһуда тұрып:

— Егер мен үйге бұл баласыз барсам, әкем сол жерде өледі, өйткені ол оны өте қатты жақсы көреді. Сондықтан бозбаланың орнына құл ретінде мені қалдырып, оны үйіне қайтарыңызшы,— деп өтінді.

Жүсіп ағаларының өзгергенін көрді. Олар енді жауыз, қайырымсыз емес еді. Ал енді Жүсіптің не істегенін көрейік.