Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

26-ОҚИҒА

Әйүптің Тәңірдің алдында адалдығын сақтап қалуы

Әйүптің Тәңірдің алдында адалдығын сақтап қалуы

МЫНА ауру кісіге жаның аши ма? Бұл кісінің аты Әйүп, ал жанында тұрған оның әйелі. Әйелінің Әйүпке не айтып жатқанын білесің бе? “Тәңірге лағынет айт та, өл”. Оның неге бұлай дегенін және неге Әйүптің осыншама азап шегіп жатқанын көрейік.

Әйүп адал әрі Ехобаға мойынсұнатын адам еді. Ол Қанахан аймағындағы Ұз жерінде өмір сүрді. Ехоба Әйүпті өте жақсы көретін, бірақ оны жек көретін әлдекім бар болатын. Кім екенін білесің бе?

Ібіліс Шайтан. Шайтанның Ехобаны жек көретін зұлым періште екендігі есіңде ғой. Ол Адам мен Хауаның Ехобаның тілін алмауына себепші болды. Шайтан адамдардың барлығын Ехобаның тілін алмайтындай ете аламын деп ойлады. Бірақ оның бұл ойы іске асты ма? Жоқ. Біз танысқан қаншама әйелдер мен еркектер жайында ойланшы. Олардың қайсысының атын атай аласың?

Жақып пен Жүсіп Мысырда қайтыс болғаннан кейін, жер бетіндегі Ехобаға ең адал адам Әйүп болды. Барлық адамдарды жаман болуға мәжбүрлеуге Шайтан дәрменсіз екенін білсін деп, Ехоба оған былай деді:

— Әйүпке қара. Қара, ол маған қаншалықты адал.

— Оның саған адал болып жүрген себебі,— деп, наразылық білдірді Шайтан,— сен оған батаңды беріп, дүние-мүлкі мол болып отырғандықтан. Ал оның дүние-мүлкін алып қойшы, ол саған лағынет айтады.

Сонда Ехоба былай деді:

— Жарайды. Бар да, оған қалағаныңды істе. Көреміз, ол маған лағынет айтар ма екен. Бірақ байқа, оны өлтірме.

Алдымен Шайтан Әйүптің ірі қарасы мен түйелерін адамдардың ұрлауына түрткі болды. Артынша қойларын да жойды. Сосын, ол оның жеті ұлы мен үш қызын дауылда шейіт етті. Ал бұдан кейін Шайтан оны жан түршігерлік ауруға ұшыратты. Әйүп қатты азап шекті. Міне, сондықтан оның әйелі: “Тәңірге лағынет айт та, өл”,— деген еді. Бірақ Әйүп олай еткісі келмеді. Оның үстіне, оған үш доссымағы келіп, Әйүпті осы уақытқа дейін жаман адамдар сияқты өмір сүрдің деп кінәлады. Бірақ бәрібір Әйүп адал болып қалды.

Бұған Ехоба қатты қуанды. Кейінірек, мына суреттен өзің көріп отырғандай, ол Әйүпке батасын берді. Әйүп ауруынан айығып, оның тамаша 10 баласы болды. Ал ірі қарасы мен қой-түйелері бұрынғысынан екі есе көп болды.

Сен де Әйүп сияқты Ехобаға әрқашан адал боласың ба? Егер адал болсаң, Ехоба саған да батасын береді. Жер жүзінің бәрі Едем сияқты тамаша баққа айналғанда, сен онда мәңгі өмір сүре алатын боласың.