Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

27-ОҚИҒА

Мысырды қатыгез патшаның билеуі

Мысырды қатыгез патшаның билеуі

МЫНА кісілер халыққа зорлықпен жұмыс істетіп жатыр. Қарашы, мына адам жұмысшыны қамшымен сабап жатыр. Бұл жұмысшылар — Жақыптың отбасынан шыққандар. Оларды исраилдіктер дейді. Оларға зорлықпен жұмыс істетіп жатқан кісілер болса — мысырлықтар. Исраилдіктер мысырлықтардың құлына айналды. Бұл қалайша болды?

Ұзақ уақыт бойы Жақыптың отбасы Мысырда бейбіт өмір кешті. Перғауыннан кейінгі Мысырдағы екінші адам Жүсіп болғандықтан, ол халыққа қамқорлық көрсетіп жүрді. Бірақ бұдан кейін Жүсіп қайтыс болды. Мысырға исраилдіктерді жақсы көрмейтін басқа бір перғауын патша болды.

Сөйтіп, бұл қатыгез перғауын исраилдіктерді құлға айналдырды. Сондай-ақ ол олардың үстінен қатыгез, залым адамдарды қараушы етіп қойды. Бұл адамдар исраилдіктерді перғауынға арнап соғылып жатқан қалалардың құрылысында ауыр еңбек етуге мәжбүрледі. Бірақ бұған қарамастан, исраилдіктердің саны өскен үстіне өсе берді. Уақыт өте келе, мысырлықтар исраилдіктердің саны өте көп болып кетіп, күшті халыққа айналады деп қорқа бастады.

Перғауынның не істегенін білесің бе? Ол исраилдіктердің әйелдері босанғанда көмектесетін кемпірлерге:

— Сендер туылған әрбір ер баланы өлтірулерің керек,— деді. Бірақ олар жақсы кемпірлер еді, сондықтан балаларды өлтіргілері келмеді.

Сонда перғауын:

— Исраилдіктердің жаңа туған ер балаларының бәрін тартып алып, өлтіріңдер. Тек қыз балалары ғана тірі қалсын,— деп әмір етті. Бұл жан түршігерлік әмір емес пе? Кел, бір сәбидің қалай аман қалғанын көрейік.