Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

29-ОҚИҒА

Неге Мұса қашып кетті

Неге Мұса қашып кетті

ҚАРАШЫ, Мұса Мысырдан қашып барады. Оның артынан қуып келе жатқан адамдарды көрдің бе? Неге олар Мұсаны өлтіргісі келгенін білесің бе? Ендеше, не болғанын білейік.

Мұса Мысырдың билеушісі — перғауынның үйінде өсіп, ер жетті. Ол өте ақылды әрі ықпалды адам болып өсті. Мұса өзінің мысырлық емес екенін және шын ата-анасы исраил құлдарының бірі екенін білді.

Мұса қырық жасқа келгенде, өз халқының қалай өмір сүріп жатқанын көргісі келіп, бір күні исраилдіктерге барды. Бұл халықтың басына ауыр күндер туды, өйткені олар мысырлықтардың езгісінде болатын. Мұса бір мысырлықтың исраил құлдарының бірін ұрып жатқанын көрді. Ол жан-жағына қарап алды да, ешкімнің жоқ екенін көріп, мысырлықты ұрып жіберді, ал ол болса өліп қалды. Сосын, оның денесін алды да, құмға көміп тастады.

Ертеңіне Мұса тағы да өз халқын көруге барды. Ол бұл халықтың құлдықтан босануына көмектесе алатын шығармын деп ойлады. Бірақ Мұса ол жерде екі исраилдіктің төбелесіп жатқанын көріп, жәбірлеушіге:

— Неге сен өз бауырыңды ұрып жатырсың?— деді.

Ол болса:

— Сені бізге басшы және төреші етіп кім жіберді? Мысырлықты өлтіргендей, мені де өлтіргің келе ме?— деді.

Мұса бұл сөзден шошып кетті. Ол өзінің мысырлыққа істегені жұртқа мәлім болғанын білді. Бұл жөнінде тіпті перғауын да біліп қойып, Мұсаны өлтіруге адамдар жіберді. Міне, сондықтан Мұсаға Мысырдан қашуға тура келді.

Мұса Мысырдан шалғай жердегі Мадиан еліне қашып кетті. Ол жерде ол Етордың отбасымен кездесіп, оның Сапура деген қызына үйленді. Мұса қойшы болып, Етордың қойын бағып жүрді. Ол Мадиан жерінде қырық жыл өмір сүрді. Мұса сексен жасқа келіп қалған еді. Бір күні Етордың қойын бағып жүргенде, Мұсаның бүкіл өмірін өзгерткен таңғажайып бір оқиға болды. Келесі беттен осы таңғажайып оқиғаны білеміз.