Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

40-ОҚИҒА

Мұсаның жартасты аса таяғымен ұруы

Мұсаның жартасты аса таяғымен ұруы

ЖЫЛДАР өтіп жатты: он жыл, жиырма жыл, отыз жыл, отыз тоғыз жыл! Исраилдіктер әлі құла түзде болатын. Бірақ құла түзде жүрген жылдардың бәрінде Ехоба өз халқына қамқоршы болып жүрді. Ол исраилдіктерді маннамен асырады. Ехоба оларды күндіз алып бұлт арқылы, ал түнде отты алау арқылы жетелеп жүрді. Және осы уақыттың барлығында исраилдіктердің көйлектері тозбады, аяқтары да қажалмады.

Енді Мысырдан шыққаннан бергі қырқыншы жылдың бірінші айы еді. Исраилдіктер тағы да Қадешке шатыр тікті. Бұл осыдан шамамен қырық жыл бұрын олардың Қанахан жеріне он екі тыңшы жіберген жері еді. Қадеште Мұсаның әпкесі Мәриям дүниеден өтті. Ал бұның алдында, осы жерде, исраилдіктер бір қиындыққа тап болды.

Халық ішерге су таппай қалды. Сондықтан олар Мұсаға:

— Одан да өлгеніміз артық еді. Неге бізді Мысырдан алып шығып, мына жарамсыз, ештеңе өспейтін жерге әкелдің? Бұл жерде егін де, інжір де, жүзімдіктер де, анар ағаштары да өспейді. Мұнда ішерге су да жоқ,— деп шағынды.

Мұса мен Һарон Ехобаның шатырына барып дұға еткенде, ол Мұсаға былай деді:

— Бүкіл халықты жина да, олардың көз алдында мына жартасқа тіл қат. Сонда жартастан халықтың өзіне де, малына да жететін су шығады.

Сосын, Мұса бүкіл халықты жинады да:

— Тыңдаңдар, Жаратқан Иеге сенімсіздік танытқандар! Біз Харун екеуміз мына жартастан сендерге су шығарып бермес пе екенбіз?— деді. Осыдан кейін Мұса аса таяғымен жартасты екі рет ұрып еді, жартастан ағыл-тегіл су ақты. Бүкіл халық та, олардың малдары да шөлін қандырды.

Бірақ Ехоба Мұса мен Һаронға ашуланды. Білесің бе не үшін? Өйткені Мұса мен Һарон жартастан суды біз шығарамыз деді. Ал негізінде бұны Ехоба істеген болатын. Мұса мен Һарон жалған сөйлегендіктен, Ехоба оларды жазалайтындығын айтты. Ол:

— Сендер менің халқымды Қанаханға алып кірмейсіңдер,— деді.

Бұдан кейін көп ұзамай исраилдіктер Қадештен шығып, аз уақыт өткен соң, Ор тауына келді. Осы жерде, таудың төбесінде Һарон дүниден өтті. Ол жүз жиырма үш жаста болатын. Исраилдіктер қатты қайғырып, отыз күн бойы бүкіл халық Һаронды жоқтады. Оның ұлы Елазар Исраил халқының Һароннан кейінгі бас діни қызметкері болды.