Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

56-ОҚИҒА

Саул — Исраилдің алғашқы патшасы

Саул — Исраилдің алғашқы патшасы

ҚАРАШЫ, Самуил мына адамның басына май құйып жатыр. Әлдекімнің патша болып тағайындалғанын көрсету үшін, әдетте осылай етілетін. Ехоба Самуилге Саулдың басына май құюды тапсырды. Бұл — жұпар иісті арнайы май.

Саул аса жақсы патша бола аламын деп ойламады.

— Мен Исраилдің ең кіші Бунямин руынан шыққанмын. Неге сен мені патша болады дейсің?— деді ол Самуилге. Ехобаға Саулдың өзін басқалардан жоғары санамайтындығы ұнады. Міне, сондықтан Ол оны патша етіп таңдады.

Бірақ Саул кедей немесе кішкентай елеусіз адам емес еді. Ол ауқатты жерден шыққан, өте көрікті әрі бойшаң адам болатын. Ол бүкіл исраилдіктерден шамамен 30 сантиметрге биік еді! Оның үстіне Саул өте қатты жүгіретін, әрі аса мол күш иесі болатын. Ехобаның Саулды патша етіп тағайындағанына халық қатты қуанып:

— Патша мәңгі жасасын!— деп дауыстады.

Исраилдің жаулары бұрынғысынша күшіне мініп тұрған болатын. Олар әлі де исраилдіктердің берекетін қашырып отырған. Саул патша болған соң, көп ұзамай аммондықтар оларға қарсы соғысқа шықты. Бірақ Саул қалың қол жинап алып, аммондықтармен шайқаста жеңіске жетті. Сондықтан Саулдың патша болғанына халықтың қуанышы қойнына сыймады.

Сондай-ақ бірнеше жылдар бойы исраилдіктер Саулдың басшылығымен жауларын жеңіп, жеңімпаз болып отырды. Саулдың Жонатан деген арыстан жүректі баласы да бар еді. Ол Исраилдің біраз шайқастарда жеңіске жетуіне септігін тигізді. Філістірлер әлі де исраилдіктердің ата жауы еді. Бір күні бірнеше мың філістірлер исраилдіктерге қарсы соғысқа аттанды.

Самуил өзі келіп, Ехобаға құрбандық шалғанша, немесе тарту жасағанша, Саулға күте тұруды бұйырады. Алайда Самуил тез келе қоймайды. Сондықтан філістірлер шабуылды бастап қоя ма деп қорқып, Саул құрбандықты өзі шалады. Сосын, Самуил келген соң, Саулдың бойсұнбағандығын көріп:

— Ехоба исраилдің патшасы болу үшін басқа адамды таңдайды,— дейді.

Біраз уақыттан соң Саул тағы да бойсұнбаушылық жасайды. Сонда Самуил:

— Ехоба үшін ең жақсы тоқтыны тарту еткеннен гөрі, бойсұну әлдеқайда артық. Оған бойсұнбағаның үшін, Ехоба сені Исраилдің патшасы етіп қалдырмайды,— дейді.

Бұл бізге жақсы сабақ. Бұдан Ехобаға әрқашан бойсұнғанның біз үшін қаншалықты маңызды екенін көріп отырмыз. Сонымен қатар Саул сияқты жақсы адамның қалай жаман адамға айналып кеткенін де көрдік. Біз ешқашан жаман адамға айналғымыз келмейді, солай емес пе?