Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

57-ОҚИҒА

Тәңірдің Дәуітті таңдауы

Тәңірдің Дәуітті таңдауы

МЫНА жерде не болғанын көріп отырсың ба? Мына бала кішкентай қошақанды аюдан құтқарып алды. Қойға аю шауып, қошақанды ұстап алып, әкетіп жемекші еді. Бірақ бала оны қуып жетіп, қошақанды аюдың азуынан құтқарып алады. Аю екі аяқтап тұрғанда, бала оған тап береді де, сұлатып салады! Сондай-ақ оның қойды арыстаннан қорғап қалған кезі де болды. Қандай батыр бала, солай емес пе? Бұл баланың кім екенін білесің бе?

Бұл — балғын Дәуіт. Ол Бетлехем қаласында тұратын. Рут пен Боғоздың баласы Ғабит оның атасы болған. Олар сенің есіңде ме? Ал Дәуіттің әкесінің есімі Есей. Дәуіт әкесінің қойын бағатын. Ол Ехоба Саулды патша етіп тағайындағаннан кейін, он жыл өткен соң туылған.

Біраз уақыт өткен соң, Ехоба Самуилге:

— Арнайы майды ал да, Бетлехемдегі Есейдің үйіне бар,— деп бұйырды,— Мен оның ұлдарының бірін патшалыққа тағайындадым.

Самуил Есейдің тұңғышы Елиапты көргенде: “Күмән жоқ, Ехобаның таңдағаны осы болса керек”,— деді өзіне-өзі. Бірақ Ехоба оған:

— Оның бойшаң да көрікті екендігіне қарама. Патша етіп таңдағаным ол емес,— деді.

Сосын, Есей Самуилдің алдына Әминадап деген ұлын алдыртты. Бірақ:

— Жоқ, бұл да Ехобаның таңдағаны емес,— деді Самуил.

Есей оның алдына келесі ұлы Шамманы алдыртты.

— Жоқ, бұл да Ехобаның таңдағаны емес,— деді Самуил.

Осылайша Есей жеті ұлын Самуилдің алдына әкелді, бірақ Ехоба олардың бірде-бірін таңдамаған болып шықты.

— Ұлдарыңның барлығы осы ма,— деп сұрады Самуил.

— Тағы кенжем бар. Бірақ ол далада қой бағып жүр еді,— деп жауап берді Есей.

Самуилге Дәуіт есімді сүйкімді баланы ертіп келгенде, Ехоба:

— Менің таңдағаным осы. Майды осының басына құй,— деді.

Самуил солай етті. Бірақ Дәуіт Исраилдің патшасы болғанға дейін, біраз уақыт өту керек болды.