Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

58-ОҚИҒА

Дәуіт пен Ғолият

Дәуіт пен Ғолият

ФІЛІСТІРЛЕРДІҢ тағы да Исраилге қарсы шыққан кезі еді. Дәуіттің үш ағасы Саулдың әскерімен бірге болатын. Содан Есей бір күні Дәуітке:

— Кішкене қуырылған дән мен біраз нан ал да, ағаларыңның хал-жағдайын біліп қайт,— деді.

Дәуіт әскери қосқа келген соң, ағаларын көру үшін майданның алдыңғы шебіне барды. Осы кезде філістірлік дәу Ғолият исраилдіктерді келеке ету үшін шықты. Ол қырық күн бойы, азанда бір рет, кешке бір рет шығып, осылай ететін. Ол:

— Менімен жекпе-жекке шығуға араларыңнан біреуді таңдаңдар. Егер ол мені өлтіріп жеңіске жетсе, біз сендерге құл боламыз. Ал егер мен оны өлтіріп жеңіске жетсем, сендер бізге құл боласыңдар. Батылы жеткен біреу бар болса, шықсын да, менімен шайқассын,— деп ақырды.

Дәуіт бір жауынгерден:

— Мына філістірлікті өлтіріп, Исраилді осындай масқара болудан құтқарған адамға не беріледі?— деп сұрады.

— Саул оған мол байлық пен қыздарының бірін әйелдікке бермек,— деп жауап берді жауынгер.

Бірақ Ғолият тым үлкен болғандықтан, исраилдіктердің бәрі одан қорықты. Оның бойы үш метрдей болатын, ал қалқанын болса басқа бір жауынгер алып жүретін.

Жауынгерлердің кейбірі Дәуіттің Ғолиятпен жекпе-жекке шыққысы келетінін Саул патшаға жеткізеді. Алайда ол Дәуітке:

— Сен Ғолиятпен жекпе-жекке шыға алмайсың. Өйткені сен тым жассың, ал ол болса өмір бойы жауынгер болып келеді,— дейді.

— Мен әкемнің қойларына шабуыл жасаған аюды да, арыстанды да өлтіргенмін. Бұл філістірлікпен де дәл солай болады. Ехоба маған жар болады,— деп жауап берді Дәуіт.

Сонда Саул:

— Бар, Ехоба сені жарылқасын,— деді.

Дәуіт ылдидағы бұлақтың бойынан біркелкі бес тас теріп алып, дорбасына салды да, қолына сақпанын алып, дәуге қарсы жүрді. Ғолият оны көргенде, өз көзіне өзі сенбеді. Ол Дәуітті оп-оңай өлтіре саламын деп ойлады.

— Бермен кел,— деді Ғолият,— мен сені құс пен аңға жем етейін.

Ал Дәуіт болса оған:

— Сен маған семсер, найза, сүңгіңді алып келсең, мен саған Ехобаның есімімен келдім. Міне, бүгін Ехоба сені менің қолыма береді де, опат боласың,— деді.

Сосын, Дәуіт Ғолиятқа қарсы жүгірді. Ол дорбасындағы тастардың бірін алды да, сақпанына салып, бар күшімен Ғолиятқа қарай атып жіберді. Тас Ғолияттың қақ маңдайына тиді де, ол сұлап түсіп мерт болды! Філістірлер ең күшті жауынгердің сұлап түскенін көргенде, алды-арттарына қарамай қаша жөнелді. Исраилдіктер олардың артынан қуып, жеңіске жетті.