Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

60-ОҚИҒА

Әбигел мен Дәуіт

Әбигел мен Дәуіт

ДӘУІТКЕ қарай келе жатқан көрікті әйелдің кім екенін білесің бе? Оның есімі Әбигел. Бұл өте ақылды әйел және ол Дәуітті жаман әрекет жасаудан арашалап қалады. Алайда біз онымен таныспас бұрын, Дәуіттің басынан кешкен оқиғасын көрелік.

Саулдан қашқан соң, ол бір үңгірге жасырынды. Ағалары да, отбасы да сол жерге келіп Дәуітке қосылады. Сонымен оған төрт жүз кісі келіп бірігеді де, Дәуіт олардың басшысы болады. Бұдан кейін ол Моаб патшасына келіп:

— Рақым етіңіз, басыма не күн туарын біліп алғанымша, ата-анам сізбен бірге бола тұрсыншы,— деп өтінді.

Бұдан кейін ол өз кісілерімен тауда жасырына бастады.

Содан соң Дәуіт Әбигелмен кезікті. Оның күйеуі Набал бай жер иеленуші болатын. Оның үш мың қойы, мың ешкісі бар. Набал залым адам. Ал оның әйелі Әбигел өте көрікті әйел еді. Сонымен қатар ол іс-әрекеттің дұрыс жолын да білетін. Бір жолы оның өз отбасын аман алып қалған кезі де болды. Кел, бұл қалайша болғанын білейік.

Дәуіт пен оның адамдары Набалға жақсылық істейді. Олар Набалдың қойын күзетуге көмектеседі. Сондықтан Дәуіт бір күні бір өтінішпен адамдарын Набалға жібереді. Дәуіт жіберген адамдар Набалға келгенде, ол көмекшілерімен бірге қой қырқып жатқан-ды. Бұл мереке күні болғандықтан, Набалда дәмді тағамдар көп еді. Сондықтан Дәуіт жіберген кісілер:

— Біз саған жақсылық жасадық. Сенің қойларыңның бірін де алмадық, керісінше оларды қарайлауға көмектесе жүрдік. Енді, тілеуің болсын, бізге кішкене тағам берші,— деп өтінеді.

— Мен сендер сияқты адамдарға тағам бермеймін,— дейді Набал. Ол бұл сөздерді қаскөйлікпен айтады және Дәуіт жөнінде жаман нәрселер айтады. Жіберген кісілері Дәуітке қайта оралып, болған нәрсені баяндап бергенде, ол қатты ашуланады да, кісілеріне:

— Семсерлеріңді алыңдар! — деп бұйырады. Ол Набал мен оның адамдарын шабуға аттанады.

Набалдың қаскөй сөздерін естіген адамдарының бірі болған жайды Әбигелге жеткізеді. Ол сол заматта тамақ дайындауға кіріседі. Дайындаған ас-ауқатты есектерге тиейді де, жолға шығады. Ол Дәуітті көргенде, есегінен түсіп, тағзым етеді де:

— Мырзам, рақым етіңізші, менің күйеуім Набалға көңіл аудармай-ақ қойыңызшы. Ол ақылсыз болғандықтан көп ақымақтық жасайды. Мынау — сізге арналған сыйлық. Өтінем, осыны қабыл алып, болған іс үшін бізді кешіре гөріңіз,— дейді.

— Сен дана әйелсің,— деп жауап береді Дәуіт.— Набалдың маған жасаған қаскөйлігі үшін оны өлтіруге бара жатқан райымнан қайтардың. Аман-есен үйіңе қайт. Кейінірек Набал өледі де, Әбигел Дәуіттің әйелдерінің бірі болады.