Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

61-ОҚИҒА

Дәуіттің патша болуы

Дәуіттің патша болуы

САУЛ тағы да Дәуітті ұстап алуға тырысады. Ол өзінің ең жақсы деген үш мың сарбазын алып, Дәуітті іздеуге шығады. Дәуіт бұны білген соң, Саул мен оның кісілерінің қосы қай жерге түнейтінін барлап келуге тыңшыларын жібереді. Дәуіт адамдарының екеуінен:

— Менімен бірге Саулдың қосына кім барады?— деп сұрайды.

— Мен барамын,— деп жауап береді Әбішай. Әбішай — Дәуіттің әпкесі Зүрияның ұлы. Саул мен оның адамдары шырт ұйқыда жатқанда, Дәуіт пен Әбішай ақырын ғана олардың қосына енеді де, Саулдың бас жағындағы найзасы мен су құятын құмырасын алып кетеді. Барлығы қатты ұйықтап жатқандықтан, олардың келгенін ешкім көрмейді де, естімейді де.

Енді Дәуіт пен Әбішайға қарашы. Олар қауіпсіздеу жердегі таудың басына шығып алыпты. Сонда Дәуіт Исраил әскерінің қолбасшысына:

— Әбенир, неге патша ағзамыңды күзетпейсің? Қарашы! Оның найзасы мен құмырасы қайда?— деп дауыстады.

Саул оянып кетті. Ол Дәуіттің даусын танып:

— Сенбісің, Дәуіт?— деп сұрайды. Сен төменде тұрған Саул мен Әбенирді көріп тұрсың ба?

Сонда Дәуіт:

— Иә, патша ағзам,— деп жауап береді де,— мені не үшін қудалап жүрсіз? Мен не жамандық жасадым? Уа, патшам, найзаңыз міне. Кісілеріңіздің бірі келіп алып кетсін,— дейді.

Саул болса:

— Мен ағаттық жасадым. Мен ақылсыз қылық жасадым,— деп мойындайды. Бұдан кейін Дәуіт өз жолымен кетеді, ал Саул қайта үйіне оралады. Бірақ Дәуіт: “Әйтеуір бір күні Саул мені өлтірер. Мен філістірлер жеріне барып паналайын”,— дейді өзіне. Әрі солай етеді де. Ол өзін філістірлердің жағына шыққан адам сияқты көрсетіп жүреді.

Біраз уақыт өткен соң, філістірлер исраилдіктерге қарсы соғысқа шығады. Саул да, Жонатан да осы шайқаста қаза болады. Дәуіт қатты қасірет шегіп: “Сені ойлап қайғырамын, бауырым Жонатан. Сен мен үшін аса қымбат едің!”— деп сазды ән жазады.

Бұдан кейін ол Исраилге оралды да, Хеброн қаласына келді. Осы жерде Саулдың ұлы Есбосатты патша етіп тағайындаған адамдар мен Дәуіттің патша болуын қалаған адамдардың арасында шайқас болды. Ақыр аяғында Дәуіттің адамдары жеңіске жетті. Дәуіт патша тағына отырғанда, отыз жаста болатын. Ол жеті жарым жыл Хебронда патшалық етті. Осы жерде оның Амнон, Абессалом және Адония деген ұлдары туылды.

Біраз уақыт өткен соң, Дәуіт сарбаздарымен әсем қала Иерусалимді жаулап алу үшін жорыққа шығады. Бұл жорықта Дәуіттің әпкесі Зүрияның басқа бір ұлы Жоғаб басшылық етеді. Жорықта жеңіске жеткені үшін Дәуіт Жоғабты әскерінің қолбасшысы етіп тағайындайды. Осы кезден бастап Дәуіт Иерусалимде патшалық ете бастайды.