Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

64-ОҚИҒА

Сүлейменнің ғибадатхана салуы

Сүлейменнің ғибадатхана салуы

ДӘУІТ қайтыс болардың алдында Сүлейменге Тәңірден алған Ехобаға арнап салынатын ғибадатхананың жоспарын табыс етеді. Таққа отырғанына төрт жыл болғанда, Сүлеймен ғибадатхананың құрылысын бастады да, жеті жарым жылдан соң оны салып бітірді. Ғибадатхананың құрылысына он мыңдаған кісі қатысты және бұл құрылысқа аса көп алтын мен күміс жұмсалғандықтан, оған қисапсыз мол қаражат кетті.

Ғибадатхана да киелі шатыр сияқты екі басты бөлмеден тұрды. Бірақ бұл бөлмелер киелі шатырдағыларға қарағанда екі есе үлкен. Сүлеймен келісім сандығын ішкі бөлмеге қойды да, киелі шатырда сақталып келген басқа заттарды екінші бөлмеге қойды.

Ғибадатхана салынып біткен соң, үлкен мереке болды. Мына суретке қарашы, Сүлеймен ғибадатхананың алдында тізерлеп тұрып дұға етіп жатыр.

— Бүкіл аспан сені сыйдыра алмайтын болса,— деп тіл қатты Сүлеймен Ехобаға,— мына ғибадатхана сен үшін қандай тар десеңші. Дегенмен, уа, Тәңірім, халқың осы жерге қарап дұға еткенде естігейсің.

Сүлеймен дұғасын аяқтаған кезде, аспаннан от түседі де, құрбандық шалу үшін дайындап қойған малды жалмап қояды. Ал ғибадатхананың іші Ехобадан келген нұр сәулеге толады. Бұл құбылыс Ехобаның дұғаны естіп тұрғанын әрі ғибадатхананың салынғаны мен Сүлейменның дұғасына Оның разы екенін айқын көрсетеді. Енді халық мінажат етуге киелі шатырға емес, ғибадатханаға келеді.

Сүлеймен ұзақ уақыт бойы даналықпен билік еткендіктен, халық бақытқа кенелген болатын. Алайда ол Ехобаға сиынбайтын елдерден көп әйел алады. Сол әйелдердің бірінің пұтқа табынып жатқанын көріп тұрсың ба? Ақыр аяғында бөгде елдерден алған әйелдері Сүлейменді өздерінің құдайларына табынуға иландырады. Бұдан кейін не болғанын білесің бе? Сүлеймен мейірімділігінен айырылып, қатыгез патшаға айналады. Халық болса енді өзін бақытсыз сезінеді.

Бұл үшін Ехоба Сүлейменге қатты ашуланады да, былай дейді:

— Мен сенен патшалықты алып, басқа адамға беремін. Мен бұны сенің көзің тіріде емес, ұлың билік еткенде істеймін. Бірақ одан патшалықтағы бүкіл халықты тартып алмаймын. Ендеше, бұдан ары не болатынын көрелік.