Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

66-ОҚИҒА

Қатыгез ханым Езабел

Қатыгез ханым Езабел

ИСРАИЛДІҢ он рулы патшалығында Еробоғам патша өлгеннен кейін, билік жүргізген патшалардың бәрі жаман болды. Олардың арасындағы ең жаман патша Ахаб еді. Неге екенін білесің бе? Бұның бірден-бір себебі — оның әйелі қатыгез Езабел ханым.

Езабел исраилдік әйел емес, Сидон патшасының қызы. Ол жалған тәңір Бағалға өзі ғана табынып қоймай, Ахабты және басқа да көптеген исраилдіктерді солай етуге мәжбүр етеді. Езабел Ехобаны жек көреді және оның көптеген пайғамбарларын өлтіртеді. Ал тірі қалғандары өмірін сақтап қалу үшін, үңгірлерде жасырынып жүруге мәжбүр болады. Егер Езабел бір нәрсені алуды қаласа, оған қол жеткізу үшін адам өлтіруден де тайынбайтын.

Бір күні Ахаб патшаның көңілі жабырқау болады. Сондықтан Езабел одан:

— Неге бүгін жабырқаусың?— деп сұрайды.

— Набутайдың маған айтқан сөзінен,— деп жауап береді Ахаб.— Мен оның жүзімдігін сатып алғым келіп еді. Бірақ ол сатудан бас тартты.

— Уайымдама,— деді Езабел.— Жүзімдік сенікі болады.

Сосын, ол Набутай тұратын қаланың басшыларына хат жазады. Бұл хатта ол: “Бірнеше оңбаған адам Құдай мен патшаға тіл тигізді деп Набутайға жала жапсын да, оны қаланың сыртына шығарып, таспен ұрып өлтірсін”,— деп бұйырады.

Аз уақыт өткен соң Езабел Набутайдың өлгенін біледі де, Ахабқа:

— Енді бар да, жүзімдігіңді иемден,— дейді. Езабелді бұндай сұмдық ісі үшін жазалау керек екендігімен келіспес пе едің?

Біраз уақыт өткен соң, Ехоба Иқу деген кісіні Езабелді жазалауға жібереді. Ол Иқудың келе жатқанын ести сала, көздеріне сүрме жағып, сәнденіп алады. Бірақ Иқу келіп, Езабелдің терезе алдында отырғанын көргенде, оның жанындағы кісілерге:

— Оны терезеден лақтырып жіберіңдер!— деп айғайлайды. Мына суреттен өзің көріп тұрғандай, олар Иқудың айтқанын істейді. Езабелді жерге лақтырып жібереді де, ол өліп қалады. Міне, осылайша қатыгез ханым Езабел жоқ болады.