Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

68-ОҚИҒА

Өлгеннен кейін қайта тірілген екі бала

Өлгеннен кейін қайта тірілген екі бала

СЕН өліп, кейін қайта тірілгеніңді көз алдыңа елестетші. Қалай ойлайсың, сенің анаң қандай сезімде болар еді? Оның қуанышында шек болмас еді! Алайда өлген адам қайта тіріле ме? Бұрын-соңды мұндай нәрсе болған ба?

Мына суреттегі ер кісі мен әйелге және кішкентай балақайға қарашы. Бұл адам — Ілияс пайғамбар. Әйел — Сарепта қаласында тұратын жесір, ал балақай — оның ұлы. Бір күні балақай науқастанып қалады. Ол күннен-күнге нашарлай түсіп, ақыр аяғында өледі. Сонда Ілияс оның анасына:

— Балаңды маған бер,— дейді.

Ілияс баланы жоғарғы бөлмеге алып кетіп, кереуетке жатқызады да:

— Уа, Ехоба, бала қайта тірілетіндей етші!— деп дұға етеді. Бала дем ала бастайды! Сосын, Ілияс оны қайта анасына әкеліп:

— Қара, сенің балаң тірі!— деп дауыстайды. Міне, сондықтан бұл ананың қуанышында шек жоқ.

Ехобаның тағы да бір көпшілікке мәлім пайғамбарының есімі Елішә. Ол Ілиястың көмекшісі. Біраз уақыт өткен соң, Ехоба Елішә арқылы да кереметтер жасайды. Бір күні Елішә Сонам қаласына барады. Сол қалада тұратын бір әйел оған көп жақсылық жасайды. Кейінірек бұл әйел бір ұл табады.

Бала біраз өсіп қалған шақта, бір күні ол егістіктегі әкесіне барады. Кенет ол:

— Басым, басым ауырып барады,— деп айғайлайды. Оны үйге алып келгенде, бала өліп қалады. Анасы үшін бұл қандай қасірет десеңші! Әйел кідірместен Елішәға аттанады.

Елішә әйелдің үйіне келіп, өлі бала жатқан бөлмеге кіреді. Ол Ехобаға дұға етіп алады да, баланың денесінің үстіне жатады. Көп ұзамай баланың денесі жылып, ол жеті рет түшкіреді. Бөлмеге кіріп, баласының тірі екенін көргенде, анасы қандай қуанышқа кенелді десеңші!

Қаншама адамдар өмірден өтті. Бұл олардың отбасы мен достарын аса зор қайғыға батырды. Адамдар өлілерді қайта тірілтуге дәрменсіз. Бірақ бұл Ехобаның қолынан келеді. Кейінірек біз Ехобаның миллиондаған адамдарды қалай қайта тірілтетінін білеміз.