Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

70-ОҚИҒА

Жүніс және алып балық

Жүніс және алып балық

СУ АСТЫНДАҒЫ адамға қарашы. Оның басына қандай қиындық туғанын көріп тұрсың ба? Мына балық оны жұтып қоймақ! Бұл кісінің кім екенін білесің бе? Оның есімі Жүніс. Кел, оның бұл қиын жағдайға қалай душар болғанын көрейік.

Жүніс — Ехобаның пайғамбары. Елішә пайғамбар өлгеннен кейін көп ұзамай, Ехоба Жүніске:

— Ниневи деген үлкен қалаға бар. Мен сенің осы қаланың тұрғындарына олардың күнәсі аса көп екендігін жариялағаныңды қалаймын,— деді.

Алайда Жүніс барғысы келмей, Ниневиге қарама-қарсы жаққа жүзетін кемеге мінеді. Жүністің қашып бара жатқаны Ехобаға ұнамайды. Сондықтан Ол қатты дауыл тұрғызады. Дауылдың қатты болғаны соншалық, кеме әп-сәтте суға батып кететін болған соң, теңізшілер аласұрып құдайларына жалбарына бастайды.

Ақыр аяғында Жүніс оларға:

— Мен көк пен жерді жаратқан Құдайға, Ехобаға, ғибадат етемін және Ехобаның істе деген ісін істемей, қашып барамын,— дейді. Сонда теңізшілер одан:

— Дауылдың тоқтауы үшін біз не істеуіміз керек?— деп сұрайды.

— Мені теңізге тастап жіберіңдер, сонда ол қайта тынышталады,— дейді Жүніс. Теңізшілер олай еткісі келмейді, бірақ дауыл күшейе түскен соң, ақыры Жүністі теңізге тастап жібереді. Сол сәтте дауыл тоқтап, теңіз тыныштала қалады.

Су астында Жүністі алып бір балық жұтып қояды. Бірақ Жүніс өлмейді. Алайда үш күн, үш түн бойы балықтың құрсағында болады. Ол Ехобаға бойсұнбаушылық көрсетіп, Ниневиге бармай қойғанына әбден өкінеді. Жүніс не істегенін білесің бе?

Ол Ехобадан көмек сұрап дұға етеді. Ехоба балықтың құрсағындағы Жүністі қайта құрлыққа шығарып тастатты. Бұдан кейін ол Ниневиге бет алады. Бұл оқиға бізге Ехобаның айтқандарының барлығын орындау маңызды екендігін үйретеді емес пе?

Жүніс кітабы.