Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

72-ОҚИҒА

Жаратқан Иенің Езекия патшаға көмектесуі

Жаратқан Иенің Езекия патшаға көмектесуі

МЫНА адамның неге Ехобаға дұға етіп жатқанын және неге мына хаттарды оған арнап құрбандық шалатын орынның алдына жайып тастағанын білесің бе? Бұл — екі рулы оңтүстік Исраил патшалығының патшасы Езекия. Ол қиын жағдайға тап болып қалды. Неге?

Өйткені Ассирия патшасының әскері он рулы Исраил патшалығын құлатқан еді. Ол елдің тұрғындары өте жаман болған соң, Ехоба бұған жол берді. Ал енді Ассирия әскері Исраилдің екі рулы патшалығымен соғысқалы келіп отыр.

Езекия патша қазір ғана Ассирия патшасынан хат алды. Мынау Жаратқан Иенің алдына жайып салғаны сол хаттар еді. Хаттарда Ехобаның атына кір келтіріліп, ал Езекияға тұтқынға берілуі ұсынылған. Міне, сондықтан Езекия:

— Уа, Ехоба, бізді Ассирия патшасынан құтқара гөр. Сонда барлық халықтар Сенің ғана Жаратқан Ие екеніңді біледі,— деп дұға етуде. Ехоба Езекияның дұғасына жауап берді ме?

Езекия жақсы патша. Ол Исраилдің он рулы патшалығындағы зұлым патшалардай және өзінің зұлым әкесі Ахаздай емес. Ол Ехобаның заңдарының барлығына бойсұнуға тырысатын. Сондықтан Езекия дұға етіп бола бергенде, Ишая пайғамбар оған мынадай хабар жібереді:

— Ассирия патшасы Иерусалимге кірмейді. Оның бірде-бір сарбазы қалаға жақындамайды. Бірде-бір оқ қалаға қарай атылмайды.

Осы беттегі суретке қарашы. Өліп жатқан адамдардың кім екенін білесің бе? Бұл — ассириялықтар. Ехоба өзінің періштесін жіберіп, ол бір түннің ішінде Ассирияның жүз сексен бес мың жауынгерін қырып кетті. Осыдан соң Ассирия патшасы шегініп, үйіне қайтып кетеді.

Екі рулы патшалық құтқарылады да, біраз уақыт бейбіт өмір кешеді. Езекия өлген соң, оның орнына ұлы Манаса патша тағына отырады. Манаса мен одан кейін патшалық еткен оның ұлы Амон жаман патша болғандықтан, ел тағы да зорлық-зомбылыққа толады. Бұдан кейін Амон патшаны өзінің қызметшілері өлтіреді де, екі рулы патшалықта оның ұлы Жосия патша болады.