Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

73-ОҚИҒА

Исраилдің соңғы жақсы патшасы

Исраилдің соңғы жақсы патшасы

ЖОСИЯ оңтүстік Исраилдің екі руының патшасы болып тағайындалғанда, небары сегіз жаста болатын. Ол патша болу үшін тым жас болғандықтан, алғашқыда ел билеуге оған бірнеше үлкен кісілер көмектеседі.

Жеті жыл патшалық еткен соң, Жосия Ехобаны іздей бастайды. Ол Дәуіт, Жосафат және Езекия сияқты жақсы патшалардың ізін қуады. Жасөспірім шағының өзінде-ақ ол бір батыл іс жасайды.

Ұзақ уақыт бойы исраилдіктердің көпшілігі өте жаман іс істеп келді. Олар жалған тәңірлерге табынды. Сондықтан Жосия қызметкерлерімен бірге шығып, өлкені жалған тәңірлерге табынудан тазартады. Бұл аса мол күш салуды талап етті, өйткені жалған тәңірлерге адамдардың көпшілігі табынатын. Осы беттегі суреттен сен оның қызметкерлерімен бірге пұттарды жойып жатқанын көріп тұрсың.

Бұдан кейін Жосия үш кісіні Ехобаның ғибадатханасындағы жөндеу жұмыстарының үстінен бақылаушы етіп қояды. Істелінетін жұмыстар үшін бұл кісілерге халықтан ақша жинап береді. Жұмыс барысында бас діни қызметкер Хелкия ғибадатханадан аса маңызды бір зат тауып алады. Бұл көп жылдар бұрын Ехобаның Мұсаға жаздырған заң кітабы еді. Табылған кітап ұзақ уақыттан бері жоғалған болып есептелетін.

Кітапты Жосияға әкелгенде, ол оны дауыстап оқып беруін сұрайды. Жосия кітапта жазылғандарды тыңдап отырып, халықтың Ехобаның заңын орындамай жүргенін түсінеді. Өзің мына суреттен көріп отырғандай, Жосия қатты қамығып, киімін жыртады.

— Ехоба бізге ашулы, өйткені біздің ата-бабаларымыз мына кітапта жазылған заңды орындамаған,— дейді ол.

Жосия бас діни қызметкер Хелкияға исраилдіктердің бұнысы үшін Ехобаның не істейтін ниеті бар екенін анықтауды бұйырады. Хелкия болса Олдама деген әйел пайғамбарға барады да, одан:

— Жалған тәңірлерге табынып жүргені үшін және жер дүние зұлым істерге толғаны үшін Иерусалим мен бүкіл халық жазаланады. Бірақ сен дұрыс әрекет еткендіктен, бұл жаза сенің көзіңнің тірісінде болмайды,— деген жауап әкеледі.