Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

75-ОҚИҒА

Бабылдағы төрт бозбала

Бабылдағы төрт бозбала

НАБУХОДОНОСОР патша ең зиялы исраилдіктердің бәрін Бабылға алып кетеді. Бабылға барған соң, патша олардың арасынан ең көрікті де зерек бозбалаларды іріктеп алады. Мына суреттен сен олардың төртеуін көріп тұрсың. Олардың бірінің есімі Даниял, ал қалған үшеуін бабылдықтар Шидрақ, Мишақ және Абденаго деп атайды.

Набуходоносор бұл бозбалаларға тәлім бергізіп, сосын, өзінің сарайында қызмет еткізбек. Үш жыл тәлім алғаннан кейін патша ең парасатты дегендерін таңдап алып, өз патшалығындағы өзекті мәселелерді шешуге көмекші етіп қоймақ. Бозбалалар тәлім алып жатқан уақыт аралығында патша олардың қажырлы әрі денсаулықтары мықты болуын қалайды. Сондықтан ол өзінің үйі ішіп-жеген тағамды оларға да ішіп-жегізуді бұйырады.

Жас Даниялға қарашы. Набуходоносордың бас уәзірі Ашпеназға оның не түсіндіріп жатқанын білесің бе? Патшаның дастарқанынан ішіп-жегісі келмейтіндігін түсіндіруде. Бірақ Ашпеназ қобалжуда.

— Патша сендердің не ішіп, не жейтіндеріңді шешіп қойған,— дейді ол.— Егер сендер өзге бозбалалардай қуатты болмасаңдар, ол мені өлтіреді.

Сонда Даниял өзінің де, үш досының да үстінен Ашпеназ бақылауға қойған қарауылға барады.

— Өтінем, бізге он күн сынау мерзімін берші,— дейді ол.— Бізге тек жеміс-жидек пен су бер де, сосын, патшаның дастарқанынан тамақтанған басқа балалармен салыстыр. Сонда кімнің жақсы күйде екенін көресің.

Қарауыл бұған келіседі. Он күн өткен соң, Даниял мен оның үш досы басқа бозбалаларға қарағанда қуаттылау болады. Сондықтан қарауыл оларға бұдан былай да патша тағамының орнына жеміс-жидекпен қоректенуге рұқсат береді.

Үш жыл өткен соң, бозбалалардың барлығын Набуходоносордың алдына әкеледі. Патша олардың әрқайсымен әңгімелескеннен кейін, Даниял мен оның достарының қалғандарының бәрінен зерек екенін көреді. Сондықтан оларды өзінің сарайына көмекші етіп қалдырады. Набуходоносор патша олардан қандай сұрақтың немесе мәселенің шешімін сұрамасын, олар патша сопыларының немесе данышпандарының кез келгенінен он есе артық білетін болып шығады.