Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

79-ОҚИҒА

Даниял арыстандары бар орда

Даниял арыстандары бар орда

ӘТТЕГЕН-АЙ! Даниял үлкен бақытсыздыққа ұшырап қалғанға ұқсайды. Бірақ арыстандар оған тиіспейді! Неге екенін білесің бе? Оны арыстандарға тастаған кім болды екен? Кел, білейік.

Енді Бабылда Дари деген адам патшалық етуде. Ол мейірімділігі мен даналығы үшін Даниялды өте жақсы көретін. Сондықтан оны өз патшалығына әкім етіп тағайындайды. Ал патшалықтағы басқа адамдарды қызғаныш билейді де, мынандай бір әрекет істейді.

Олар Дари патшаға келіп, былай деп ұсыныс жасайды:

— Уа, патша, біз сенің отыз күн бойы патшадан басқа еш құдайды да, адамды да дәріптеп дұға етуге болмайды деген заң шығаруың керек деп шештік. Кімде-кім заңды бұзса, арыстандарға жем болады.

Дари бұл адамдардың неге бұндай заң шығарғысы келгенін білмейді. Бірақ оған бұл ұсыныс ұнайды, сондықтан ол осындай заң шығарады. Енді шығарылған заңды өзгертуге болмайтын еді.

Даниял бұл заңның қабылданғанын біле тұра, бұрынғы дағдысы бойынша үйіне барады да, дұға етеді. Залым адамдар Даниялдың Ехобаға дұға етуді ешқашан доғармайтынын білетін. Сондықтан Даниялдың көзін құрту үшін құрған жоспарлары іске асатын сияқты болып көрінгеніне олар қуанады.

Бұл адамдарға мұндай заң шығару не үшін керек болғанын білгенде, Дари патша қатты қапаланады. Алайда енді оны өзгерте алмайтын болғандықтан, Даниялды арыстандары бар орға тастатуға бұйрық беруге мәжбүр болады. Сөйтсе де ол Даниялға былай дейді:

— Қызмет етіп жүрген Құдайың сені құтқарып қалады деп үміттенемін.

Даридің ұнжырғасы түсіп, сол күні түнде ұйқыдан қалады. Таң атысымен ол арыстандары бар орға жүгіріп келеді. Сен оны мына суреттен көріп тұрсың. Ол:

— Даниял, тірі Құдайдың қызметшісі! Қызмет етіп жүрген Құдайың сені арыстандардан құтқарды ма?— деп айғайлайды.

— Құдай арыстандардың аранын жабу үшін періштесін жіберді де, олар маған тиіскен жоқ,— деп жауап береді Даниял.

Патша шын жүректен қуанады. Ол Даниялды ордан шығартып алады да, оның орнына одан құтылғысы келген залым адамдарды тастауды бұйырады. Ордың түбіне жетер-жетпес ол адамдарға арыстандар бас салып, пәршек-пәршегін шығарады.

Осыдан кейін Дари патша өз патшалығындағы тұрғындардың бәріне былай деп жазады: “Барлық адамдарға Даниялдың Құдайын қастерлеуді бұйырамын. Ол зор кереметтер жасайды. Даниялдың Құдайы оны арыстандардан аман алып қалды”.