Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

80-ОҚИҒА

Құдай халқының Бабылдан шығуы

Құдай халқының Бабылдан шығуы

МИДИЯЛЫҚТАР мен парсылардың Бабылды жаулап алғанына екі жылдай болды. Енді не болып жатқанын қарашы! Иә, исраилдіктер Бабылдан шығып барады. Қалайша олар азаттық ала алды екен? Олардың кетуіне кім рұқсат берді?

Парсы патшасы Кир. Кирдің туылуынан ұзақ уақыт бұрын Ехоба Ишая пайғамбарға ол жөнінде былай деп жаздырды: “Менің еркімде не болса, сен соны бұлжытпай орындайсың. Қаланың қақпасы ашық қалады да, сен қаланы жаулап аласың”. Дәл солай болып шықты. Бабыл Кирдің басшылығымен жаулап алынды. Қаланың қақпасы түнде ашық қалып қойып, мидиялықтар мен парсылар қалаға баса-көктеп кіреді.

Оның үстіне Ехобаның пайғамбары Ишая Кирдің Иерусалим мен ондағы ғибадатхананы қайта қалпына келтіруге рұқсат беретінін айтқан. Ол осындай бұйрық берді ме? Кир исраилдіктерге былай дейді:

— Кідірместен Иерусалимге барыңдар да, Құдайларың Ехобаға ғибадатхана соғыңдар.

Қазір мына исраилдіктер сонда бара жатыр.

Бірақ Иерусалимге барар ұзақ жолды Бабылда тұратын исраилдіктердің барлығы жүріп өте алмайды. Бұл жолдың ұзақтығы сегіз жүз шақырым, ал исраилдіктердің көпшілігі өте қартаң немесе ауру. Кейбіреулерінің бармай қалуына басқа да себептер бар. Бірақ Кир осы бармайтындарға былай деп бұйырды:

— Иерусалим мен оның ғибадатханасын қалпына келтіруге бара жатқандарға алтын, күміс және басқа да сый беріңдер.

Осылайша Иерусалимге оралған исраилдіктер мол сыйлыққа ие болады. Сонымен қатар Кир оларға Иерусалим күйрегенде Ехобаның ғибадатханасынан Набуходоносор патша алып шыққан ыдыс-аяқтарды табыс етеді. Халық өзімен көп зат алып кетеді.

Төрт айға созылған сапардан кейін исраилдіктер дәл мезгілінде Иерусалимге қайта оралады. Қала күйреп, қаңырап, мүлдем бос қалғаннан бері толық жетпіс жыл өткен еді. Ал келесі тараудан исраилдіктер өз отанына оралғанмен, үлкен қиындықтарға душар болғанын білеміз.