Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

83-ОҚИҒА

Иерусалим қорғаны

Иерусалим қорғаны

ҚАНДАЙ жұмыс жүріп жатқанына қарашы. Исраилдіктер Иерусалим қорғанын қалпына келтіріп жатыр. Осыдан жүз елу екі жыл бұрын Набуходоносор патша Иерусалимді күйретіп, оның қорғанын талқандап, қақпаларын өртеп жіберген болатын. Бабылдан отанына қайта оралған алғашқы исраилдіктер жаңадан қорған соқпаған-ды.

Қалай ойлайсың, қорғаны жоқ қаланың тұрғындары осы жылдардың бәрінде өздерін қалай сезінді екен? Әрине, олар өздерін қауіпсіз сезінген жоқ. Дұшпандары оларға оп-оңай шабуыл жасай алар еді. Дегенмен, міне, енді Нехемия халықтың жаңа қорған соғуына көмектесуде. Нехемияның кім екенін білесің бе?

Нехемия — Мардохай мен Естер сияқты Суз қаласында тұратын исраилдік кісі. Ол патша сарайында қызмет етеді. Бәлкім, Нехемия Мардохаймен және Естер ханыммен жақсы таныс болған да болар. Алайда Киелі кітапта Нехемия Естердің күйеуі Артаксеркстің кезінде қызмет етті делінбейді. Ол басқа Артаксеркс патшаның кезінде қызмет етеді.

Иерусалимдегі Ехобаның ғибадатханасын жөндеу үшін Езраға ақша берген мейірімді патша Артаксеркс есіңде ме? Бірақ Езра қаланың қорғанын қалпына келтірмеген еді. Бұл істі Нехемия қалай жүзеге асырғанын білейік.

Артаксеркс ғибадатхананы жөндеу үшін Езраға ақша берген уақыттан бері он үш жыл өтеді. Бұл уақытта Нехемия Артаксеркс патшаның ордасында бас шарапшы болып қызмет атқарып жүреді. Ол патшаға шарап ұсынып, оны ешкім уландырып қоймауын қадағалайтын. Бұл өте жауапты жұмыс еді.

Сонымен, бір күні Исраил жерінен Нехемияның халін білуге бауыры Ханани және онымен бірге бірнеше кісі келеді. Олар исраилдіктердің душар болған қиындықтары мен Иерусалимнің қорғаны әлі күнге дейін қалпына келтірілмегенін айтады. Нехемия қатты қамығып, бұл жөнінде Ехобаға дұға етеді.

Бір күні Нехемияның аса жабырқау екенін патша байқайды да:

— Неге мұнша жабырқаусың?— деп сұрайды. Нехемия Иерусалимнің аянышты күйде екенін әрі оның қорғаны күйреген күйінде жатқанын түсіндіреді.

— Сенің қалауың не?— деп сұрайды патша.

— Иерусалимнің қорғанын қалпына келтіру үшін сонда баруға рұқсат етші,— деп өтінеді Нехемия. Артаксеркс өте мейірімді патша. Ол Нехемияның баруына рұқсат береді, әрі құрылысқа қажетті ағаш алуына да көмектеседі. Иерусалимге келе сала, Нехемия халыққа өзінің жоспарын жария етеді. Оның жоспары халыққа ұнап, олар:

— Соғамыз,— деп шешеді.

Қорғанның соғылып жатқанын көргенде, исраилдіктердің жаулары:

— Жүріңдер, оларды өлтірейік те, қорғанның құрылысын тоқтатып қояйық,— деп келіседі.

Бірақ бұл Нехемияның құлағына жеткенде, ол жұмысшылардың қолына семсер мен найза беріп қояды да:

— Жауларыңнан қорықпаңдар. Бауырларың үшін, балаларың үшін, әйелдерің мен үйлерің үшін күресіңдер,— деп шақырады.

Халық әбден қайраттанып алады. Олар қолдарына қару ұстаған күйі күн-түн демей құрылысты жалғастыра береді. Небары елу екі күннің ішінде қорғанды соғып бітіреді. Енді халық өзін қауіпсіздікте сезінеді. Нехемия мен Езра оларға Құдайдың заңын үйретеді. Сондықтан исраилдіктер өздерін аса бақытты сезінеді.

Сөйтсе де бәрібір өмір енді Бабыл тұтқындығына дейінгідей емес еді. Себебі елді Парсы патшасы билеуде, ал халық оған қызмет етуі керек. Алайда Ехоба бейбітшілік орнататын жаңа патша жіберемін деп уәде еткен-ді. Бұл патша кім болды екен? Ол жер бетінде қалайша бейбітшілік орнатар екен? Бұл жөнінде мәлім болғанға дейін тағы да төрт жүз елу жыл өтеді. Сол кезде бала атаулының дүниеге келуіндегі ең бір ғажап нәрсе болады. Бұл жөнінде келесі әңгімеде баяндалады.