Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

84-ОҚИҒА

Періштенің Мәриямға келуі

Періштенің Мәриямға келуі

МЫНА сүйкімді қыз — Мәриям. Ол — Назарет қаласында тұратын исраилдік қыз. Жаратқан Ие оның өте жақсы адам екенін біледі. Сондықтан Ол өзінің періштесі Жәбірейілді осы қызбен сөйлесуге жібереді. Жәбірейілдің Мәриямға не дегенін білесің бе? Кел, көрелік.

— Қайырлы күн, ерекше жарылқанған жан,— деді оған Жәбірейіл.— Ехоба саған жар.

Мәриям бұрын-соңды оны көрмеген еді. Оның не айтқысы келгенін түсінбегендіктен, абыржып қалды. Бірақ Жәбірейіл сол заматта оның көңілін орнықтырады.

— Қорықпа, Мәриям,— деді ол.— Ехоба саған разы. Сондықтан Ол саған ғажап нәрсе істемек. Көп ұзамай сен жүкті болып, ұл бала туасың да, оның атын Иса деп қоясың.

Бұдан кейін Жәбірейіл былай деп түсіндірді:

— Бұл бала мәртебелі болып, Құдай Тағаланың Ұлы деп аталады. Ехоба оны Дәуіт қандай патша болса, сондай Патша етеді. Бірақ Иса мәңгі патшалық етеді, оның Патшалығында шек болмайды!

— Бұл қалай болады?— деп таңданады Мәриям.— Мен әлі тұрмысқа шықпағанмын ғой. Мен еркекпен жақындасқан да емеспін. Сонда қалайша балалы болуым мүмкін?

Жәбірейіл сонда:

— Сенің үстіңе Құдайдың киелі рухы көлеңкесін түсіреді. Сондықтан бұл бала Құдайдың Ұлы деп аталады,— деп жауап береді де, Мәриямға тағы былай дейді:— Өзіңнің жақын апаң Елізабетті есіңе түсірші. Жұрт оны құрсақ көтеруге қартайып қалды деуші еді ғой. Бірақ жақында ол жүкті болды. Көрдің бе, Құдай істей алмайтын нәрсе жоқ.

Мәриям лезде келісіп:

— Мен Ехобаның күңімін. Айтқаныңыз келсін,— деп жауап береді. Бұдан кейін періште ғайып болады.

Мәриям болса Елізабетке баруға асығады. Елізабет Мәриямның даусын естігенде, оның ішіндегі нәрестесі қуаныштан тыпырлап кетеді. Елізабет киелі рухқа кенеледі де, дауыстап:

— Құдай әйелдердің ішінде сені жарылқаған,— дейді. Мәриям Елізабетпен үш ай бірге тұрады да, бұдан кейін Назареттегі үйіне қайтып кетеді.

Мәриям жақында Жүсіп деген жігітке тұрмысқа шыққалы отырған. Бірақ Мәриямның жүкті екенін естігенде, Жүсіп оған үйленгісі келмей, айнып қалады. Сонда Құдайдың періштесі оған былай дейді:

— Сен қалыңдығың Мәрияммен некелесуге қорықпа. Оның ішіндегі бала Құдайдың киелі рухынан пайда болған. Осыдан кейін Мәриям мен Жүсіп үйленді де, Исаның туылуын күтті.