Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

89-ОҚИҒА

Исаның ғибадатхананы тазартуы

Исаның ғибадатхананы тазартуы

ИСА мына жерде шындап ашуланғанға ұқсайды, рас па? Оның не үшін ашуланғанын білесің бе? Иса Құдайдың ғибадатханасындағы адамдардың сараңдығына ашуланды. Олар осында Жаратқан Иеге ғибадат етуге келген адамдардың арқасында көп ақша тапқысы келеді.

Ана жердегі бұзауларды, қойлар мен көгершіндерді көріп тұрсың ба? Мына адамдар оларды дәл осы ғибадатхананың ішінде сатады. Неге екенін білесің бе? Жаратқан Иеге құрбандық шалу үшін исраилдіктерге мал керек.

Құдайдың заңында былай делінген болатын: егер исраилдік кісі қиянат жасаса, Құдайға құрбандық шалуы керек. Сондай-ақ исраилдіктер басқа жағдайларда да құрбандық шалулары керек болатын. Алайда Құдайға құрбандық шалу үшін исраилдік кісі мал мен құсты қайдан алады?

Кейбіреулерінің құстары мен малдары бар болатын. Олар өздерінің малынан алып құрбандық шалатын. Бірақ көпшілігінің малы мен құстары жоқ еді. Басқалары болса Иерусалимнен өте алыста тұратын болғандықтан өз малдарын ғибадатханаға әкеле алмайтын. Сол себепті қажетті мал мен құсты адамдар дәл осы жердің өзінен сатып алатын. Бірақ сатушылар сатып алушылардан тым қымбат баға сұрайтын. Олар халықты алдайтын. Оның үстіне, олар Құдайдың ғибадатханасында сауда жасамаулары керек еді.

Міне, Иса осы үшін ашуланды. Ол ақша алмастырушылардың үстелдерін аударып жіберіп, ақшаларын шашып тастайды. Сосын, ол арқаннан қамшы өріп, бар малды ғибадатханадан қуып шығады. Көгершін сатушыларға болса: “Мыналарыңды бұл арадан жылдам әкетіңдер! Әкемнің үйін арам олжа табатын орынға айналдырмаңдар!”— деп бұйырады.

Иерусалим ғибадатханасында Исамен бірге оның кейбір ізбасарлары да бар еді. Олар Исаның істеген ісіне таң қалады. Кейінірек олар Құдай Ұлы туралы Киелі кітапта: “Құдайдың үйіне деген сүйіспеншілік онда өрттей лаулайды”,— деп жазылған сөздерді естеріне алады.

Иерусалимдегі Құтқарылу мейрамы кезінде Иса көптеген кереметтер жасайды. Мейрамнан кейін ол Яһудеядан шығып, Ғалилеяға оралады. Жолда Иса Самария өлкесінен өтеді. Кел, осы жерде не болғанын білейік.