Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

95-ОҚИҒА

Исаның тәлім беру тәсілі

Исаның тәлім беру тәсілі

БІР күні Иса бір адамға маңайындағы кісіні немесе жақынын жақсы көру керек екендігін айтады. Сонда ол Исадан: — Маңайымдағы кісі немесе жақыным кім болғаны,— деп сұрайды. Иса бұл адамның не ойлап тұрғанын біледі. Ол бір нәсілге немесе бір дінге жататын адамдар ғана маңайыңдағы жақын кісі болады деп есептейді. Сондықтан Исаның оған қалай жауап бергенін білейік.

Кейде тәлім беру үшін Иса қандай да бір оқиғаны әңгімелеп беретін. Бұл жолы да ол солай етеді. Иса бұл жолы яһуди мен самариялық туралы астарлы әңгіме айтып береді. Бұдан бұрын біз яһудилердің барлығы дерлік самариялықтарды жек көретінін білдік. Исаның оқиғасы мынадай.

Бір күні бір яһуди таулы жердегі жолмен Иерихон қаласына кетіп бара жатады. Кенет оған қарақшылар бас салып, киімдерін сыпырып алып, ақшасын тартып алып, өзін жаралап, шала-жансар етіп тастап кетеді.

Біраз уақыт өткен соң, сол жолмен яһудилердің діни қызметкері өтеді. Бұл діни қызметкер соққы жеген адамды көреді. Қалай ойлайсың, ол не істеді? Ол жолдың арғы бетіне өтті де, өз жөнімен кете барды. Бұдан кейін сол жолмен тағы бір аса діншіл адам өтті. Ол леуілік еді. Леуілік не істеді екен? Жоқ, ол да жапа шеккен кісіге көмек көрсетпеді. Көріп тұрсың ба, діни қызметкер мен леуілік сол жолмен төмен түсіп бара жатыр.

Бірақ соққы жеген адамның қасында қазір кім отырғанына қарашы. Мынау самариялық кісі ғой. Қазір ол яһудиге көмектесіп, оның жарасын таңып жатыр. Сосын, ол яһудиді демалып, денсаулығын жақсартатын жерге әкеледі.

Әңгімесін аяқтаған соң, Иса өзіне сұрақ қойған кісіден:

— Осы үшеуінің қайсысы жапа шеккен адамға жақыны ретінде мейірімділік көрсетті деп ойлайсың? Діни қызметкер ме, леуілік пе, әлде самариялық па?— деп сұрайды.

— Самариялық. Өйткені ол оған қайырымдылық көрсетті,— деп жауап береді ол.

— Дұрыс айтасың. Сондықтан сен де өзге адамдарға солай ет,— дейді Иса.

Иса тәлімді жақсы береді, солай емес пе? Исаның Киелі кітапта не айтқанынына зейін қойсақ, біз көп нәрсе үйренеміз, рас па?