Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

104-ОҚИҒА

Исаның көкке оралуы

Исаның көкке оралуы

СОЛ уақыт аралығында Иса шәкірттеріне көп рет көрінеді. Бір жолы оны бес жүзге жуық шәкірті көреді. Исаның оларға не жөнінде айтқанын білесің бе? Құдай Патшалығы жөнінде. Ехоба Исаны жерге Патшалық туралы тәлім беру үшін жіберген болатын. Иса қайта тірілгеннен кейін де, Патшалық туралы тәлім беруін жалғастыра береді.

Құдай Патшалығы деген не екені есіңде ме? Иә, Патшалық — Құдайдың көктегі үкіметі, ал Иса — Құдай тағайындаған Патша. Бұдан алдын білгеніміздей, Иса ашыққандарды тамақтандырып, ауруларды сауықтырып, тіпті өлілерді қайта тірілткенде, өзінің қандай тамаша Патша болатынын көрсеткен!

Иса мың жыл бойы патшалық еткен кезде, жер қандай болар екен? Иә, бүкіл жер беті ғажап жұмаққа айналады. Соғыс, қылмыс, ауру, тіпті өлім де болмайды. Біз бұның орындалатынын білеміз, өйткені Құдай о баста адамдардың жердегі жұмақта бақытты өмір сүргенін қалаған. Сол себепті Жаратқан Ие бастапқыда Едем бағын отырғызған еді. Ал Иса Құдай еркінің толығымен орындалуының қамын жейді.

Енді Исаның көкке оралар мезгілі жетті. Ол қырық күн бойы шәкірттеріне көрініп жүреді. Сондықтан олар Исаның тірі екеніне берік сенімді. Шәкірттерін тастап кетпес бұрын, Иса оларға: “Киелі рухқа бөленгенше Иерусалимде болыңдар”,— дейді. Киелі рух — ескен жел сияқты Ехобаның әрекет етуші күші. Ол Исаның ізбасарларына Құдайдың еркін орындауға көмектеседі. Ақыр аяғында Иса шәкірттеріне былай дейді:

— Сендер жер-жиһанға мен туралы куәлік етулерің керек.

Бұдан кейін бір ғажайып нәрсе болады. Мына суреттен көрініп тұрғандай, Иса көкке көтеріле бастайды. Сосын, оны бір бұлт жасырады да, ол шәкірттердің көзінен таса болады. Иса көкке көтеріліп, сол жақтан жерде қалған шәкірттеріне басшылық ете бастайды.