Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

105-ОҚИҒА

Иерусалимде күту

Иерусалимде күту

БҰЛ — Исаның ізбасарлары. Олар Исаның сөзіне құлақ асып, түгелдей Иерусалимде болды. Күтіп отырған кездерінде, кенеттен бір шу көтеріліп, олар отырған бүкіл үйді алып кетті. Ол қатты дауыл соққандағы шуға ұқсайтын. Сосын, әр шәкірттің басында жалаңдаған жалын тілдері пайда болды. Пайда болған жалын тілдерін көріп тұрсың ба? Бұл не болды екен?

Таңғажайып нәрсе болды! Иса көкке Әкесіне оралды да, шәкірттеріне киелі рух төкті. Киелі рухтың оларға қалай әсер еткенін білесің бе? Исаның шәкірттерінің бәрі әр түрлі тілдерде сөйлей бастайды.

Осы кезде Иерусалимге келген адамдар көп еді. Дауылды желге ұқсайтын шуды естіген олар не болғанын білгісі келіп, жиыла бастайды. Олардың арасында Иерусалимге Алғашқы өнім мейрамына келген басқа ұлттың адамдары да бар болатын. Бұл адамдар қалай аң-таң қалды десеңші! Олар Исаның шәкірттері Құдайдың ғажайып істері жөнінде өздерінің әрқайсысының ана тілінде айтып жатқанын естіп тұр.

— Мына сөйлеп жатқандардың бәрі ғалилеялықтар емес пе,— деп таңданады олар.— Бұлар қалайша біздің еліміздің тілдерінде сөйлеп тұр?

Сонда Петір орнынан тұрады да, оларға түсіндіріп береді. Ол Исаның қалай өлімге кесілгенін және қалай Ехобаның оны қайта тірілткенін бәріне естілу үшін дауыстап айтып береді.

— Енді Иса көкте Құдайдың оң қол жағында отыр,— дейді Петір. — Ол уәде еткеніндей киелі рухты төкті. Сондықтан сендер осы ғажап істерді көріп, естіп тұрсыңдар.

Петірдің сөздерінен кейін тыңдаушылардың көбісі Исаға істеген қиянаты үшін қатты өкінеді. Олар: “Енді біз не істеуіміз керек?”— деп сұрайды.

— Теріс жолдарыңнан қайтып, шомылдыру рәсімінен өтулерің керек,— деп түсіндіреді Петір. Тап сол күні үш мыңға жуық адам шомылдыру рәсімінен өтіп, Исаның ізбасары болады.