Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

106-ОҚИҒА

Түрмеден босатылу

Түрмеден босатылу

ҚАРАШЫ, періште түрменің есігін ашып, Исаның елшілерін босатып жатыр. Кел, олардың қалай түрмеге түскенін білейік.

Бұл Исаның шәкірттеріне киелі рух төгілгеннен кейін көп кешікпей болған еді. Ол былай болды: бір күні Петір мен Жохан Иерусалим ғибадатханасына келе жатты. Ғибадатхананың есігінің алдында сал болып туған біреу отыратын. Бұл кісіні күнде осында алып келетін де, ол ғибадатханаға келген адамдардан қайыр сұрайтын. Петір мен Жоханды көре сала ол тіленіп, олардың бірдеңе беруін сұрайды. Елшілер не істеді екен?

Олар тоқтайды да, қайыршыға қарайды.

— Менде ақша жоқ,— дейді оған Петір.— Дегенмен саған барымды беремін. Исаның атынан айтамын: орныңнан тұрып, жүріп кет!

Осыны айтады да, Петір оның оң қолынан ұстап, еңсесін көтереді. Сол сәтте ол ұшып тұрып, жүріп кетеді. Күллі жұрт бұл таңғажайып оқиғаға таң қалысып, үлкен қуанышқа бөленеді.

— Бұл ғажайып істі біз Исаны қайта тірілткен Жаратқан Иенің күшімен істедік,— дейді Петір. Олар бұны халыққа түсіндіріп жатқан уақытта дінбасылары келеді. Петір мен Жоханның халыққа Исаның қайта тірілгені туралы айтып жатқанын естігенде, оларды ашу кернейді. Сондықтан оларды ұстап алады да, түрмеге жаптырады.

Келесі күні дінбасыларының үлкен мәжілісі болады. Бұл мәжіліске Петір мен Жоханды және олар сауықтырған адамды да алдыртады.

— Сендер бұл ғажайып істі кімнің күшімен істедіңдер?— деп сұрайды дінбасылары.

Петір Исаны қайта тірілткен Жаратқан Иенің күшімен істегенін түсіндіреді. Діни қызметкерлер елшілер жасаған таңғажайып кереметті жоққа шығара алмағандықтан не істерін білмей дағдарып қалады. Сөйтеді де елшілерге Иса туралы айтуға тиым салып, босатып жібереді.

Күндер өтіп жатады. Елшілер болса Иса туралы уағыздап, ауруларды айықтыруды жалғастыра береді. Олардың жасаған кереметтері жайында сөздер сол өңірге тез тарап кетеді. Сондықтан Иерусалим аймағындағы қалалардан топ-топ адамдар ауруларын алып, елшілерге ағылып келіп жатады. Бұл діни қызметкерлерде қызғаныш тудырып, олар елшілерді ұстап алады да, түрмеге жаптырады. Алайда елшілер ол жерде ұзақ болмайды.

Өзің мына суреттен көріп тұрғандай, түнде періште келіп түрменің есігін ашады да:

— Шығыңдар да, ғибадатханаға барып, халыққа жария етуді жалғастыра беріңдер,— дейді. Келесі күні таңертең дінбасылары жіберген адамдар елшілердің босатылып кеткенін көреді. Кейінірек олар елшілерді ғибадатханада халыққа тәлім беріп тұрған жерінен тауып алып, жоғарғы кеңес жүретін бөлмеге әкеледі.

— Біз сендерге Иса туралы тәлім беруге қатаң тыйым салдық қой,— деп ашуланады дінбасылары.— Алайда сендер ілімдеріңді бүкіл Иерусалимге таратыпсыңдар.

Бұған елшілер:

— Біз билеуші ретінде адамдарды емес, Құдайды көбірек тыңдауымыз керек,— деп жауап береді. Сондықтан олар “ізгі хабарды” жариялауды жалғастыра береді. Бұл еліктеуге тұрарлық тамаша үлгі емес пе?