Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

107-ОҚИҒА

Степанның таспен ұрып өлтірілуі

Степанның таспен ұрып өлтірілуі

МЫНА тізерлеп тұрған кісі — Степан. Ол — Исаның адал шәкірті. Бірақ қарашы, оған не істеп жатыр! Оны таспен ұрып жатыр. Осындай тасжүректікпен өлтіретіндей, Степан бұл адамдарға неге осыншама жек көрінішті болды екен? Кел, білейік.

Жаратқан Иенің көмегімен Степан таңғажайып керемет істер жасайды. Ол мына адамдарға ұнамайды. Сондықтан олар Степанға басқаларды теріс жолға салып жүр деген жала жабады. Бірақ Тәңір Степанға даналық береді де, ол шын мәнінде жалған ілімге үйретіп жүрген олардың өзі екенін көрсетеді. Бұған олар қатты ашуланады. Бас салып Степанды ұстап алып, оған қарсы жалған куәгерлерді жинайды.

Бас діни қызметкер Степаннан:

— Бұл рас па?— деп сұрайды. Бұл сұраққа жауап ретінде Степан Киелі кітапқа негізделген тамаша сөз сөйлейді. Сөзінің аяғында ежелгі заманда зұлым адамдардың Ехобаның пайғамбарларын қалай жек көргенін айтады. Сосын, ол: “Сендер сол адамдар сияқтысыңдар. Құдайдың қызметкері Исаны өлтірдіңдер және солар сияқты Жаратқан Иенің заңына мойынсұнбайсыңдар”,— дейді.

Дінбасылары бұдан артық ашуын тежей алмайды! Оларды ашу кернеп, тістерін қайрайды. Степан болса басын көтеріп, көкке қадала қарап: “Қараңдар! Исаның көкте Құдайдың оң жағында тұрғанын көріп тұрмын”,— дейді. Ал аналар құлақтарын жауып алып, бас салып Степанды қаланың сыртына сүйрей жөнеледі.

Бұл жерде олар шапандарын шешеді де, Саул деген жас жігітті күзетіп тұруға қояды. Мына суреттен Саулды көріп тұрсың ба? Сосын, олардың бірнешеуі Степанға тас лақтыра бастайды. Ал Степан болса өзің мына суреттен көріп тұрғандай, тізерлеп тұрады да, Құдайға дұға етеді: “Ехоба, оларды бұл зұлым ісі үшін жазаламай-ақ қойшы”. Ол бұл адамдардың кейбіреулерінің діни қызметкерлердің сөздеріне алданып қалғанын біледі. Осыдан кейін Степан жан тәсілім етеді.

Егер әлдекім саған жамандық істесе, кек сақтап, сен де оған жамандық істеуге тырысып, немесе ол адам үшін Құдайдан жамандық тілер ме едің? Степан да, Иса да бұлай етпеген. Олар өздеріне жамандық істегендерге де жақсылық істеуге тырысқан. Біз де соларға еліктегейміз.