Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

1-ТАРАУ

“Ол, біздің Құдайымыз”

“Ол, біздің Құдайымыз”

1, 2. а) Сен Құдайға қандай сұрақ қояр едің? ә) Мұса Құдайға қандай сұрақ қойған?

 КӨЗ АЛДЫҢА Құдаймен сөйлесіп жатқаныңды елестете аласың ба? Мұндай ойдың өзі көңілді толқытады, өйткені сенімен сөйлесіп жатқан Әлемнің Әміршісі ғой! Алғашқыда тосылып қаларсың, бірақ кейін оған жауап қайтаруға да батылың жетеді. Ол сені тыңдап, жауап беріп, тіпті қалаған сұрағыңды еркін қоя беруіңе болатынын айтады. Сен оған қандай сұрақ қояр едің?

2 Ұзақ уақыт бұрын бір кісі тура осындай жағдайды басынан кешкен. Оның есімі Мұса. Алайда оның Құдайдан не сұрағысы келгені сені таңғалдыратын болар. Ол өзі не өзінің болашағы жайында да, тіпті адамзаттың жағдайы жайында да сұрамаған. Оның сұрағаны Құдайдың есімі болды. Бұл саған қызық көрінер, өйткені ол Құдайдың есімін білетін еді ғой. Демек, оның сұрағының мәні тереңірек болғанға ұқсайды. Шыны керек, Мұса Құдайға қоюға болатын бұдан артық сұрақ таппас та еді. Оның жауабының бәрімізге де әсері бар. Ол сенің Құдайға жақындауда маңызды қадам жасауыңа көмектеседі. Қалайша? Сол ерекше әңгімеге құлақ салып көрейікші.

3, 4. Мұса Құдаймен сөйлеспес бұрын қандай оқиға болды және сол әңгіменің түпкі мәні неде?

3 Мұса 80 жаста еді. Оның Мысыр құлдығындағы өз халқы исраилдіктерден шалғай жерде қуғында жүргеніне қырық жыл болған. Бір күні қайын атасының қойын бағып жүріп, Мұса бір қызық жайтты көреді. Бір тікенді бұта өрт болып лаулап тұрады, бірақ жанып кетпейді. Ол тау басындағы алау сияқты жалындайды да тұрады. Мұса анықтап көру үшін жақындай түседі. Лаулаған оттың қақ ортасынан дауыс шыққанда, оның жүрегі тас төбесіне шықса керек! Содан Құдай періште арқылы Мұсамен ұзақ сөйлеседі. Сөйтіп, бәлкім, мұны өзің де білерсің, Құдай қобалжып тұрған Мұсаға жайбарақат өмірін тастап, Мысырға барып исраилдіктерді құлдықтан босатуды тапсырады (Мысырдан шығу 3:1—12).

4 Міне, енді Мұса Құдайға қалаған сұрағын қоя алар еді. Алайда оның қандай сұрақ қойғанына көңіл бөлші: “Енді мен исраилдіктерге барып, “Ата-бабаларыңның Құдайы мені сендерге жіберді” десем, олар менен “Оның есімі кім?” деп сұрайды ғой. Сонда не деп жауап беруім керек?” (Мысырдан шығу 3:13)

5, 6. а) Мұсаның сұрағынан біз қандай қарапайым да маңызды шындықты білдік? ә) Құдайдың есіміне қатысты қандай сорақы әрекет жасалды? б) Неге Құдайдың адамзатқа өз есімін ашқаны сондай маңызды?

5 Бұл сұрақтан, ең алдымен, Құдайдың есімі бар екенін білеміз. Біз бұл қарапайым шындыққа жеңіл-желпі қарамауымыз керек. Сөйткенмен де көп адам солай етеді. Құдайдың есімі Киелі кітаптың көптеген аудармаларынан алынып тасталып, “Тәңір Ие”, “Құдай” деген лауазымдармен алмастырылған. Бұл — діннің атымен жасалған ең өкінішті әрі ең сорақы әрекеттердің бірі. Дей тұрса да, бейтаныс адаммен танысқанда әдетте ең алдымен не істейміз? Оның есімін сұрамаймыз ба? Құдаймен танысу да тап солай. Ол — есімі жоқ, алыс, түсініп-білуге болмайтын дерексіз бірдеңе емес. Көзге көрінбейтін болғанымен, ол — бар Тұлға, әрі оның Ехоба деген есімі бар.

6 Оның үстіне, Ехоба өз есімін ашқанда, көп ұзамай керемет әрі бірегей жайт орын алады. Ол сені өзімен танысуға шақырады. Ехоба өмірімізде ең керемет талғау жасағанымызды, яғни өзіне жақындағанымызды, қалайды. Бірақ ол бізге есімінің кім екенін айтып қана қойған жоқ, оның мәнін де түсіндірді.

Құдай есімінің мағынасы

7. а) Құдай есімінің сөзбе-сөз мағынасы қандай? ә) Құдай есімін сұрағанда, шын мәнінде, Мұса нені білгісі келген?

7 Ехоба өзіне терең мәні бар есім таңдаған. “Ехоба” деген сөзбе-сөз “ол болғызады” дегенді білдіреді. Бүкіл ғаламда ол сияқты ешкім жоқ, өйткені барлық нәрсе оның арқасында пайда болды. Сондай-ақ нені ниет етсе, соның бәрін іске асыра алады. Ол тіпті өзінің жердегі кемелсіз қызметшілерінің қандай болғанын қаласа, сондай болғыза алады. Осы ойлар көңілімізді толқытады емес пе?! Бірақ оның есімін ерекше мәнді ететін басты жайт Жаратушы екендігі ме? Мұса бұдан әлдеқайда көп нәрсе білгісі келгенге ұқсайды. Көңіл қоярлық бір жайт Құдайдың есімі беймәлім болмаған. Адамдар ғасырлар бойы оны есімімен атап келген. Мұса Құдайдың есімін сұрағанда, сол есімнің Иесі туралы білгісі келгені айдан анық. Басқаша айтқанда, ол: “Халқың Исраилдің саған сенім дамытулары әрі оларды құлдықтан шынымен азат ететініңе сенімді болулары үшін оларға сен жайлы не айтуыма болады?”— деген.

8, 9. а) Ехоба Мұсаға қалай жауап берді және оның жауабы жиі қалай бұрыс аударылады? ә) “Мен кім боламын, сол боламын” деген сөздер нені білдіреді?

8 Ехоба Мұсаға жауап бергенде, өз есімінің мәнін түсіндірген. Ол: “Мен кім боламын, сол боламын”,— деген (Мысырдан шығу 3:14, ЖД). Көптеген Киелі кітапта бұл тармақ: “Мен (Мәңгі) Бар Болушымын”,— деген сияқты сөздермен аударылған. Бірақ мұқият тәржімеленген “Жаңа дүние аудармасынан” Құдай өзінің бар екендігін ғана айтып қоймағаны көрінеді. Ол Мұсаға, сонымен қатар біздің бәрімізге, өз есімінің астарында қандай мағына жатқанын ашты. Ехоба өз еркін жүзеге асыру үшін кім болу қажет болса, ‘сол болады’, яғни өзін болғызады. Дж. Б. Ротергамның аудармасында аталмыш тармақтағы ой анығырақ жеткізілген: “Мен кім болуды қаласам, сол боламын”. Киелі кітап жазылған көне еврей тілінің бір маманы бұл сөздерді былай түсіндіреді: “Кез келген жайтқа немесе қажеттілікке орай... Құдай қиыншылықтың шешімі ‘болады’”.

9 Исраилдіктер үшін бұл нені білдірді? Исраилдіктердің алдында қандай тосқауыл болмасын, олар қандай ауыр қиыншылыққа кезікпесін, халқын құлдықтан босатып, Уәде етілген жерге кіргізу үшін жағдай кім болуды талап етсе, Ехоба сол болады. Бұл есімнің Құдайға деген сенімділік оятқандығы сөзсіз. Ол бүгінде біздің көңілімізде де сенімділік оята алады (Забур 9:11). Неге бұлай деуге болады?

10, 11. Қалай Ехобаның есімі бізді оны жан-жақты бейімделгіш әрі әке атаулының ішіндегі ең кереметі деп тануға шақырады? Мысал келтір.

10 Мынадай мысалды қарастырайық: ата-аналар балаларына қамқорлық ету үшін қаншалықты икемделгіш не бейімделгіш болу керектігін біледі. Баласы бар адам бір күннің ішінде медбике, аспаз, ұстаз, тәрбиелеуші, қазы іспетті әрекет етіп, әрі тағы сол сияқты көптеген істерді атқаруы мүмкін. Көбісіне өздеріне жүктелген сонша көп міндет тым ауыр көрінеді. Әрине, ата-аналар әкесі не анасы кез келген жарақатты жазып, кез келген дауды басып, сынып қалған кез келген ойыншықты жөндеп бере алатынына және ойларына келе қалған кез келген, тіпті тосын қойылған сұрақтарына да жауап бере алатынына еш күмәнданбайтын бүлдіршіндерінің өздеріне шексіз сенетінін байқайды. Кейбір ата-аналар мүмкіндіктерінің шектеулі екендігін сезіп, кейде салы суға кетеді. Осындай міндеттерінің көбісін атқару қолдарынан келмейтінін біліп, дәрменсіздік күй кешеді.

11 Ехоба да сүйіспеншілікке толы Әке. Бірақ ол адами балаларына ең керемет түрде қамқорлық ету үшін кім болу керек болса, сол бола алады, сөйтсе де ол мұны өзінің кемелді нормаларының аясынан шықпай жүзеге асырады. Осылайша, оның есімі — Ехоба — Құдайды әке атаулының ішіндегі ең кереметі деп тануға шақырады (Жақып 1:17). Мұса мен басқа да адал исраилдіктер Ехобаның өз есіміне сай әрекет ететінін көп ұзамай-ақ түсінген болатын. Олар демдерін іштеріне тарта, Ехобаның өзін жеңілуді білмейтін Қолбасшы, барлық табиғи құбылыстардың Иесі, теңдесі жоқ Заң шығарушы, Қазы, Сәулетші, ас-су және киім-кешекпен қамтамасыз ететін Қамқоршы әрі Жарылқаушы тағы сол сияқты болғызғанын көрді.

12. Перғауынның Ехобаға қатысты көзқарасы Мұсанікінен қалайша өзгеше болған?

12 Осылайша Құдай өз есімін мәлім етті, яғни мағынасын түсіндірді, ол тіпті өз есіміне сай әрекет ететінін де паш етті. Құдай өз есімін біздің білгенімізді қалайтыны сөзсіз. Ал біз мұны қалай қабылдаймыз? Мұса Құдайды танығысы келген. Оның сондай зор ықыласы бүкіл өмір жолына бағыт беріп, оны көктегі Әкесіне барынша жақын етті (Руларды санау 12:6—8; Еврейлерге 11:27). Алайда, бір өкініштісі, Мұсаның замандастарының бәрінің мұндай ықыласы болмады. Мұса Мысырдың өр көкірек патшасы перғауынның алдында Ехобаның есімін айтқанда, ол менсінбей: “Ехоба деген кім?”— деді (Мысырдан шығу 5:2, ЖД). Перғауын Ехоба жайында білгісі де келмеген. Керісінше, Исраилдің Құдайына көңіл қоюға тұрмайтын, түкке тұрғысыз біреу ретінде қарап, паңданып елең де қылмаған. Бүгінде мұндай көзқарас кеңінен етек алған. Мұндай адамдар үшін ең керемет шындық — Ехобаның Әлемнің Әміршісі екендігі — жасырын қалады.

Әлемнің Әміршісі Ехоба

13, 14. а) Неге Киелі кітапта Ехобаның көп лауазымдары бар және олардың кейбірі қандай? ( 14-беттегі қоршауға қара) ә) Неге тек Ехоба ғана “Әлемнің Әміршісі” аталуға лайық?

13 Ехоба кез келген жағдайға бейімделе алады, сондықтан Жазбаларда ол көптеген лауазымдармен аталған. Бірақ олардың ешқайсысы Құдайдың есімін алмастыра алмайды, жай ғана мәнін аша түседі. Мысалы, Ехоба “Әлемнің Әміршісі” деп аталады (Лұқа 2:29). Киелі кітаптың түпнұсқасында жүздеген рет кездесетін бұл жоғарғы лауазым Ехобаның дәрежесіне нұсқайды. Әлемнің Билеушісі болуға тек Ехоба ғана құқылы. Неге екендігін қарастырайық.

14 Ехобадан басқа Жаратушы жоқ. Аян 4:11-де былай делінген: “Құдай Иеміз [“Ехоба”, ЖД]! Сен ұлылық, құрмет пен билікке лайықсың. Өйткені бүкіл әлемді жаратқан Өзіңсің; Сенің еркіңмен ол жаратылды және бола да береді”. Мұндай керемет сөздер басқа ешкімге қатысты айтылуы мүмкін емес. Әлемдегі бүкіл жаратылыс пайда болғаны үшін Ехобаға борышты! Әлемнің Әміршісі әрі барлық нәрсенің Жаратушысы Ехоба құрмет, билік пен ұлылыққа лайық екендігінде дау жоқ.

15. Неге Ехоба “Мәңгілік Патша” деп аталады?

15 Тек Ехобаға ғана қатысты қолданылатын тағы бір лауазым — “Мәңгілік Патша” (Тімотеге 1-хат 1:17). Ол нені білдіреді? Түсіну қабілетіміз шектеулі болғандықтан, мұның мәніне терең бойлау қиын болғанмен, Ехоба мәңгі, яғни оның өткен кезеңі де, болашағы да шексіз. Аян 1:8-де былай делінген: “Бүкіл әлемнің Иесі — әрдайым бар, мәңгі болып келген”. Сонымен, Ехобаның тіршілік етуді бастаған кезі болмаған, ол әрдайым бар болған. Ол ‘Көне қарт’ деп орынды аталған, өйткені ол әлемдегі кез келген тірі жан мен жансыз денелер пайда болмас бұрын мәңгілік бойы тіршілік еткен (Даниял 7:9, 13, 22). Кім оның Әлемнің Әміршісі болуға құқылы екендігіне негізі бар дау айта алады?

16, 17. а) Неге біз Ехобаны көре алмаймыз, әрі неге бұған таңғалмауымыз керек? ә) Қай мағынада Ехобаның бар екені көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын нәрселерге қарағанда әлдеқайда анық?

16 Сөйтсе де кейбіреулер перғауын іспетті бұнымен дауласып жатады. Мұның бір себебі — кемелсіз адамдар әдетте өз көзімен көре алатын нәрсеге ғана сенеді. Ал Әлемнің Әміршісін біз көре алмаймыз. Ол — адам көзіне көрінбейтін рухани тұлға (Жохан 4:24). Оған қоса, ет пен сүйектен жаратылған пенде Ехоба Құдайдың алдында тұрар болса, аман қалмас еді. Ехобаның өзі Мұсаға: “Бет-жүзімді көруіңе болмайды, өйткені оны көрген пенде тірі қалмайды”,— деген (Мысырдан шығу 33:20; Жохан 1:18).

17 Бұл бізді таңғалдырмауы керек. Мұса Ехобаның салтанатты ұлылығының ұшқынын ғана көрген, оның өзінде періште арқылы болса керек. Мұның нәтижесі қандай болды? Мұсаның жүзі біраз уақытқа дейін “нұр шашып жарқырап тұрды”. Ал исраилдіктер тіпті оның жүзіне тіке қарауға қорыққан (Мысырдан шығу 33:21—23; 34:5—7, 29, 30). Олай болса, Әлемнің Әміршісін бүкіл салтанатты ұлылығында ешбір пенденің көре алмайтыны айдан анық! Алайда бұл көзбен көріп, қолмен ұстай алатын нәрселерге қарағанда, оның бар екеніне күмәндануға болады дегенді білдіре ме? Жоқ, өйткені біз жел, радио толқыны, адамның ойы сияқты өзіміз көре алмайтын нәрселердің бар екенімен еш күмәнсіз келісеміз ғой. Оның үстіне, мейлі сансыз миллиард жылдар болсын, Ехобаға уақыт билігін жүргізбейді. Осы мағынада физикалық әлемдегі көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын әрі ескіріп, құруға бейім нәрселерге қарағанда, Ехобаның бар екені әлдеқайда анық (Матай 6:19). Алайда Құдайды жай дерексіз, иесіз күш немесе түсіну қиын Алғашқы себеп ретінде қабылдауымыз керек пе? Қарастырып көрейік.

Құдай — Тұлға

18. Езекиелге қандай аян берілді және Ехобаны қоршаған “тіршілік иелерінің” төрт жүзі нені білдіреді?

18 Рас, біз Құдайды көре алмаймыз, бірақ Киелі кітапта көктегі рухани әлемдегі жайттар жөнінде аз болса да түсінік беретін оқиғалар бар. Солардың бірі Езекиел кітабының бірінші тарауында жазылған. Езекиелге аян беріліп, ол аса үлкен аспан күймесі бейнесіндегі Ехобаның бүкіләлемдік ұйымының көктегі бөлігін көреді. Әсіресе Ехобаның айналасындағы қуатты рухани жаратылыстардың қалай бейнеленгені ерекше әсерлі (Езекиел 1:4—10). Осы “тіршілік иелері” (ЖД) Ехобамен тығыз байланыста әрі олардың көріністері өздері қызмет етіп жүрген Құдай жөнінде маңызды бір жайтты ашады. Олардың әрқайсысының бұқа, арыстан, бүркіт және адам кейпіндегі төрт жүзі бар. Олар Ехобаның керемет болмысының негізін құрайтын төрт қасиетті білдіретіні анық (Аян 4:6—8, 10).

19. а) Бұқаның жүзі, ә) арыстанның жүзі, б) бүркіттің жүзі, в) адамның жүзі қандай қасиеттерді бейнелейді?

19 Киелі кітапта бұқа әдетте күштің белгісі болып табылады, әрі бұл орынды да, өйткені ол — орасан зор күші бар жануар. Ал арыстан әділдікті бейнелейді, себебі әділ болу үшін батылдық қажет. Арыстан болса батылдығымен танымал. Бүркіт бірнеше шақырымнан титтей нәрсені көре алатын көзінің өткірлігімен белгілі. Сондықтан бүркіттің жүзі — Құдайдың қырағы даналығының лайықты бейнесі. Ал адамның жүзі нені білдіреді? Адам Құдайға ұқсас болып жаратылған, әрі тек адам ғана Құдайдың басты қасиеті сүйіспеншілікті таныта алады (Жаратылыс 1:26). Ехобаның болмысының осы қырлары, яғни күші, әділдігі, даналығы мен сүйіспеншілігі, Жазбаларда өте жиі ерекше көзге түседі, сондықтан оларды Құдайдың басты қасиеттері деуге де болады.

20. Біз Құдай өзгеріп кеткен шығар деп күмәндануымыз керек пе және неге сен бұлай жауап бересің?

20 Киелі кітапта Құдай осылай бейнеленгеннен бері жүздеген жылдар өтті, онда ол өзгеріп кеткен шығар деп күмәндануымыз керек пе? Жоқ, Құдайдың болмысы өзгермейді. Ол өзі бізге былай дейді: “Мен — Ехобамын, мен өзгермеймін” (Малахи 3:6, ЖД). Ехоба сезімге беріліп, ойын өзгерте салмайды, қайта, әрбір нақты жағдайда қалай әрекет ететіндігімен өзін ең керемет Әке ретінде танытады. Ол өз болмысына тән қасиеттердің нақты жағдайға орай, ең қажеттісін паш етеді. Құдайдың барлық қасиеттерінің ең бастысы — сүйіспеншілік. Бұл — оның барлық әрекеттерінен көрініп тұратын қасиет. Ехоба күшін, әділдігі мен даналығын сүйіспеншілікпен көрсетеді. Киелі кітапта Құдай мен оның осы қасиеті туралы көңіл қоярлық бір жайт айтылған. Онда: “Құдай — сүйіспеншілік”,— делінген (Жоханның 1-хаты 4:8). Көңіл бөлші, онда Құдайда сүйіспеншілік бар немесе Құдай сүйіспеншілікке толы делінбеген, Құдайдың өзі сүйіспеншілік екені айтылған. Сүйіспеншілік — Құдайдың барлық істерінің негізінде жатқан басты қасиет.

“Ол, біздің Құдайымыз!”

21. Ехобаның қасиеттерін терең түсінген сайын не нәрсеге көзіміз жете түседі?

21 Кішкентай баланың достарына әкесін көрсетіп, жүзінде шынайы қуаныш ойнап: “Мынау менің әкем”,— деп мақтанғанын көргенсің бе? Ехобаға қатысты оның қызметшілерінің де тап осындай сезімде болуларына негіз бар. Киелі кітапта адал адамдардың: “Ол, біздің Құдайымыз!”,— деп дауыстайтын кезі келетіні алдын ала айтылған (Ишая 25:8, 9). Ехобаның қасиеттерін терең түсінген сайын, әке атаулының ішіндегі ең кереметі сенің Әкең екендігіне көзің жете түсетін болады.

22, 23. Киелі кітапта көктегі Әкеміз қалай суреттелген және оның өзіне жақындағанымызды қалайтынын біз қайдан білеміз?

22 Кейбір діндар адамдар мен пәлсапашылардың қалай үйрететініне қарамастан, біздің Әкеміз сезімсіз, қатаң емес. Мұндай сезімсіз Құдайға жақындағымыз келері екіталай, оның үстіне, көктегі Әкеміз Киелі кітапта бұлай суреттелмейді. Керісінше, онда ол “бақытты Құдай” деп аталған (Тімотеге 1-хат 1:11, ЖД). Оған күшті де, нәзік те сезімдер тән. Саналы жаратылыстары өз игіліктері үшін берілген оның басшылығын аяқ асты еткенде, Құдайдың ‘жүрегі ауырған’ (Жаратылыс 6:6, ЖД; Ишая 63:10). Ал даналықпен оның Сөзіне сай әрекет еткенде, ‘жүрегі қуанышқа бөленеді’ (Нақыл сөздер 27:11, Тт).

23 Көктегі Әкеміз біздің оған жақындағанымызды қалайды. Ол өз Сөзінде ‘қарманып жүргендей [өзін] іздестіріп, тауып алуға’ шақырады, өйткені ол ‘әрқайсысымыздан алыс емес’ (Елшілердің істері 17:27). Алайда қарапайым пенденің Әлемнің Әміршісіне қалай жақындауына болады?