Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

3-ТАРАУ

“Ехоба киелі, киелі, киелі”

“Ехоба киелі, киелі, киелі”

1, 2. Ишая пайғамбар қандай аян көрген және одан Ехоба жөнінде не білуге болады?

 КӨЗ АЛДЫНДА пайда болған көріністі көргенде, яғни Құдайдан аян алғанда, Ишая таң-тамаша қалып, өкпесі аузына тығылады. Бәрі өңінде болып жатқандай болғаны соншалық, кейінірек Ишая заңғар биік тағында отырған ‘Ехобаны көрдім’ деп жазған. Ехобаның салтанатты шапанының етегі Иерусалимдегі зәулім ғибадатхананың ішін алып жатты (Ишая 6:1, 2, ЖД).

2 Ғибадатхананың іргетасын шайқалта, зор дауыспен айтылып жатқан әнді естігенде де, Ишаяның бойын ерекше сезім билейді. Шырқап жатқан өте жоғары дәрежелі рухани тіршілік иелері серафимдер еді. Олар сазды, зор дауыстарымен: “Әлемнің Иесі [“Ехоба”, ЖД] киелі, киелі, киелі! Бүкіл дүние Оның салтанатты ұлылығына кенелген!”— деп жар салып жатты (Ишая 6:3, 4, сілтемеге қара). “Киелі” сөзінің үш рет қайталануы оған ерекше екпін түсіреді, бұл орынды да, өйткені Ехоба шексіз киелі (Аян 4:8). Киелі кітаптың басынан аяғына дейін Ехобаның киелілігіне ерекше назар аударылады. Оның есіміне қатысты көптеген тармақтарда “киелі”, “киелілік” немесе “қасиетті” деген сөздер қолданылады.

3. Ехобаның киелілігіне қатысты қандай жаңсақ ойлардың кесірінен көпшілік Құдайға жақындаудың орнына, одан бас тартуда?

3 Осыны ескерер болсақ, Ехоба біздің өзі жайлы түсінгенімізді қалайтын басты жайттардың бірі — оның киелілігі. Бірақ бүгінгі күні көп адамда осы сөздің өзі жағымсыз сезім тудырады. Кейбіреулер жаңылысып, киелі болуды паңданумен немесе құдайшыл болғансумен байланыстырады. Ал өздерін үнемі төмен санайтын адамдар үшін Құдайдың киелілігі тартымды емес, қайта, үрей тудыруы мүмкін. Олар өздерін киелі Құдайға жақындауға ешқашан лайықты бола алмайтындай сезінуі ықтимал. Сондықтан көптеген адам киелілігіне бола Құдайға теріс қарауы ықтимал. Өкінішті-ақ, өйткені Құдайдың киелілігі оған жақындау керек екендігіміздің келелі себебі болып табылады. Неге? Бұл сұраққа жауап бермес бұрын, нағыз киеліліктің не екенін қарастырып көрелік.

Киелілік деген не?

4, 5. а) “Киелілік” деген нені білдіреді және нені білдірмейді? ә) Қандай маңызды екі мағынада Ехоба “бөлінген”?

4 Құдайдың киелі екендігі ол өз-өзіне риза, тәкаппар немесе өзгелерге жоғарыдан қарайды дегенді білдірмейді. Керісінше, ол мұндай қасиеттерді жек көреді (Нақыл сөздер 16:5; Жақып 4:6). Олай болса, “киелі” сөзінің нағыз мағынасы қандай? Көне еврей тілінен “киелі” деп аударылатын сөз “бөліну” дегенді білдіретін сөздің түбірінен шыққан. Ал ғибадатқа байланысты “киелі” деген сөз кәдімгі қолданыстан бөлініп алынып, қасиетті болу мағынасында қолданылады. Сонымен қатар киеліліктен пәк тазалық пен кіршіксіздік деген ой анық көрінеді. Бұл сөз Ехобаға қатысты қалай қолданылады? Ол кемелсіз адамдардан “бөлінген”, яғни бізден өте алшақ, дегенді білдіре ме?

5 Жоқ. “Исраил сиынған Киелі” Ехоба халқына, күнәкар болғандарына қарамастан, олардың ‘арасында’ мекендейтін Құдай екенін айтты (Ишая 12:6; Ошия 11:9). Демек, киелілігі оны бізден алшақ етпейді. Онда қалайша ол “бөлінген”? Маңызды екі мағынада: біріншіден, ол — Ең жоғарғы әрі осы мағынада барлық жаратылыстан бөлінген. Оның тазалығы мен кіршіксіздігі толық әрі мінсіз (Забур 39:6; Марқа 5:7, сілтемеге қара). Екіншіден, Ехоба күнә атаулыдан мүлдем “бөлінген”. Ал бұл болса бізге жұбаныш береді. Неге?

6. Неліктен Ехобаның күнәдан мүлдем бөлек екендігі бізге жұбаныш береді?

6 Біз нағыз киелілік сирек кездесетін дүниеде өмір сүріп жатырмыз. Құдайдан безген адамзат қоғамымен байланыстағы нәрселердің бәрін күнә мен кемелсіздік азды-көпті былғаған, яки арамдаған. Бәріміз де бойымыздағы күнәмен күресуіміз керек. Сақ болмасақ, бәріміз үшін де күнәнің шырмауында қалу қаупі төніп тұр (Римдіктерге 7:15—25; Қорынттықтарға 1-хат 10:12). Ал Ехоба үшін мұндай қауіп жоқ. Ол күнә атаулыдан мүлдем алшақ, оның болмысында ешқашан күнәнің титтей дағы да болмайды. Бұл Ехобаның ең керемет Әке екендігіне тағы да біздің көзімізді жеткізе түседі, өйткені бұл оған толық сенім артуға болады дегенді білдіреді. Күнәкар әкелерден ерекшелігі Ехоба ешқашан бұзылып, өнегесіз не залым болып кетпейді. Оның киелілігі мұндай нәрселерге мүлдем жол бермейді. Бірде Ехоба киелілігінен артық еш нәрсе адамға толық сенімділік бере алмайтынын көрсетіп, тіпті өз киелілігімен ант еткен (Амос 4:2). Бұл біз үшін жұбаныш емес пе?

7. Неге киелілік Ехобаның болмысының ажырамас бөлігі деуге болады?

7 Киелілік — Ехобаның болмысының ажырамас бөлігі. Бұл нені білдіреді? Мысалы, “пенде” және “кемелсіздік” деген сөздерді қарастырып көрейік. Аталмыш екі сөзді бір-бірінен дербес түсіндіре алмайсың. Кемелсіздік біздің бойымызға әбден сіңген, әрі әрбір ісімізде оның әсері байқалып тұрады. Ал енді “Ехоба” және “киелі” деген екі түрлі сөзді қарастырайық. Ехобаның болмысы тұнған киелілік. Онымен байланысы бардың бәрі таза да әділ. “Киелі” деген сөздің мағынасын түсініп алмайынша, біз Ехобаның шын мәнінде қандай екенін біле алмаймыз.

“Киелілік Ехобаға тиесілі”

8, 9. Ехоба адамзаттың қандай да бір шамада киелі болуына көмектесетіні неден көрінеді?

8 Ехоба киелілік қасиетінің бейнесі болғандықтан, оны орынды түрде киеліліктің қайнар көзі деуге болады. Ол бұл бағалы қасиетті өзі ғана иемденіп қоймай, өзгелерге де дарытады, әрі мұны жомарттықпен істейді. Мысалы, Құдай Мұсамен жанып тұрған бұтаның жанында періште арқылы сөйлескенде, Ехобамен байланысы болғандықтан, тіпті бұтаның айналасы да киелі болып кетеді! (Мысырдан шығу 3:5)

9 Кемелсіз адамдар Ехобаның көмегімен киелі бола ала ма? Иә, белгілі бір шамада бола алады. Мысалы, Құдай Исраил халқына ‘қасиетті халық’ болу мүмкіндігін берген (Мысырдан шығу 19:6). Ол сол халыққа батасын төгіп, киелі, таза да кіршіксіз ғибадат ету құрылымын орнатты. Киелілік — немесе қасиеттілік — Мұсаның заңында оқтын-оқтын қайталанып отыратын тақырып. Бас діни қызметкер шалмасының маңдай тұсына жарыққа шағылысып жалт-жұлт еткенін бәрі көре алатындай етіп алтын тақташа тағып жүретін. Тақташаға: “Киелілік Ехобаға тиесілі”,— деген сөздер ойып жазылатын (Мысырдан шығу 28:36, ЖД). Осылайша олардың ғибадаттарын, сондай-ақ, әрине, өмір салттарын да, тазалық пен кіршіксіздік ерекшелендірген. Ехоба оларға: “Қасиетті болыңдар, себебі Жаратушы, сендердің Құдайларың, мына Мен киелімін”,— деген (Леуіліктер 19:2). Исраилдіктер Құдайдың кеңесін ұстанғанда, кемелсіз адамға мүмкін шамада, қандай да бір мағынада киелі болған.

10. Ежелгі Исраил мен оның айналасындағы өзге халықтардың арасында киелілікке қатысты қандай айырмашылық болған?

10 Бұл өзге халықтардың ғибадатынан қатты ерекшеленетін. Зұлым, ашкөз, азғын құдайлар ретінде бейнеленетін сол пұтқа табынушы халықтар құлшылық еткен тәңірлер, шындығына келгенде, тіршілік етпейтін әрі жалған болатын. Олар киеліліктен жұрдай еді. Мұндай тәңірлерге құлшылық ету киелі етпейтін, қайта, арамдайтын. Сондықтан Ехоба өз халқына пұтқа табынушылар мен олардың лас діни жораларынан аулақ жүруді ескерткен (Леуіліктер 18:24—28; Патшалықтар 3-жазба 11:1, 2).

11. Ехобаның ұйымының көктегі бөлігінің киелілігін а) періштелер, ә) серафимдер, б) Иса қалай көрсетеді?

11 Сөйткенмен де ежелгі Исраил халқы, ары кеткенде, Ехобаның ұйымының көктегі бөлігінің киелілігінің тек мұнартқан елесін ғана көрсете алған болар еді. Құдайға адал қызмет етіп жүрген миллиондаған періштелер қасиеттілер деп аталады (Заңды қайталау 33:2; Яһуда 14). Олар Құдайдың киелілігінің нұрлы да таза сұлулығын кемелді түрде көрсетеді. Ишая аянда көрген серафимдерді есіңе түсірші. Олар шырқаған әннің сөздерінен Ехобаның киелілігі бүкіл әлемге белгілі болу үшін сол қуатты рухани жаратылыстардың маңызды рөл атқаратыны көрінеді. Бірақ олардың бәрінен жоғары тағы бір рухани жаратылыс бар, ол — Құдайдың жалғыз Ұлы. Иса — Ехобаның киелілігінің ең асқақ бейнесі. Сондықтан ол орынды түрде “Құдайдың Киелісі” деп аталады (Жохан 6:68, 69, сілтемеге қара).

Киелі есім және киелі рух

12, 13. а) Неге Құдайдың есімі орынды түрде киелі деп аталады? ә) Неге Құдайдың есімі барлық жаладан тазаруы тиіс?

12 Құдайдың өз есімі жөнінде не деуге болады? Бірінші тараудан көргеніміздей, оның есімі жай ғана лауазым не эпитет емес. Ол, барлық қасиеттерін қоса алғанда, Ехоба Құдайдың болмысын білдіреді. Сондықтан Жазбаларда оның “есімі киелі” делінген (Лұқа 1:49). Мұсаның заңы бойынша, Құдай атын қорлаған адам өлім жазасына кесілетін (Леуіліктер 24:16). Ал Иса дұғасында нені бірінші орынға қойғанын қарашы: “Көктегі Әкеміз! Сенің киелі есімің қастерлене берсін” (Матай 6:9). Бірдеңені қастерлеу деген оны қадір тұтып, қасиетті де киелі санауды білдіреді. Бірақ Құдайдың есімі сияқты онсыз да таза нәрсені қастерлеудің қажеті не?

13 Құдайдың киелі есімі қараланды; өтірік пен жалған оған дақ салды. Шайтан Едем бағында Ехобаға жала жауып, оның билігі әділетсіз дегенге меңзеді (Жаратылыс 3:1—5). Содан бері Шайтан — киеліліктен жұрдай қазіргі дүниенің әміршісі — Құдай туралы сол өтіріктің тарала беруі үшін қолынан келгеннің бәрін істеп келеді (Жохан 8:44; 12:31; Аян 12:9). Діндер Құдайды озбыр, сезімсіз де қатыгез етіп бейнелейді. Олар өздерінің қан судай ағатын соғыстарын Құдай қолдап отыр дейді. Құдайдың керемет жаратылысына тиесілі құрмет жиі соқыр кездейсоқтыққа немесе эволюцияға көрсетіліп жатады. Иә, Құдайдың есіміне күйе жағылып, жала жабылуда. Расында да, ол қастерленіп, өзіне тиесілі даңқты қайта иеленуі тиіс. Біз Ехоба өз есімін барлық жаладан біржолата тазартатын күнді аңсаймыз. Ол мұны Ұлы билік ететін Патшалық арқылы жасайды. Осы ұлы ниет жүзеге асу үшін қуана-қуана өз үлесімізді қосқымыз келеді.

14. Құдайдың рухы неге киелі деп аталады және киелі рухты қорлау неге ауыр күнә болып есептеледі?

14 Ехобамен тығыз байланыстағы әрі әрқашан дерлік киелі аталатын тағы бір нәрсе бар. Бұл — оның киелі рухы, немесе “әрекет етуші күші” (Жаратылыс 1:2, ЖД). Ехоба ештеңе тең келмейтін осы күшін өз ниеттерін жүзеге асыру үшін қолданады. Ехобаның барлық ісі киелі, таза да кіршіксіз, сондықтан оның әрекет етуші күші орынды түрде киелі рух, немесе қасиеттілік рухы, деп аталады (Лұқа 11:13; Римдіктерге 1:4, сілтемеге қара). Киелі рухты қорлау, бұған саналы түрде Ехобаның еркіне қарсы шығу да кіреді, кешірілмейтін күнә болып есептеледі (Марқа 3:29).

Ехобаның киелілігі бізді оған жақындатады

15. Ехоба киелі болғандықтан, неге оған ұнамды, қастерлі қорқыныш сезінгеніміз орынды және мұндай қорқыныш нені білдіреді?

15 Киелі кітапта неліктен Құдайдың киелілігі оған ұнамды, қастерлі қорқынышпен байланыстырылатынын түсіну қиын емес. Мысалы, Аян 15:4-те келесі сөздер жазылған: “Жаратқан Ие, кім Сенен қорықпас? Сенің атыңның ұлылығын жариялаудан кім бас тартпақ? Жалғыз Сен ғана толықтай қасиеттісің!” Бұл қорқыныш — терең қастерлеу сезіміне бөленіп, барынша қадір тұту. Құдайдың киелілігі бізден сонша жоғары болғандықтан, мұндай сезімде болу орынды да. Киелілік кіршіксіз таза әрі ғажап. Сөйтсе де бұл бізді Құдайдан алшақтатпауы керек, керісінше, оның киелілігіне деген дұрыс көзқарас оған жақындата түседі. Неге бұлай деуге болады?

16. а) Киеліліктің сұлулықпен немесе салтанатпен қандай байланысы бар? Мысал келтір. ә) Пайғамбарлар алған аяндарда Ехобаның қалай суреттелгені киелілік, тазалық пен жарыққа қалайша ерекше назар аударылады?

16 Киелі кітапта киелілік сонымен қатар салтанаттылықпен, немесе сұлулықпен, байланыстырылады. Ишая 63:15-те көк Құдайдың ‘қасиетті, салтанатты мекені’ ретінде суреттелген. Сұлулық пен салтанаттылық адамды өзіне баурап тұрады. Мысалы, 33-беттегі суретке қарашы. Оған қарай бергің келіп тұрады емес пе? Оны сонша тартымды етіп тұрған не? Судың қандай мөлдір екеніне көңіл аударшы. Аспан көкпеңбек, күн нұр шашып тұр, соған қарағанда, ауа да таза болу керек. Егер тап осы суретте бұлақ қоқысқа толған, ағаштар мен тастарға сурет салынып тасталған, ал ауада көк түтін тұрса, ол саған тартымды көрінбек түгіл, оған қайтадан қарағың да келмейтін болса керек. Біз киелілікті бірден тазалық, кіршіксіздік және жарықпен байланыстырамыз. Ехобаның киелілігін суреттеу үшін де осы сөздерді қолдануға болады. Сондықтан аянда Ехобаның бейнесін көрген пайғамбарлардың оны қалай суреттейтіні бізді таң-тамаша қалдыратындығы түсінікті. Киелі Құдайымыздың сән-салтанатты сұлулығы былай суреттеледі: көз шағылыстыратын жарық нұр төккен, асыл тастардай сәуле шашқан, алаулаған оттай немесе ең таза әрі бағалы металдай жалтыраған (Езекиел 1:25—28; Аян 4:2, 3).

Сұлулық тартымды, тап солай киелілік те өзіне тартып тұрады

17, 18. а) Ишая аян көргенде, алдымен қандай сезімде болған? ә) Ехоба Ишаяны жұбату үшін серафимді қалай қолданған және оның әрекетінде не нәрсе ерекше көңіл қоюға тұрарлық?

17 Алайда Құдайдың киелілігімен салыстырғанда өзімізді төмен сезінуіміз керек пе? Әрине. Негізінде, біз Ехобадан шын мәнінде төменбіз, біздің арамыздағы айырмашылықты сөзбен айтып жеткізе де алмайсың. Мұны білгеніміз Ехобадан алшақтатуы керек пе? Серафимдердің Ехобаның киелілігін жариялап жатқанын естігенде, мұның Ишаяға қалай әсер еткенін қарашы. “Сонда мен: — Қасіретке қалдым-ау, енді құритын болдым! Себебі мен күнәкармын, аузымнан шыққан сөздерім арам. Және сөйлеген сөздері арам халықтың арасында тұрып жатырмын. Сонда да мен Патшаны, Әлемнің Иесін, өз көзіммен көрдім!— дедім” (Ишая 6:5). Иә, Ехобаның шексіз киелі екендігі Ишаяның өзі қаншалықты күнәлі де кемелсіз екенін есіне салған. Алғашқыда, сол адал кісінің ұнжырғасы түсіп кетеді. Бірақ Ехоба оны мұндай күйде қалдырмайды.

18 Бір серафим лезде пайғамбарды жұбатады. Қалай? Зор күші бар сол рух құрбандық шалатын үстелге ұшып барып, шоқ алып, Ишаяның аузына тигізеді. Бұл жұбатудан гөрі, жанына батырып ауыртқандай көрінер. Алайда мұның бейнелі мағынаға толы аян екендігі есіңде болар. Адал яһуди Ишая ғибадатханадағы құрбандық үстелінде шалынатын мал күнәні өтейтіндігін жақсы білген. Серафим Ишая кемелсіз, “аузынан шыққан сөздері арам” болса да, Құдай алдында таза бола алатынын сүйіспеншілікпен оның есіне салған a. Ехоба кемелсіз, күнәкар адамды, мейлі белгілі бір шамада болсын, киелі деп қарастыруға даяр болған (Ишая 6:6, 7).

19. Кемелсіз болғанымызға қарамай, қалайша белгілі бір шамада киелі болуымыз мүмкін?

19 Бүгінгі күні де тап солай. Иерусалим ғибадатханасында шалынатын бүкіл құрбандықтар әлдеқайда зор нәрсенің, яғни б. з. 33 жылы Иса Мәсіх ұсынған кемелді құрбандықтың, нышаны ғана болған (Еврейлерге 9:11—14). Егер біз күнәларымызға шынымен өкінетін, теріс жолдан қайтатын және Исаның құрбандығына сенім көрсететін болсақ, кешірілеміз (Жоханның 1-хаты 2:2). Сондай-ақ Құдай алдында таза боламыз. Сондықтан елші Петір: “Киелі жазбада Оның “Қасиетті болыңдар, себебі Мен қасиеттімін!” дегені бар ғой”,— деп есімізге салады (Петірдің 1-хаты 1:16). Көңіл бөлші, Ехоба өзі қалай киелі болса, біз де тап солай киелі болуға тиіс екенімізді айтпаған. Ол ешқашан қолымыздан келмейтінді талап етпейді (Забур 102:13, 14). Қайта, ол киелі, немесе қасиетті, болыңдар, себебі мен киелімін деген. “Сүйікті рухани баласы” ретінде, кемелсіз адамдарға мүмкін шамада, біз қолымыздан келгенше оған еліктеуге тырысамыз (Ефестіктерге 5:1). Сонымен, киелілікке жету — тоқтамайтын процесс. Рухани өскен сайын, ‘киелілікті жетілдіре’ түсу үшін күнделікті күш саламыз (Қорынттықтарға 2-хат 7:1, ЖД).

20. а) Неліктен киелі Құдайымыздың көз алдында таза бола алатынымызды түсінгеніміз маңызды? ә) Ишаяға күнәларынан тазарғанын білгені қалай әсер еткен?

20 Ехоба әділ әрі таза нәрсені жақсы көреді, ал күнәні жек көреді (Аббақұқ 1:13). Бірақ ол бізді жек көрмейді. Егер біз күнәға оның көзімен қарайтын, яғни жамандықты жек көріп, жақсылықты сүйетін, сондай-ақ Мәсіх Исаның кемелді үлгісіне еліктеуге тырысатын болсақ, Ехоба күнәларымызды кешіреді (Амос 5:15; Петірдің 1-хаты 2:21). Киелі Құдайымыздың көз алдында таза бола алатынымызды түсінгеніміздің әсері өте зор болады. Есіңде ме, Ехобаның киелілігі Ишаяға ең алдымен өзінің таза еместігін есіне салған еді ғой. Ол: “Қасіретке қалдым-ау”,— деген. Бірақ күнәларынан тазарғанын түсіне сала, оның көзқарасы өзгерді. Ехоба белгілі бір тапсырманы өз еркімен кім орындайтынын сұрағанда, оның не қылған тапсырма екенін білмесе де, Ишая бірден жауап берген. Ол: “Мен бармын, Ием. Мені жібере гөр”,— деп дауыстайды (Ишая 6:5—8).

21. Киелілік дамыта алатынымызға сенімді болуға қандай негіз бар?

21 Біз киелі Құдайымызға ұқсас болып жаратылғанбыз, әрі бізде моральдық қасиеттер мен рухани нәрселерді түсіну қабілеті бар (Жаратылыс 1:26). Бәріміз де бойымызда киелілік дамыта аламыз. Оны әрдайым жетілдіре берер болсақ, Ехоба қуана қол ұшын береді. Ал бұлай еткеніміз киелі Құдайымызға барынша жақындата түседі. Сонымен қатар кейінгі тарауларда талқыланатын Ехобаның қасиеттеріне тереңірек үңілген сайын, оған жақындаудың анағұрлым салмақты себептері бар екенін көреміз!

a Кемелсіз адамдардың жасаған күнәларының көбісі сөйлеу қабілеттерін қалай қолданғандарының нәтижесінде болып жатады (Нақыл сөздер 10:19; Жақып 3:2, 6).